Қазақстандық әйел бала асырап алу кезіндегі ДНҚ-тестіне қарсы шығып, Конституциялық сотқа дейін барған
Конституциялық сот жұбайының баланы асырап алуы туралы істі қарау кезінде соттың молекулярлық-генетикалық сараптама (ДНҚ-тест) жүргізу талабымен келіспеген қазақстандықтың өтінішін қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Өтініш берушінің айтуынша, бұл жағдайда әке болу мәртебесіне қатысты дау туындамаған. Ол ДНҚ-сараптамасын жүргізу талабы жеке және отбасылық өмірге қолсұғылмаушылық құқығын, сондай-ақ басқа да конституциялық құқықтарды бұзуы мүмкін деп есептейді.
ДНҚ-сараптамасы не үшін қажет?
Конституциялық сот бала асырап алу, ең алдымен, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға тиіс екенін түсіндірді.
"Істі қарау барысында сот тағайындаған молекулярлық-генетикалық сараптама әкесімен туыстық байланысты растауға мүмкіндік береді, сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етеді және баланың өз ата-анасын білу құқығын іске асыруға ықпал етеді", – деп хабарлады сот.
Бұл ретте Конституциялық сот нақты сот істерінің мән-жайларын қарастырмайтынын атап өтті. Оның міндеті - заңнаманың Конституцияға сәйкестігін бағалау.
Қорытындылай келе, сот өтініш берушінің конституциялық құқықтарының бұзылу белгілерін таппады және оның өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.
