Добавить новость
ru24.net
World News
Сентябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Үйлену тойына несие алу және жылдарға созылған қарыз : “дүркіретіп той жасаған“ қазақстандықтардың 10 оқиғасы

0

"Жұрттан ұят болмасын", "ағайын-туған ақша аяды деп ойлап қалмасын", "тойдан кейін бәрін конвертпен қайтарып аламыз" - осындай ойлар кейде бір күндік мерекені көпжылдық қаржылық мәселеге айналдырады. Біз Tengrinews.kz оқырмандарынан "дүркіретіп той" өткізу отбасы үшін немен аяқталғаны туралы оқиғаларын айтып беруді сұрадық.

Бізге миллиондаған теңге қарыз, баспана сату, кепілге қойылған үйлер, сыйлық конверттеріне қатысты даулар және тойдан кейін араласпай кеткен туыстар туралы оқиғалар келді.

Кейбір оқиғаларды жас жұбайлардың өздері, енді бірін - олардың туыстары мен достары айтып берді.

Барлық хикая анонимді жарияланады. Біз мәтіндердің бір бөлігін қысқартып, кейіпкерлерді танытып қоюы мүмкін кейбір жайттарды өзгерттік, бірақ оқиғаның негізгі мәні қалды.

1-оқиға. "Ағамның тойы кесірінен оқуға түсе алмадым"

Үлкен ағам үйленгенде мен 17 жаста едім. Ата-анам той мен құдалыққа қомақты несие алды. Бір жылдан соң мектепті жақсы баллмен бітірдім, бірақ грантқа түсе алмадым.

Үйдегілер маған ашық айтты: "Кешір, ақылы оқуды көтере алмаймыз, тойдың несиесі бар". Соңында даяшы болып жұмысқа тұрдым, ал ағам мен жеңгем бір жылдан соң үлкен даумен ажырасып кетті. Іштей ата-анама деген өкпемді әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрмін.

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

2-оқиға. "Ағамның салтанатты тойы үшін өз пәтеріммен төледім"

Інім сүйіктісіне ұсыныс жасағанда бәріміз шын жүректен қуандық. Бірақ одан кейін бірден тойға дайындық басталды, онымен бірге нағыз сұмдық басталды.

Қалыңдықтың отбасы өте дәулетті болып шықты, ал біз - қарапайым жандармыз. Әрине, бірден "көңіл қалауы мен шынайы мүмкіндік" тақырыбында дау-дамай басталды. Қалыңдық бәрінің ең жоғарғы деңгейде болғанын қалады: элиталық мейрамхана, декордағы құшақ-құшақ тірі гүлдер, үздік шоу-бағдарлама және әр қонаққа қымбат сыйлықтар. Інімнің мұндай сұраныстарды орындауға мүлдем шамасы келмеді. Бұл ауырпалықтың бәрі ата-анамның иығына түсті. Әкем мен анамның бюджет шектеулі екенін ескертпек болған кез келген әрекетіне тек жанжал мен өкпе-реніш қана жауап болды.

Ақшаны тікелей ала алмайтынын түсінген жастар тәсілдерін өзгертті. Олар бәрін өздері келісіп, алдын ала төлем жасап жүрді, бірақ нақты сомаларды ата-анамыздан жасырды. Ақырғы есепті әкем мен анам төлейтін уақыт келгенде ғана біліп отырды.

Сонымен, той өтті: сәнді, әдемі, тіпті қарызсыз. Бірақ сол астрономиялық есептерді жабу үшін ата-анама екі бөлмелі пәтерді сатуға тура келді.

Иә, бұл ата-анам маған 18 жасыма сыйлаған өз пәтерім еді.

3-оқиға. "Карма ма, әлде ақымақтық па?"

Үлкен ағамның тойында ата-анам ақша аяған жоқ: элиталық мейрамхана, эстрада жұлдыздары, алтын мен гауһар тастар - бәрін дүркіретіп жасады. Өзіміз дәулетті адамдар болғандықтан, тойдың ауқымы да соған сай болды.

Бірақ ең қызығы мерекеден кейін басталды.

Үлкен ағам еш қымсынбастан жиналған барлық ақша салынған конверттерді өзіне алып алды. Сұрақтарға: "Бұл менің тойым, қонақтар маған келді, демек, ақша да менікі" деп жауап берді. Ал ол жердегі сома аз емес еді. Ата-анасына бір бөлігін беруден де үзілді-кесілді бас тартты.

Бір-екі аптадан соң жас жұбайлар біздің үйден өз пәтерлеріне көшуді ұйғарды. Дәл көшу кезінде оларды тонап кетті. Ұрылар бәрін, соның ішінде әлгі "сыйлықтарды" да алып кеткен.

Айтпақшы, ол ақшаға Алматының орталығынан керемет пәтер сатып алуға арналған еді. Карма ма, әлде ақымақтық па - өзіңіз шешіңіз.

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

4-оқиға. "Ұят болады"

Бізде қарапайым той болды, бірақ әйелімнің жағы талап қойды: міндетті түрде танымал әнші болуы керек, әйтпесе "ұят болады". Біз сол әртіс үшін ғана екі миллион теңге несие алдық.

Ол бір сағатқа кешігіп келді, сахнаға шығып, фонограммамен екі ән айтты, микрофонмен бізді құттықтаған да жоқ, сосын кетіп қалды. Туыстар "бәрекелді, жұлдыз шақырыпсыңдар" деп мақтап жатты.

Ақымақтық.

5-оқиға. "Жақын адам үшін несие"

Көршімнің әпкесі бар. Ол ұлын үйлендірді - отбасындағы бірінші, үлкен немере болғандықтан, бәрін жоғары деңгейде жасауды ұйғарды. Әпкесінен 5 миллион теңге несие алуды өтінді. "Өзім төлеймін, тек қазір осылай рәсімдеу ыңғайлы болып тұр" деді. Әпкесі, әрине, көмектесті. Жақын адамы ғой. Ал тойды кейін ұзақ уақыт айтып жүретіндей етіп жасады.

Той қымбат мейрамханалардың бірінде өтті. Жақсы әртістерді, қымбат асабаны шақырды, кәсіби фото және видео түсірілім болды. Бәрі әдемі, бай, салт-дәстүрге сай жасалды. Қалыңдықтың туыстарына алтын, гауһар, ішіктер сыйланды. Тіпті бір апта тойлады. Бәрі риза, бәрі қуанышты болды.

Ал осының бәріне ақшаны қолдан келгенше жинады. Біреу көмектесті, біреу қарыз берді, біреу ақша қосты - қалай болғанда да тұңғыш немере ғой, мерекені лайықты өткізгісі келді.

Несие алған әпкесі басында төлемдерді жабуға өзі көмектесіп жүрген. Кейін бәрі басқаша болды. Алдымен ақшадан қиындықтар туындап, арты реніш пен айқай-шуға ұласты. Соңында ең қызық жайт белгілі болды: ол өз әпкесіне ғана емес, басқа да туыстарына қарыз болып шықты.

Ақыры қарыз көлемі шамамен 20–25 миллион теңгеге жеткен. Осының бәрі бастапқыда дүркіреген бір той өткізу үшін жасалған еді.

Нәтижесінде туған адамдар өзара ренжісіп, ат құйрығын кесті. Әпкелі-сіңлілердің араласпағанына міне, 7 жыл болды. Ең өкініштісі - жуырда бір әпкесінің күйеуі қайтыс болғанда, екіншісі жаназасына да келмеді.

Осылайша "жақын адамым үшін" деп алынған 5 миллион теңге ең жақын жандардың арасына іріткі салып, бауырлардың қарым-қатынасын тас-талқан етті.

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

6-хикая. "Үйлену алдындағы мақтану"

Бөле қарындасым ертең ажырасуға арыз береді. Олардың шаңырақ көтергеніне төрт ай да толған жоқ. Ал бәрі үйлену алдындағы мақтанудан басталған еді.

Күйеу жағы туыстардың алдында "кедей" көрінуден қатты қорықты. Салдарынан жалғыз үйлерін кепілге қойып, қомақты несие алды, есесіне аста-төк қалың мал әкеліп, бәріне алтын үлестіріп, ақылға сыйымсыз той жасады.

Той өтті, гауһар тастар тағылды, әлеуметтік желілерге мінсіз суреттер жарияланды. Ал бір айдан соң нағыз тозақ басталды. Жастар отбасын құрып, өмірдің қызығын көрудің орнына, әр кешін ақша үшін ұрыс-керіспен өткізетін болды, себебі отбасылық табыстың тең жартысы банкке кететін. Енесі келінін қажап, күйеуі бәріне қайын енесін кінәлады, үйден айқай-шу мен көз жасы арылмады.

Осы пафостың бәрі екі айда күлге айналды, ал қарызы жылдарға созылды. Осы бір жылтырақ көрініс қираған тағдырға татыды ма?

7-хикая. "Әуре болудың қажеті жоқ еді"

Ең өкініштісі, бұл шығындарды ешкім бағалаған да жоқ. Несие алып, дүркіретіп той жасадық, 300 адам шақырдық, олардың жартысын өмірімде бірінші әрі соңғы рет көрдім.

Кейін туыстар басқа бір тойда біздің мейрамханадағы ет қатты болғанын, ал салаттың аз салынғанын талқылап отырғанын білдім.

8-хикая. "Бәрі ел қатарлы болсын дедік"

Таныстарымның басынан өткен жағдай. Ұлдары үйленетін болып, ата-анасы 300 адамға арналған үлкен той жасамақшы болады. Мейрамхана, артистер, қымбат асаба, декорация, фотограф пен видеограф - бәрі ел қатарлы болсын деп тырысады.

Қаржы жетпеген соң, ата-анасы несие алып, туыстарынан қарыз сұрайды. Бәрі: "Ештеңе етпейді, тойдан кейін конверттерді санап, басым бөлігін қайтарамыз", - десті. Той керемет өтті. Бәрі мақтап, суретке түсіп, тойдың сәнін айтып жатты.

Ал ақша санауға келгенде, конверттер күткеннен әлдеқайда аз болып шықты. Осы жерде ең жағымсыз жайттар басталды. Ата-анасы кімнің қанша бергенін есептей бастады. Біреулерге "аз берді" деп өкпелесе, енді бірімен ренжісіп тынды. Кейін кейбір шығындардың есепке мүлдем алынбағаны белгілі болды.

Салдарынан, несиені тойдың ақшасымен жабудың орнына, ата-анасы оны бірнеше жыл бойы өздері төлеуге мәжбүр болды.

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

9-хикая. "Қандай жомарт әрі жақсы әке"

Жалғыз бөле ағам үйленді. Әкем інісінің тойға үлкен несие алғанын естіп, барлық шығынды өз мойнына алып, қарызды бірден жауып тастады. Бәрі оған: "Бәрекелді", "Бәріне сендей аға берсін", "Нағыз ер екенсің", - деп мақтау жаудырды.

Той думанды, көңілді әрі дастарқаны мол болды. Жұрт айлар бойы әкеміздің қандай жомарт екенін айтып жүрді. Кейін ағам әйелімен ажырасып кетті. Бірақ екі жылдан соң екінші рет үйленді. Тағы да қалың мал, тағы шығын, тағы да менің әкем көмектесті. Біз әкемізге: "Мұнша ақшаны шығындап не керек?" - деп ұзақ өкпелеп жүрдік. Ал ол: "Жұрт не дейді? Ұят болады. Жалғыз ағасы бола тұра жиеніне көмектеспеді дейді ғой", - дейтін.

Уақыт өте келе әкем қайтыс болды. Сол кезде әлгі жалғыз жиені не жаназасына, не қырқына келген жоқ. Тіпті бізге - балаларына телефон соғып, көңіл де айтпады.

Ал біз оның туыстарына өкпелі күйде қалдық. Қазір араласпаймыз.

10-хикая. "Балалар сақтай алмаған бір күндік тойға шашылдық"

Таныстарымның басынан бір оқиға өтті, содан кейін адамдардың тойға не үшін несие алатынын мүлдем түсінбейтін болдым. Ата-анасы ұлының тойына 30 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсады. Өз ақшалары жетпеген соң, көліктерін кепілге қойып, несие алып, туыстарынан қарыз алды. Есесіне бүкіл аудан айтып жүретіндей той болды. Мейрамхана, артистер, танымал асаба, қыз жағына бағалы сыйлықтар. Қонақтар саны 500-ден асты.

Бәрі: "Міне, нағыз той!" - десті. Ал екі айдан соң отағасы жұмысынан айырылды. Төлемдер кешіктіріле бастады. Банктен қоңыраулар түсіп, соңында көлікті сатуға тура келді.

Бірақ ең сорақысы жарты жылдан соң болды. Жастар ажырасатындарын жариялады. Ата-анасы басында бұған тіпті сенбеді. Кейінолардың бөлек тұрып жатқанына бірнеше ай болғаны, тек айтуға қорыққаны анықталды.

Сонымен, ата-анасы бірге тұрмай қалған жастардың тойы үшін бірнеше жыл бойы несие төлеп жүрді.

Ажырасқаннан кейін бір жыл өткен соң бұрынғы келін қайта тұрмысқа шықты. Алғашқы күйеуінің ата-анасы екінші тойдың суреттерін кездейсоқ көріп қалады. Той баяғы мейрамханада өткен. Тек бұл жолы олар осының бәріне үйде отырып, өткен тойдың несиесін төлеп жүріп қарауға мәжбүр болды.

Сол кезде әкесінің менің есімде қалған бір сөзі бар: "Біз балаларымыз сақтап қала алмаған бір күн үшін 30 миллион жұмсадық". Шынында солай. Мереке бір кеште аяқталды, ал қарыздар мен салдары жылдарға созылды.

Той қалтаңызға лайық екенін қалай түсінуге болады?

Үлкен той - егер отбасының оған расында жағдайы жетсе, тамаша нәрсе. Мәселе мерекеге отбасының қолында жоқ ақшаны жұмсаудан басталғанда туындайды.

Мейрамханаға тапсырыс беріп, әртістерді шақырмас бұрын, кем дегенде үш сұраққа шынайы жауап берген жөн.

Дәл қазір қолымызда қанша қаражат бар?

"Қанша ақша сылауы мүмкін" немесе "туыстар қанша береді" деген емес, дәл қазір қанша ақша бары маңызды. Қонақтар саны, сыйлықтар көлемі және конверттегі түпкілікті сома алдын ала белгісіз. Той ұйымдастыру мамандары қонақтар әкелген конверттер шығынды міндетті түрде жабады деп сенбеуге кеңес береді. Бюджетті тек отбасының қолында бар ақшаға сүйеніп есептеу қауіпсіз, ал сыйлықтарды қарызды жабу көзі емес, жағымды бонус ретінде қарастырған абзал.

Тойдан кейін не болады?

Егер бір кешке бола бірнеше жыл бойы табысыңыздың басым бөлігін банкке беруге тура келсе, бәлкім, мереке ауқымын қайта қарастырған жөн шығар. Сарапшылар той алдында алдағы ай сайынғы төлемді ғана емес, банкке қайтарылатын жалпы соманы да есептеу қажет екенін ескертеді. Одан кейін өзіңізге қарапайым сұрақ қойыңыз: егер ерлі-зайыптының бірі жұмыстан айырылса, табыс азайса немесе күтпеген шығындар пайда болса не болады?

Бұл тойды өзіміз үшін жасаймыз ба, әлде өзгелер үшін бе?

Кейде бұл сұраққа жауап беру қиын. Психолог Ольга Третьякова адамдар мерекені жақсылап атап өтуді ғана емес, айналасындағылардың мойындауын да көздейтінін айтады. Оның сөзінше, өзіндік бәсекелестік туындайды: егер біреу тойды белгілі бір деңгейде өткізсе, келесі адам одан да салтанатты етіп жасағысы келеді.

Мұндай жағдайда өз қалауыңызды өзгелердің күткенінен ажырата білген тиімді. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: егер бұл тойдың суреттерін ешкім көрмейтін болса және оның қанша тұратынын ешкім білмесе, біз бәрібір осынша ақша жұмсар ма едік?

Өз хикаяңызды айтып беріңіз

Біз Tengrinews.kz оқырмандарына жиірек сөз бергіміз келеді. Сондықтан отбасы, жұмыс, ақша, қарым-қатынас, денсаулық, күтпеген жағдайлар мен қиын шешімдер сияқты түрлі тақырыптағы хикаяларыңыз бен жеке тәжірибеңізді бөлісуді сұрап отырамыз. Егер тақырып өте жеке болса, бәрін анонимді айтып беруге болады.

Мұндай сұрақтарды Instagram, Telegram және Threads-те жариялаймыз.

Тағы оқыңыз: “Шайына не қосып бердіңіз?!“ Қазақстандық мұғалімдердің 10 үрейлі оқиғасы




Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса