Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан армиясында не өзгеретінін айтты
Жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов басшылық құраммен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айқындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты назар Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы берген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыруға аударылды. Бұл ретте заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстардың тәжірибесі, әскери технологиялардың қарқынды дамуы және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ескерілетіні айтылды.
Негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталатын болады. Әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді.
Ведомство мәліметінше, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылуы тиіс.
"Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қараудың қажеттігін атап өтті. Оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкес келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ әскери бөлімшелерді өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындауға назар аударылған. Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылған.
"Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс", - делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, армияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл ретте сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс. Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.
"Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деді қорғаныс министрі.
Кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру барысы да қаралды. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп", -талап етілген барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.
Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды
Еске салайық, 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының жарлығымен Айдос Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол сол күні қызметінен босатылған Дәурен Қосановтың орнына келді. Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан кейін осындай кадрлық шешім қабылданды. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты. Осыдан кейін Президент Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
Бір күн бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қорғаныс министрін қабылдап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін сөзсіз басымдық болуы тиіс екенін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
