“Қоқыс тастадың ба - төле“. Неге бізде қоқыс тастайды және Қазақстан басқа елдерден не үйренсе болады?
Алматы тұрғыны тап осындай көріністің куәсі болып: "Неге біздің адамдар тазалық үшін барлық жағдай жасалған жерде де қоқыс тастауды тоқтатпайды?" деген сұрақ қойды. Tengrinews.kz тілшісі мұндай мінез-құлықтың себебі неде және оны қалай өзгертуге болатынын зерттеп көрді. Біз қазақстандықтардың пікірін жинап, психолог пен заңгердің кеңесіне жүгіндік; Қазақстанда тәртіпбұзушылардың қалай жазаланатынын, тұрғындардың қолында қандай құралдар бар екенін анықтадық, сондай-ақ Жапониядан Сингапурға дейінгі өзге елдердің көше тазалығы мәселесін қалай шешетінін қарастырдық.
Жаңа саябақ пен тұрғындардың ескі әдеті
Бұл материал Жас Қанат ықшамауданында тұратын алматылық Мәдинаның оқиғасынан басталды:
- Үйіміздің жанындағы бос жатқан жерге үлкен саябақ салынды, өте әдемі, әрі тез - бір жаздың ішінде бітірді, - дейді қыз тілшіге. - Ол әлі толық ашылған жоқ, бірақ балалар қазірдің өзінде асыр салып жүр, суару жүйесін сындырып жатыр. Сондай-ақ онда үлкен әдемі орындықтар бар және әрқайсының жанында үлкен әдемі қоқыс жәшігі тұр. Соған қарамастан, әр орындықтың айналасы шемішке қабығына толы. Әрқайсының жаны! Орындықтардың үстінде сусындардың бөтелкелері, пакеттер мен басқа да қоқыстар шашылып жатыр.
Суреттерді оқырман жолдаған
- Бұл өте жиіркенішті! - деп кейиді Мәдина. - Жаңа ғана осы саябақты аралап шықтым, ашылғанына бір ай да болған жоқ, бірақ жағдай мынау... Адамдар саябақты пайдаланады, оларға бұл жер керек, бірақ ешқандай күтім жоқ. Бұған қараудың өзі ауыр әрі өкінішті. Оны істеп жүргендер - ересек әйелдер. Бізде көршілердің үй чатында бұл туралы жазған болатын:
"Қастарынан өтіп бара жатсам, әжелер отыр, шекілдеуік қабығын тура жерге тастап жатыр, оларға бірдеңе деуге ұялдым", - деп жазды көрші ер адам.
"Жақында балам болады, осы жерде арбамен серуендететін боламын, мұндай лас жерде жүргім келмейді, бұған қарсы бір шара қолдану керек!"
- Осы мәселені жарыққа шығаруға бола ма? Мәселен, осылайша оларды ұялту мүмкін бе? - деп сұрайды Мәдина. - Әлде бұл ешкімді қызықтырмай ма?
Мәдина ұсынған тақырып еліміз үшін өте қызықты әрі өзекті; біз бұған дейін де қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз.
Бұл жолы біз талқылауға тек сарапшыларды ғана емес, оқырмандарды да тартып, оларға материал дайындауға қатысуды ұсындық.
Қазақстандықтар кімді айыптайды және не ұсынады?
Тілші Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтарға "Бізде көбіне кім қоқыс тастайды және бұған не істей аламыз?" деген сұрақ жолдады.
Алғашқылардың бірі болып бізге Қаскелеңдік оқырман мына суретті жіберді:
Қаскелең қаласындағы қоқыс үйіндісі. Суретті оқырман жолдаған
Көріп тұрғандарыңыздай, бейнебақылау мен айыппұл туралы ескертудің тура астында қоқыс үйіндісі пайда болған.
"Қаскелеңнен нағыз парадокс. Оның үстіне, осы суретті түсіргеннен кейін 30 секунд ішінде екі жас жігіт сол жерге тағы қоқыс тастап кетті (күлкім келгенінен әрі таңғалғанымнан оларды түсіріп үлгере алмай қалдым)", - деп жазды суретті жіберген оқырман.
Қазақстандықтардың пікірінше, көшелерімізде көбіне кімдер қоқыс тастайтынын оқып көрейік.
Жазба астындағы пікірлерде алматылықтар студенттерді айыптаған.
"Ооо, бұл біздің де мәселеміз. Алматы, Масанчи – Шевченко қиылысы. Жанында екі жоғары оқу орны бар. Студенттер үзілісте сыртқа шыққанда, жаңа төселген плитканың үсті түкіріктен аяқ алып жүргісіз болады. Жол жөндеп, кабель үшін траншея қазып еді, іші бөтелке мен орама қағазға толды... мұны кім тастады деп ойлайсыздар?!" - деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Оны әл-Фараби даңғылының тұрғыны қолдап, мынадай хабарлама жіберді:
"Нұр-Мүбарак" университеті жанында тұрамын, ауламызда үнемі осы оқу орнының және басқа да жақын маңдағы оқу орындарының студенттері жүреді. Дүкеннен сэндвич, сусындар сатып алады да, барлық қағазын орындықтардың үстіне немесе жол жиегіне тастап кетеді. Барлық жерде қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан осылай істейді. Тіпті деканаттарға ұжымдық түрде шағымдандық, бәрі бекер".
Пікірталасқа қатысушылардың бірі бұл мәселені түбегейлі шешуді ұсынып, былай деп жазды:
"Барлық студентті ЖОО-ларымен бірге қаланың сыртына шығару керек!"
"Шылым шегушілер көп, барлық жерде шегеді, тұқылдарын тастайды, түкіреді, егер 99 пайызы шылым шегетін болса, арнайы орындар жасау керек, аялдамаларда шылым шегуге заңмен тыйым салу қажет", - деп жазды бірнеше оқырман.
Сауалнамаға қатысқандардың кейбірі тазалық қаланы жинау сапасына байланысты деп есептейді:
"Алматыда аула сыпырушыларды алып тастап, аулаларды тендер жеңіп алған компаниялар жинай бастағалы бері тазалық аптасына бір рет қана жасалатын болды. Қыста қар да тазаланбай жатады. Бірде тазалық бригадасының жапырақтарды арыққа сыпырып түсіріп, сосын оны қайтадан шығарып жатқанын көрдім. Мұнда қисын бар ма?"
Қажетті шараларға келетін болсақ, сауалнамаға қатысушылар мынадай ұсыныстар білдірді:
айыппұлдарды қатаңдату,
жазаның бұлжымастығы,
балабақша мен мектептен бастап қоғамдағы мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу:
"Адамдар арасында мәдениетті көтеру бағдарламасы керек. Қоқысты сұрыптау, экология және қайта өңдеу туралы сабақтар қажет".
"Бет-әлпетті танитын камералар керек. Қоқыс тастадың ба - айыппұл төле. Сонда ғана бірдеңе үйренеді".
"Мектеп оқушылары мен студенттер үшін тауда және қалада сенбіліктер ұйымдастыру керек! Бала кезден жауапкершілікті сезінуі үшін бұл тұрақты болуы тиіс! Мектептегі сынып сағаттарында қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауды: қоқыс тастамауды, жолдың оң жағымен жүруді үйрету керек. Автобуста алдымен адамдар түсуі керек, содан кейін кіру керек, дауыс зорайтқышпен музыка тыңдап, видео көрмеу керек!"
"Бұл тек балабақша мен мектептен бастап, бала кезден тәрбие беру және ережелерді бойға сіңіру арқылы ғана шешіледі".
Адамдар неге қоқыс тастайды: психолог түсіндіреді
"Неге адамдар тазалық үшін барлық жағдай жасалған жерде де қоқыс тастауды тоқтатпайды?" - деп сұраған болатын кейіпкеріміз материал басында.
Неге біреу бөтелкені қоқыс жәшігіне дейін апарып тастайды, ал екіншісі оны аяғының астына тастай салады? Мұндай мінез-құлықтың астарында не жатыр және оған әсер ету мүмкін бе? Осы сұрақтармен біз психолог Айнұр Құмарғалиға жүгіндік.
Үйренбеген әдет
Психолог мұның басты себептерінің бірі ретінде қалыптасқан дағдының жоқтығын атайды. Адам мінез-құлық модельдерінің көбін бала кезінде айналасындағыларды бақылап, белгілі бір әрекеттерді бірнеше рет қайталау арқылы сіңіреді.
"Айналасына қоқыс тастайтын адамдар не осылай істеуді үйренген, яғни үнемі осындай әрекетті көріп өскен, немесе, керісінше, басқаша әрекет етуді үйренбеген. Олардың арнайы тазалыққа баулығанын, бұл туралы бірнеше рет айтылғанын, тәжірибе жүзінде көрсетілгенін көрмеген".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Айнұр Құмарғали
психолог
Ол мектептегі сенбіліктерді мысал ретінде келтіреді. Оның айтуынша, мәселе аумақты тазалаудың өзінде емес, алынған тәжірибеде: адам өз қолымен айналаны ретке келтіреді және оның қалай көрінетініне басқаша қарай бастайды.
"Адам мұндай тәжірибеден өткенде, ол үлкен ықтималдықпен ойланатын болады. Ал егер ойланбаса, демек, оның бойында мұндай тәжірибе болмаған".
"Бұл бар-жоғы бір-ақ бөтелке"
Тағы бір себеп: адамға өз әрекетінің салдарын елестету қиынға соғады. Тасталған бір тал темекі тұқылы немесе пластик бөтелке соншалықты елеусіз көрінетіні сондай, ол мәселе ретінде қабылданбайды.
"Адам: "Тастасам не болыпты? Бұл бар-жоғы бір бөтелке, бір-ақ тұқыл ғой, одан ештеңе де болмайды" деп ойлайды. Ол бір бөтелкенің үйіндіге, ал үйіндінің қоқыс полигонына айналатынын болжамайды", - дейді психолог.
Неге қоқыс жатқан жерге одан да көп тастайды
Айналаның күйі де маңызды рөл атқарады. Психологтың бақылауы бойынша, тап-таза жерге қоқыс тастау адамға психологиялық тұрғыдан, бөтелке, орауыш немесе тұқылдар жатқан жерге қарағанда әлдеқайда қиын.
"Бізге бірінші болу қиын. Ал бір жерде қоқыс жатса: "Жә, мұнда бәрібір біреу тастап кетіпті, онсыз да лас қой. Ештеңе етпес, тағы біреуін тастай салуға болады. Біреу жинап алар" деген ой туады".
Осылайша, тасталып қойған қоқыс дәл солай істеуге берілген өзіндік бір рұқсатқа айналуы мүмкін. Керісінше, таза кеңістіктің өзі белгілі бір мінез-құлық нормасын қалыптастырады.
"Біреу келіп жинап алады"
Тағы бір үлгі - қоғамдық орынға жат жер ретінде қарау. Адам өз пәтерінің немесе ауласының тазалығын қадағалауы мүмкін, бірақ саябақ, көше немесе аялдама үшін дәл сондай жауапкершілікті сезінбейді.
"Бұл қоғамдық аумақ, демек, ол менің де меншігім. Демек, оның тазалығына мен де жауаптымын. Бірақ адам оны жат жер ретінде қабылдауы мүмкін: біреу келеді де, жинап алады. Бұл - өте бейқам ұстаным", - деп түсіндіреді Құмарғали.
Психологтың айтуынша, мұндай жағдайда жауапкершілік белгісіз "біреуге" - аула сыпырушыға, коммуналдық қызметтерге, мемлекетке жүктеле салады. Бұл ретте адамның тәртіпті сақтаудағы жеке рөлі мүлдем жойылып кетеді.
Ал егер қоқыс жәшігі шынымен де жоқ болса ше?
Дегенмен бәрі тек тәрбие мен жауапкершілікке ғана байланысты емес. Қалалық ортаның адамға дұрыс әрекет етуге қаншалықты көмектесетіні де маңызды.
"Адамдар қоқыс жәшігін көргенде, әрекет автоматты түрде орындалуы мүмкін: жәшік бар - демек, қоқысты соған тастау керек. Ал егер ол жақын маңда болмаса: "Мен қоқыс тастамайтын адаммын. Қоқыс жәшігін тапқанша бұл бөтелкені ұстап жүремін" дегенді есте сақтау қажет болады".
Сондықтан психолог қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің жоқтығын көшелердің ластануына ықпал ететін факторлардың бірі деп санайды. Дұрыс әрекет жасау үшін неғұрлым көп күш жұмсау керек болса, біреудің оңайырақ жолды таңдау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Осылайша, қоқыс жәшігіне түспей қалған қарапайым бөтелкенің артында бала кезінен қалыптасқан мінез-құлық моделінен бастап, қоғамдық аумаққа басқа біреу жауапты деген сезімге дейінгі бірнеше фактор тұруы мүмкін.
Бірақ тәрбие, жеке жауапкершілік пен қоғамдық айыптау нәтиже бермеген жерде іске заң араласады.
Келесі сарапшыдан Қазақстанда қоғамдық орындарды ластағаны үшін қандай айыппұлдар қарастырылғанын білеміз.
Қазақстанда қоғамдық орындарды ластағаны үшін қалай жазалайды?
Бұл мәселе бойынша бізге заңгер Игорь Пономарёв кеңес береді.
"Қазақстанда қоғамдық орындарды ластағаны үшін бірыңғай норма - ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы "Ортақ пайдалану орындарын ластау" қолданылады. Бұл бапқа тек тұрмыстық қоқыс пен түкіру ғана емес, сонымен қатар темекі тұқылы, сұйықтық төгу және басқа да ұқсас әрекеттер жатады. Ірі габаритті қалдықтар мен құрылыс қоқыстарын тастау жеке реттеледі - бұл ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы "Абаттандыру қағидаларын бұзу".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Игорь Пономарёв
заңгер
Нақты не үшін айыппұл салынады?
434-2-бап "Ортақ пайдалану орындарын ластау" заңбұзушылықтың кең ауқымын қамтиды:
коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау,
тротуарға түкіру,
темекі тұқылдары,
сұйықтықтарды төгу,
парктер мен скверлерді ластау.
Игорь Пономарёв осы бап бойынша прецеденттерді келтіреді:
2026 жылы Астана соты блогерге "Бәйтерек" монументі жанында сусын төккені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салды. Семейде жүргізуші жолдың жүріс бөлігіне шемішке қабығын тастағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ақтөбелік тұрғын лифтке түкіргені үшін жазаланды.
Бөлек тоқтала кететін жайт - автокөліктен қоқыс тастау және түкіру, бұл үшін арнайы норма бар: ескерту жасау немесе 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде айыппұл салу.
Құрылыс қоқысы мен тасталған жиһаз "ластау" емес, абаттандыру қағидаларын бұзу болып саналады. Контейнер алаңдары тек қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған. Ескі жиһаз, тұрмыстық техника, автокөлік шиналары мен құрылыс қалдықтары коммуналдық қалдықтарға жатпайды.
Кіреберістегі қоқыс (тұрмыстық қоқыс, есік алдындағы пакеттер, алаңдағы темекі тұқылдары) - бұл ортақ пайдалану орындарын ластау болып табылады. Кіреберісті заттар (арба, велосипед, қорап, ескі жиһаздар) толтырып тастау - бұл абаттандыру қағидаларын бұзу, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып саналады.
Айыппұл мөлшері
Тұрмыстық қоқыс тастау, түкіру, темекі тұқылын тастау және сол сияқты әрекеттер үшін - 10 АЕК (2025 жылы 43 250 теңге) айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегу жазасы қарастырылған, - деп тізіп берді заңгер.
Құрылыс қоқысы, жиһаз тастап, кіреберісті қоқысқа толтырғаны үшін: алғашқы рет ескерту жасалады немесе 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынады.
Көліктен қоқыс тастау немесе түкіру - 3 АЕК (12 975 теңге).
Егер сіз құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз не істеу керек?
1-қадам. Құқық бұзушылық дерегін тіркеңіз
Полиция құқық бұзушыны жауапкершілікке тартуы үшін дәлелдер қажет: адамның беті, заң бұзу сәті мен орны анық көрінетін фото немесе видео. Егер куәгерлер болса, олардың байланыс деректерін көрсетіңіз. Егер заңбұзушылық автокөліктен жасалса, көлік нөмірін жазып алыңыз, деп кеңес береді Игорь Пономарёв.
2-қадам. Полицияға хабарласыңыз. Қазір өтініш берудің түрлі тәсілдері қолжетімді:
102 (телефон),
102.kz (қосымша),
ІІМ Telegram-боты,
eOtinish.kz (қалаңыздың Полиция департаментін таңдаңыз).
3-қадам. Өтініште мыналарды көрсетіңіз:
Күнін, уақытын және орнын, болған жағдайды қысқаша сипаттап, фото/видеоны тіркеңіз және жауапкершілікке тартуды сұраңыз.
Қанша қазақстандық қоқыс үшін жазаланды?
Ал енді бұл нормалардың іс жүзінде қаншалықты жиі қолданылатынын көрейік. Ресми статистикаға сүйенсек, заңбұзушылықтар саны жүздеген мыңға жетеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, 2025 жылы қоғамдық орындарды ластағаны үшін 189 мыңнан аса адам жазаланған. 403 мыңнан аса адам абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Осы екі санат бойынша барлығы 591 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңге болған.
Биылға келетін болсақ, ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың басынан 4 тамызға дейін (мәліметтер берілген күн) экологиялық және санитарлық заңнаманы бұзғаны үшін 247 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылған. Осы кезеңде полицейлер 1 578 стихиялық қоқыс орнын анықтады. Ведомство мұндай заңбұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камералары да қолданылатынын атап өтті.
Ресми статистика ауқымы бұл мәселенің бүкіл елге тән екенін көрсетеді.
Тазалықты сақтаудың халықаралық тәжірибесі - ең қызықты тұстары
Қазақстандағы айыппұлдарды қарастырып өттік. Енді өзге елдерде көшедегі қоқыс, темекі тұқылы, заңсыз қоқыс орындары және вандализммен қалай күресетініне тоқталайық. Кейбір елдер қомақты айыппұлдарға, кейбірі жазаның бұлтартпастығына басымдық берсе, енді бірі адамдардың мінез-құлқы мен қалалық ортаны өзгертуге тырысады.
Жапония - ең соңғы кейс
2026 жылдың 1 маусымынан бастап Токионың туристер көп келетін (сәйкесінше, көп ластанатын) Сибуя ауданында қоқыс тастағаны үшін айыппұлдар енгізілді:
оның сомасы 2000 иена (шамамен 5 800 теңге) болады.
Сома салыстырмалы түрде аз болғанымен, мұндағы басты принцип басқада: егер патрульдік қызметкер заңбұзушылықты көрсе, айыппұл сол жерде ресімделеді. Оны қолма-қол ақшамен, электронды түрде немесе кейінірек төлем құжаты арқылы төлеуге болады.
Ауданды 60-қа жуық адам, соның ішінде ағылшын, қытай, кәріс тілдерінде сөйлейтін көптілді офицер патрульдейді.
Науқанның ұраны: "If you throw trash, you lose cash" ("Қоқыс тастадың - ақшаңнан айырылдың").
Сонымен қатар, билік тек заңбұзушыларға ғана емес, қалалық ортаға да ықпал етуді жөн көрді. Сибуя, Харадзюку және Эбису аудандарындағы тамақ пен сусын сататын дүкендерге, дәмханаларға, фастфуд нүктелеріне және басқа да кәсіпорындарға қоқыс контейнерлерін орнату міндеттелді.
Сауда автоматтарының иелері қолданылған ыдыстарды жинауға арналған контейнерлерді жабдықтауы тиіс. Егер бизнес нұсқамадан кейін бұл талаптарды орындамаса, оған 50 мың иена (шамамен 140 мың теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Сингапур - қатаңдықтың "алтын стандарты"
Сингапур қоқысқа қатысты қатаң ұстанымымен бұрыннан танымал, бірақ оның жүйесі тек үлкен айыппұлдардан ғана тұрмайды, одан да күрделірек құрылған.
Бірінші рет ереже бұзған адамға 300 сингапур доллары (шамамен 188 мың теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Егер іс сотқа жетсе, ең жоғарғы айыппұл бірінші рет бұзғаны үшін екі мың долларға дейін (шамамен 1,25 миллион теңге), екінші рет төрт мың (шамамен 2,5 миллион теңге) және үшінші немесе одан кейінгі рет 10 мың долларға (шамамен 6,26 миллион теңге) жетеді.
Сондай-ақ, бұдан да ерекше шара бар - Corrective Work Order немесе міндетті түзеу жұмыстары. Сот заңбұзушыны 12 сағатқа дейін қоғамдық орындарды тазалауға міндеттей алады.
Билік бұл шараның мәнін тек жазалаумен ғана түсіндірмейді: адам өзгелер қалдырған қоқысты жинау үшін қаншалықты еңбек қажет екенін өз тәжірибесімен көруі тиіс. Мұндай жұмыстар жария түрде жүргізіледі, сондықтан олар айналадағылар үшін де ескерту болып табылады.
Еуропа: ұсақ қоқыс үшін ірі айыппұлдар
Швейцарияда 2026 жылдың тамыз айынан бастап бірыңғай ережелер енгізілді:
көшеге қоқыс тастағаны үшін 250 франкқа дейін (шамамен 136 700 теңге) айыппұл салынады.
Францияда:
темекі тұқылы немесе қаптама үшін 135 еуро (шамамен 68 мың теңге), ал ауырлатушы жағдайларда 1 500 еуроға дейін (шамамен 755 400 теңге) айыппұл қарастырылған.
Италияда:
сағыз, чек, темекі тұқылы сияқты ұсақ қоқыс үшін 30–150 еуро (шамамен 15 100–75 500 теңге) айыппұл салынады.
Еуропалық тәсілдің жалпы логикасы - заңды ұсақ-түйек болса да бұзуды экономикалық тұрғыдан барынша тиімсіз ету.
Реттелмеген граффитимен күрес
Бұл ретте Аустралия мен АҚШ-тың тәжірибесі қызықты. Бұл елдерде ұзақ уақыт бойы қалалық ортаны толтырған көптеген граффитимен нәтижесіз күресіп келді. Соңында қалалық муниципалитеттердің біріне осы жанрдың әуесқойлары өздерін заңды түрде көрсете алатын арнайы кеңістіктер бөлу идеясы келді.
Мельбурнде (Аустралия) заңды стрит-арты бар әйгілі Hosier Lane тұйық көшесі туристік орынға айналды және кейбір зерттеушілер пікірінше, айналадағы заңсыз граффитилердің азаюына ықпал етті.
Hosier Lane тұйық көшесі, Мельбурн, Аустралия. Фото: depositphotos.com
Майамиде (АҚШ) Metrorail эстакадасының астында дәл сондай кеңістік бар, ол ауданның көркем көрікті жеріне айналды.
Мұндағы жалпы идея: тек тыйым салып қана қоймай, энергияны заңды арнаға бағыттау.
Өзіміз не істей аламыз?
Айыппұл салу, коммуналдық қызметтердің жұмысы және экологиялық тәрбие беру - бұл мемлекеттің міндеті. Дегенмен, жағдайға қазақстандықтардың өздері де ықпал ете алатын нақты құралдар бар.
Мәселе туралы "Таза Қазақстан" арқылы хабарлау
Қоқыс, заңсыз полигон немесе абаттандыруға қатысты басқа да мәселелер туралы @TazaQazBot Telegram-боты арқылы хабарлауға болады. Ол үшін суретті тіркеп, мекенжайын көрсетіп, жағдайды қысқаша сипаттау жеткілікті. Өтініш жергілікті атқарушы органға жолданады, ал жұмыс аяқталған соң өтініш берушіге фотоесеп келуі тиіс.
"Таза Қазақстан" сервисі eGov Mobile қосымшасы және жобаның сайтында да қолжетімді.
Анықтама: 2026 жылы @TazaQazBot сервисі арқылы 18 мыңнан аса өтініш түсіп, оның 16 мыңнан астамы орындалды.
Қалалық қызметке жүгіну
Ірі қалалардың мұндай өтініштерге арналған өз арналары да бар. Мысалы, Алматыда 2026 жылы Open Almaty байланыс орталығының 109 бірыңғай нөмірі іске қосылды. Ол қалалық инфрақұрылым, абаттандыру және ТҮКШ мәселелері бойынша өтініштерді тәулік бойы қабылдайды. Сондай-ақ өтінімді Open Almaty порталы мен мобильді қосымшасы арқылы да жіберуге болады.
Егер біреудің қоқыс тастағанын көрсеңіз - құқық бұзушылықты тіркеңіз
Егер әңгіме жиналмаған аумақ туралы емес, нақты құқықбұзушы туралы болса, іс-қимыл алгоритмі басқаша. Заңгер Игорь Пономарев жоғарыда айтып өткендей, заңбұзушылықты фотоға немесе видеоға түсіріп, полицияға жүгінуге болады.
Тазалық шараларына қосылыңыз немесе оны өзіңіз ұйымдастырыңыз
Қазақстанда сенбіліктер мен басқа да экологиялық іс-шаралар жалғасып жатыр. 2026 жылы өңірлерде, соның ішінде, тұрақты түрде "Таза бейсенбі" акциялары өтіп тұрады, оған тұрғындар, еріктілер, ұйымдар мен жастар қосылып жатыр.
Бірақ ауқымды ұйымдастырылған акцияны күту міндетті емес. Ауланы, жақын маңдағы скверді немесе басқа да шағын аумақты тазалауды көршілермен бірге - үй чаты, МИБ немесе бастамашыл топ арқылы ұйымдастыруға болады.
Тазалық - әдет
Кейіпкерлеріміз бен сарапшылардың пікірі көрсеткендей, қоқыспен күресудің әмбебап әдісі жоқ. Жұмыс істейтін жүйе қажет: қолайлы қалалық орта, түсінікті ережелер, қалалық қызметтерге мәселе туралы жедел хабарлау мүмкіндігі және, әрине, заңбұзушылықтар үшін нақты жауапкершілік.
Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларына үміт артылып отыр: егер адам көшеге тасталған темекі тұқылы немесе бөтелке үшін міндетті түрде айыппұл төлейтінін білсе, қоқыс жәшігін іздеу әдеті тезірек қалыптасады.
Бірақ мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес. Мектеп бағдарламасына "Тұрмыстық мәдениет және қоғамдағы мінез-құлық негіздері" сияқты пәнді енгізетін уақыт баяғыда келген сияқты. Бұл тек қоқысты жәшікке тастау керек екені туралы ғана емес, сонымен қатар басқа адамдармен бірге өмір сүрудің қарапайым ережелері: қоғамдық орындарда өзін қалай ұстау, ортақ кеңістікке ұқыпты қарау, өзгенің жеке шекарасын құрметтеу туралы болуы тиіс.
Авторы: Юлия Колмогорова
Аударған: Дина Шәріпхан
