“Видео түсіріп жатырмыз“. Жасөспірімдердің өтініші ақшадан айырылуға әкеп соғуы мүмкін
"Тосын сый-бокстарды" (мистери-бокс, құпия қораптар) ашу сәті түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап жатыр. Олардың танымалдылығының формуласы қарапайым: сатып алушыға салыстырмалы түрде арзанға қымбат сыйлықтар ұту мүмкіндігі уәде етіледі. Алайда әдемі қаптама мен қызығушылықтың артында арзан тауар, қолдан жасалған бұйым немесе құны қораптың бағасынан да төмен зат болуы мүмкін. Толығырақ - Tengri Life материалында.
Тосын сый-бокстар деген не?
Тосын сый-бокс (mystery box) - бұл ішінде не бар екені алдын ала белгісіз сатып алуға негізделген қорап.
Тосын сый-бокстың мәні қарапайым: сатып алушы белгіленген соманы төлейді, бірақ қораптың ішінде не бар екенін алдын ала білмейді. Сатушылар кездейсоқ тауарлар арасында Apple техникасы, брендтік зат, сағат немесе басқа да құнды бұйым болуы мүмкін деген уәдесімен қызығушылықты арттырады.
@tynymbayeva
Келініне сыйлаймын деп бірден шешті ????
♬ түпнұсқа дыбыс - Жанна Тынымбаева
Тосын сый-бокстар әлеуметтік желілердегі видеолардың арқасында ерекше танымал болды. Пайдаланушылардың мұндай форматқа көзқарасы әртүрлі: бірі мұны қызықты ойын және құнды тауарды арзанға алу мүмкіндігі деп санаса, енді бірі мұндай сатып алуларды қауіпті деп есептеп, сатушыларды алдап соқты деп күдіктенеді.
"Осындай мейірімді жандар көп болса екен", "Мекенжайын жазыңызшы, егер бұл шын болса, өзім барып 5000 теңгеге қорап сатып аламын", "Сыйлықтар мен жақсы көңіл-күй үшін сізге көп рахмет", - деп жазылған пікірлерде.
"Бұл не қылған қызық, блогерлер қымбат сыйлықтарды оңай тарата салады", "Көзбояушылық болғаны өкінішті", "Лохотрон", - деп ашуланады басқалары.
Айта кетерлігі, Mystery Box форматының өзі ешқандай қауіп төндірмейді. Бұл адам ішінде нақты қандай тауар болатынын алдын ала білмейтін ерекше сатып алу тәсілі ғана. Әдетте бұл - ішінде пайдалы әрі тақырыптық тұрғыдан іріктелген тауарлары бар (косметика, тәттілер, аксессуарлар, гаджеттер, алтын немесе басқа заттар) кәдімгі сауда форматы. Басты ерекшелігі - сатып алушы жиынтықтың нақты құрамын алдын ала білмейді.
Тосын сый-бокстар қайда сатылады?
"Тосын сый-бокстарды" сату ТМД елдерінің ірі қалаларында, соның ішінде Қазақстанда да жиілеп кетті. Жасөспірімдер мен жастар сауда орталықтары маңында, саябақтар мен демалыс аймақтарында салыстырмалы түрде арзанға қымбат сыйлық алуға болатынын айтып, көпшіліктің назарын аударады.
@anastasiya.daineka
Қалай ойлайсыз, оларды қуанта алдым ба? Мені жоғалтып алмаңыздар, мүмкін сіздермен де кездесіп қалармыз☺️
♬ түпнұсқа дыбыс - НАСТЯ ДАЙНЕКО
Алайда қораптың ішіндегі зат сатып алушылардың үмітін ақтай бермейді. Уәде етілген қымбат "олжаның" орнына ішінде құны төленген сомадан әлдеқайда төмен тауар болуы мүмкін.
"Ішінде iPhone болуы мүмкін"
Барлық сатушы адал жұмыс істей бермейді. Тосын сый-бокстарға қатысты басты шағымдардың бірі - белгісіздік сатып алушының пайдасына ғана жұмыс істемейді. Қорап жабық тұрғанда, оның ішіндегі заттың нақты құны мен сапасын тексеру мүмкін емес.
Мәселен, Алматы тұрғыны "Тосын сый-бокс" атты күмәнді схеманың құрбаны болғанын айтты. Қыздың сөзінше, қаладағы сауда орталықтардың бірінде жастар оған ойынға қатысып, 50 мың теңгеге құпия қорап сатып алуды ұсынған. Жарияланым авторының айтуынша, бұл ретте оған ішінде iPhone, құлаққап немесе ақша болуы мүмкін деп уәде берген.
Threads-тен скриншот
Қыздың айтуынша, сатушылар қораптың "ұтыссыз емес" екеніне және оның ішіндегі зат кез келген жағдайда төленген сомадан кем болмайтынына сендірген.
"Қораптың "ұтыссыз" екеніне, бұл "маркетингтік тәсіл" екеніне және кем дегенде 50 мың теңге нақты қайтатынына сендірді. Сонымен қатар мені инстаграмға саламыз деп видеоға түсіріп алды", - деді қыз.
Нәтижесінде қорап ішінен қыз жалған деп есептеген құлаққап шыққан. Айтуынша, ол қолданылған және кір болған. Бұл ретте жарияланым авторы қораптың өзі түпнұсқа тауардың қаптамасына ұқсас және мөрленген күйде болғанын айтады. Оқиғадан кейін қыз полицияға арыз жазған.
Әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Threads-те осыған ұқсас жағдайлар туралы айтқан пайдаланушылардың хабарламалары көп.
Threads-тен скриншот
Анықтама: Материал жарияланған сәттегі ақпарат әлеуметтік желі пайдаланушыларының айтқандарына негізделген және тексеруді қажет етеді. Нақты адамдарға қатысты алаяқтық жасау дерегін уәкілетті органдар анықтауы тиіс.
Заң не дейді?
"Тосын сый" мен сатып алушыны алдаудың ара-жігі қайда? Біз құқық қорғау органдары тосын сый-бокстардың сатылуын қалай бағалайтынын және уәде етілген құнды сыйлықтың орнына арзан тауар алған жағдайда қазақстандықтар не істеуі керек екенін білу үшін Ішкі істер министрлігіне хабарластық.
Ведомство қазақстандықтарды мұндай сатып алуларға сақтықпен қарауға шақырды. Бұл ретте мұндай әрекеттерге берілетін құқықтық баға сатушының тауарды нақты қалай ұсынатынына байланысты.
Сауда онлайн-платформада емес, тікелей көшеде жүргізілгенде ерекше сақ болу керек. Бұл әдіс өте тартымды көрінеді. Сатушылар адамдарға келіп, "құпия қорапты" сатып алуды ұсынады. Белгілі бір сомаға қымбат смартфон, Apple техникасын, брендтік аксессуар немесе басқа да құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігін уәде етеді. Кейде бұл процесс әлеуметтік желілер үшін камераға түсіріліп жатады. Алайда ақша төлегеннен кейін бұл қызықтың соңы жарнамалық роликтегідей болмай шығуы мүмкін.
Егер сатушы сатып алушыны әдейі адастырса, мысалы, сатып алушының ол затты ала алмайтынын біле тұра, құнды немесе брендтік тауарды уәде етсе - мұндай әрекеттерде алаяқтық белгілері болып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Мұндай затты қайтаруға бола ма?
Егер сатушы қорап ішіндегі зат кездейсоқ екенін ашық айтса, бірақ заттың ақауы болса немесе сипаттамасына сәйкес келмесе, ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 14 және 29-баптары қолданылады. Сіз тауарды айырбастауға немесе қайтаруға құқылысыз.
Сатып алу фактісін растайтын айғақтарды: чекті, сатушымен хат алмасуды, жарнамалық жарияланымдарды, суреттер мен видеоларды, сондай-ақ ақша аударымы туралы мәліметтерді сақтап қою керек.
"Бұл ретте Mystery Box сатудың әрбір фактісі сату тәсілін, жарнамалық ұсыныстар мазмұнын, сатушының ниетін және болған оқиғаның нақты мән-жайын ескере отырып, жеке бағалануы тиіс", - деп атап өтті ІІМ.
Көлеңкелі ойын бизнесі ме?
Бұл форматтың екінші жағы да бар. ІІМ "тосын сый қораптармен" байланысты тәжірибе жекелеген жағдайларда лотерея немесе ойын қызметін реттейтін нормаларға жатқызылуы мүмкін екенін атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстанда лотерея және ойын қызметі заңнамалық деңгейде қатаң реттеледі және мемлекет тарапынан бақыланады.
Мәселен, ресми оператор емес тұлға лотерея өткізгені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ҚР ӘҚБтК) 445-1-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Егер мәселе заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру туралы болса, қылмыстық жауапкершілік болуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 307-бабы ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастырғаны үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, мүлкін тәркілей отырып, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын қарастырады.
Сатып алмас бұрын нені тексеру керек?
Уәде етілген "сыйлықтың" орнына арзан немесе сапасыз тауар алып қалмау үшін қазақстандықтарға мынадай кеңес беріледі:
сатушы туралы мәліметтерді тексеру;
сатып алу шарттарын мұқият зерделеу;
қымбат тауар алу мүмкіндігі туралы уәдеге сеніп қалмау;
сатушы қандай кепілдік беретінін нақтылау;
чекті және төлем растамасын сақтау;
дау туындаған жағдайда қорап ішіндегі заттың суретін немесе видеосын сақтау.
ІІМ соңғы құқықтық баға нақты мән-жайға - сату тәсіліне, жарнама мазмұнына, нақты тауарға және сатушының ниетіне байланысты болатынын атап өтті.
