Добавить новость
ru24.net
World News
Сентябрь
2026
1 2 3 4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Қазақстандағы “мерзімсіз куәліктерді“ ауыстыру қажет пе: ІІМ жауап берді

0

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды жарамдылық мерзімі 2051 жылға дейін көрсетілген жеке куәлік таңғалдырды. Желі қолданушылары мұндай құжатты ауыстыру қажет пе және ХҚКО-ларда немесе банктерде қиындықтар туындамай ма деген сауалдар төңірегінде пікірталас тудырды. Tengrinews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінен жауап алды.
"90 жасқа келгенде бір-ақ ауыстырады": бұл қалай болғаны?
Желідегі қызу талқыға қазақстандық бойжеткеннің әлеуметтік желілердегі жазбасы себеп болды. Ол әкесінің жеке куәлігін көрсетіп, құжаттың ерекше мерзіміне назар аудартты: құжат 2007 жылдың ақпанында берілген, ал оның жарамдылық мерзімі 2051 жылдың желтоқсанына дейін деп көрсетілген.

"Мұндайды көрдіңіздер ме? Әкемнің жеке куәлігін, Құдай қаласа, 90 жасқа келгенде бір-ақ ауыстырады екен. Кім осындай мерзімді көрген?" – деп жазды автор.

Threads желісіндегі қолданушы @dr.albina_cossmo-ның фотосы
"Ауыстырып алған жөн": қазақстандықтар не дейді?
Пікір қалдырушылардың айтуынша, мұндай куәліктер олардың жақындарында да сақталған.
Сонымен қатар қолданушылар мерзімінің аяқталуын күтпей, ескі куәлікті алдын ала ауыстыруға кеңес берді. Олардың сөзінше, мұндай құжаттармен ХҚКО-ларда және басқа да қызметтерді алу кезінде кейде қиындықтар туындайды.

"Ауыстырып алған дұрыс, әкемдікі 2046 жылға дейін болатын. Биыл жүргізуші куәлігін ауыстырарда, жеке куәлігін жаңартпайынша бермеді. Менің де, анамның да куәгер болып, түсініктеме жазуымызға тура келді. Қысқасы, әуре-сарсаңы көп, қазірден ауыстырып алыңыздар", – деп жазды желі қолданушысы.

Threads желісіндегі жазбаның астындағы пікірлер
Талқылауға қатысқан тағы бір адам ұқсас жағдай туралы айтып берді.

"Биыл ауыстырған дұрыс, себебі құжаттарға қатысты қандай да бір жағдай туындаса, ХҚКО мен соған ұқсас мекемелер бұл ескі куәлікті қабылдамайды. Басымнан өткен соң айтып отырмын", – деп жазды ол.

Дегенмен, өзге пікір білдірушілер ескі үлгідегі куәліктерді еш қиындықсыз пайдаланып жүргендерін алға тартты.
"Мәңгілік" куәліктер қайдан шықты?
ІІМ түсіндіруінше, 1995 жылдан бастап 2009 жылдың тамызына дейін жеке куәліктің жарамдылық мерзімі иесінің жасына байланысты болған:

16-дан 25 жасқа дейін;
25-тен 45 жасқа дейін;
45 жастан бастап – өмір бойына немесе ұзақ мерзімге берілген.

Сондықтан сол жылдары 45 жастан асқан азаматтар бірнеше онжылдыққа немесе өмір бойына жарамды куәлік ала алған.
2009 жылдың тамызында ереже өзгерді. Қазір Қазақстанда жеке куәлік 10 жыл мерзімге беріледі.
Ескі куәлікті ауыстыру міндетті ме?
Жоқ. ІІМ жеке куәлікті тек ескі үлгіде болғаны үшін ғана ауыстырудың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Егер құжаттың жарамдылық мерзімі өтпесе және оны ауыстыруға басқа себептер болмаса, оны пайдалана беруге болады.

"Ескі үлгідегі жеке куәліктер, соның ішінде электронды ақпарат тасығышы (чипі) жоқ құжаттар, егер оларда көрсетілген жарамдылық мерзімі өтпесе, тек ескі үлгіге жататындығына байланысты міндетті түрде ауыстыруға жатпайды. Егер жеке куәлікте жарамдылық мерзімі, мысалы, 2051 жылға дейін деп көрсетілсе, ол сол күнге дейін заңды күшін сақтайды", – деп хабарлады ІІМ.

Қалаған жағдайда иесі оны мерзімінен бұрын ауыстыра алады.
Міндетті түрде ауыстыру мына жағдайларда талап етіледі:

егер жарамдылық мерзімі аяқталса;
иесінің деректері өзгерсе;
құжат жарамсыз болып қалса (бүлінсе);
немесе ол арқылы тұлғаны сәйкестендіру мүмкін болмаса.

Ал егер ескі куәлікті қабылдаудан бас тартса ше?
ІІМ ескі құжаттарға қатысты туындауы мүмкін мәселелерге жеке тоқталды. Кейбір қызметтерді алу кезінде ұйым құжат мәліметтерін цифрлық жүйелер арқылы қосымша тексере алады.

"Қолданыстағы жеке куәлікті қабылдаудан бас тартқан жағдайда, азаматқа бас тарту себебін анықтап, құжат туралы мәліметтерді қосымша тексеру үшін тиісті ұйымға жүгіну ұсынылады", – деп мәлімдеді ІІМ.

Жарты миллион қазақстандық әлі де ескі куәлікпен жүр
ІІМ-нің 2026 жылғы 28 тамыздағы мәліметі бойынша, 500 мыңға жуық қазақстандық әлі күнге дейін қолданыстағы ескі үлгідегі ламинатталған куәліктерді пайдаланып келеді.
2026 жылдың басынан бері тағы 500 мыңға жуық адам мерзімі аяқталуына байланысты куәліктерін ауыстырған. Ал 2025 жылы мұндай өтінімдер саны бір миллионға жуық болды.
Мерзімі өткен куәлік үшін айыппұл салына ма?
Иә. Жарамсыз жеке куәлікпен тұрғаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында қарастырылған.
ІІМ құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған бойда бірден айыппұл салынбайтынын атап өтті. Егер азамат мерзімі өткен жеке куәлікпен 10 күннен бір айға дейінгі уақыт бойы жүрсе, оған ескерту жасалады. Бір айдан асса – 7 АЕК (2026 жылға 30 275 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
2026 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы бойынша 200 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2025 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 177 мыңды құраған болатын.
Анықтама: Дегенмен, бұл статистика тек мерзімі өткен куәліктерді ғана емес, сонымен қатар құжатсыз немесе тіркеусіз тұру жағдайларын да қамтиды.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап ІІМ қазақстандықтарға құжат ауыстыру қажеттілігі туралы алдын ала ескертіп келеді: куәліктің мерзімі аяқталуға 30 күн қалғанда SMS-хабарлама жіберіледі.




Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса