Тоқаев халық жазушысы Валерий Михайловты құттықтады
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловқа құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
"Табиғи талантыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылық жолыңызда ерен табысқа қол жеткіздіңіз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, "Казахстанская правда" газеті мен "Простор" журналын басқардыңыз. Адамгершілігі мол әрі өмірлік ұстанымдарынан айнымаған тұлға ретінде қаламгерлер арасында және қоғамда үлкен құрметке бөлендіңіз", – деп жазылған жеделхатта.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырман қызыға оқитын шығармалары төл әдеби қазынамыздың бір бөлшегі ретінде лайықты бағаға ие болғанына назар аударды.
Еске салайық, бұған дейін Президент жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
