Шетелдік астықты қазақстандық өнім ретінде өткізген: миллиард теңгенің схемасы әшкереленді
Батыс Қазақстан облысында астықты қазақстандық өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспорттаудың "сұр" схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметтері бойынша, Қазақстан арқылы 11,2 миллиард теңгенің шамамен 130 мың тонна астығы өткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Астық қазақстандық өнім ретінде көрсетілген
ҚМА мәліметінше, астық Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға жеткізіліп отырған.
Тергеу мәліметінше, схеманы іске асыру үшін алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар рәсімделген.
Осылайша астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Атап айтқанда, астық экспортына қатысты схемада Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan ЖШС-лары пайдаланылған.
Шығын 1 миллиард теңгеден асты
ҚМА дерегінше, транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС-не 1 миллиард теңгеден астам сомада залал келтірілген.
Бұдан бөлек, күдіктілер салық берешегін өтеуден және кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында, бақылауындағы экспорттық компаниялардың шоттарынан ақшаны аффилирленген ұйымдардың шоттарына аударып, банкроттық туралы талап арыздар берген.
"Аталған әрекеттер мемлекет мүддесіне 1,2 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды", - деп хабарлады ҚМА.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта процесске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
