Қазақстандық Instagram-дағы лайк үшін ауыр қылмыс жасаған
Батыс Қазақстан облысында ер адам әйелінің Instagram-дағы жазбаларына қойылған "лайктар" үшін ауыр қылмыс жасады. Жақында оған қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға биыл мамырда болған. Соттың анықтауынша, ер адам мен әлеуметтік желідегі жеке парақшасында әйелінің суреттеріне "лайк" басу абайсыздығын жасаған басқа ер адамның арасында жанжал туындаған.
Жанжал кезінде сотталушы алдын ала дайындап әкелген жиналмалы пышақты шығарып, жәбірленушіні үш рет ұрған. Екі соққы қуық тұсына, ал біреуі жауырын аймағына тиген. Нәтижесінде ер адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте, ашық сот отырысында, аудио және бейнежазба құралдарын қолданумен қаралды.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді, жәбірленушіден кешірім сұрады, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынына сотты сендірді. Ер адам өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот оны кінәлі деп танып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім заңды күшіне енді.
