“Дәрігер шақырдым, бірақ келмеді“: Қазақстанда кімдерге үйде қызмет көрсетілуі тиіс?
Біз үйге дәрігер шақырту жүйесі қалай жұмыс істейтінін, маман қандай жағдайларда келуге тиіс екенін және ол келмеген жағдайда не істеу керектігін анықтадық - толығырақ Tengri Health материалында.
Дәрігер қашан келуі керек?
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, "дәрігерді үйге шақырту" мемлекеттік қызметтер санатына жатады.
Егер пациент тікелей алғашқы медико-санитарлық көмек (АМСК) ұйымына, яғни емханаға жүгінсе немесе телефон арқылы хабарласса, қызмет өтініш берілген күні көрсетіледі.
Дәл осы ереже электрондық үкімет порталы арқылы өтінім берген кезде де қолданылады.
Бұл ретте әрбір шақыртуға міндетті түрде дәрігер келе бермейді. Пациенттің жағдайына байланысты үйге учаскелік медбике немесе фельдшер келуі мүмкін.Үйге медбике немесе фельдшер қашан жіберіледі?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлері мынадай жағдайларда шақыртуға келе алады:
өтініш берген сәтте пациенттің дене қызуы 38 градустан аспаса;артериялық қысым жоғарылап, бірақ жалпы жағдайы нашарламаған кезде;медициналық көмек пен үй жағдайында кеңес алуды талап ететін, бірақ естен тану, қан кету немесе жағдайының күрт нашарлауы байқалмайтын аурулар, жарақаттар және басқа да жағдайлар кезінде.
Қандай жағдайларда дәрігер келуі тиіс?
Егер пациенттің жағдайы дәл дәрігердің қарауын қажет етсе, маман үйге келеді. Бұл қажеттілікті алғашқы медико-санитарлық көмек ұйымының тіркеу бөлімі, учаскелік медбике немесе шақыртуды орындағаннан кейін фельдшер анықтай алады.
Сондай-ақ медицина қызметкері мынадай пациенттерге үйге келеді:
вакцинациядан кейін жағдайы нашарлағандарға;диспансерлік есепте тұрған, тәулік бойғы стационардан шыққан, бірақ емханаға өз бетінше келе алмайтын жандарға;айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар кезінде. Бұған, мысалы, инфекциялық науқаспен байланыста болу, денеге бөртпе шығуы және инкубациялық кезеңі аяқталмаған инфекциялық аурулар жатады.
"Бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге денсаулығы нашарлаған кез келген жағдайда үйінде қызмет көрсетіледі", - деп толықтырды министрліктің баспасөз қызметі.
65 жастан асқан пациенттердің қозғалысы шектелген болса, мамандар олардың үйіне барады.
Дәрігер келмесе не істеу керек?
Егер медицина қызметкері себепсіз шақыртуға келмесе, пациент шағым түсіре алады.
АМСК ұйымдарында науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау басқармасына хабарласуға болады.
Келмегені үшін дәрігер жазалана ма?
Біз Денсаулық сақтау министрлігінен дәрігер шақыртуға келмеген жағдайда медициналық ұйымның жауапкершілігі қарастырылған ба деп сұрадық.
"Пациенттерге үйінде қызмет көрсету - дәрігердің функционалдық міндеттерінің бірі. Сондықтан ереже бұзылған жағдайда ол тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
