Қарағандыдағы отбасылық жанжал және әйел өлімі: туыстары мен полиция не дейді?
2025 жылдың шілдесінде Қарағандыда 28 жастағы Динара Мыңбаева қайтыс болды. Өлер алдында ол туыстарына хабарласып, өзін күйеуінен алып кетуді өтінген, сондай-ақ отбасылық жанжалдан кейін полицияға жүгінген. Келесі күні әйелдің асылып тұрған денесі табылды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеуді жалғастырып жатыр, ал оның жақындары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды сұрайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мені бұл жерден алып кетіңіздер" - Динара Мыңбаева бұл сөзді өлімінен аз уақыт бұрын туыстарына айтқан. Әйел 2025 жылдың 3 шілдесінде қайтыс болды, артында екі кішкентай ұлы қалды. Туыстарының айтуынша, кейінгі жылдары Динараның отбасында жанжалдар, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары болып келген. Қазір жақындары оның өліміне қатысты мән-жайлардың толық тергелуін талап етіп жатыр.
Динараның әпкесі Әсел Тұрдықұлова Tengrinews.kz тілшісіне әйелдің өмірінің соңғы сағаттары және отбасының айтуынша, әзірге жауабы жоқ сұрақтар туралы айтып берді.
Динара 2020 жылы тұрмысқа шыққан. Ал екі жылдан кейін жұбайымен бірге Сарыағаштан Қарағандыға көшіп келген. Ерлі-зайыптының екі ұлы бар, қазір үлкені төртте, кішісі екі жарым жас шамасында.
Суретте марқұм Динара Мыңбаева. Фотоны туыстары ұсынды
Әселдің айтуынша, сіңлісінің отбасындағы мәселелер бірден басталмаған. Туыстарына белгілі болған алғашқы қол көтеру оқиғасы шамамен 2024 жылы болған.
"Кезектегі бір жанжалдан кейін Динара әкесіне қоңырау шалып, оны алып кетуді өтінді. Әкем Шымкенттен Қарағандыға келді. Бір айға жуық ол ата-анасының үйінде болды. Ата-анам оны жұбайына қайтарғысы келмеді. Алайда кейінірек Динараның күйеуі келіп, кешірім сұрап, енді оған қол көтермеуге уәде берді. Динара оған сеніп, қайтып барды", - деді Әсел Тұрдықұлова.
"Бәрі өзгереді деп үміттенді"
Әпкесінің айтуынша, жағдай қайталанған. 2025 жылдың көктемінде, Динараның өлімінен шамамен үш ай бұрын Әсел Қарағандыға келіп, сіңлісінің жылап отырғанын көрген.
"Ол маған: "Мені бұл жерден алып кетіңіздерші" деді. Біз сол кезде күйеуімен сөйлестік, ол бәрін түсінгендей болды. Кейін отбасындағы қарым-қатынас түзелгендей көрінді. Жанжалдардың жалғасып жатқанын тіпті білмедік те", - деп еске алады әйел.
Соңғы қоңыраулар
2 шілде күні кешке Динара анасына тағы да хабарласып, өзін алып кетуді өтінген. Ата-анасы ертең-ақ жолға шығатындарын айтып уәде берген. Бірақ келесі күні-ақ оның асылып тұрған жерінен табылғанын естіген.
"Сол түні ол тек ата-анасына ғана емес, соққыға жығылғанын айтып полицияға да хабарласқан. Полиция келіп, күйеуін алып кеткен, бірақ белгісіз себептермен екі сағаттан кейін босатып жіберген. Осыдан кейін ол үйге келіп, жанжал жалғасты ма деп болжаймыз. Күйеуінің айтуынша, Динара таңғы сағат 9-дар шамасында асылған. Ал бізге бұл туралы тек түстен кейін хабарлады. Полиция мен жедел жәрдемге де хабар бірден түспеген. Біз оның өмірінің соңғы сағаттарындағы оқиғалар тізбегін қалпына келтіріп, нақты не болғанын анықтауға тырысып жатырмыз", - дейді марқұмның әпкесі Әсел Тұрдықұлова.
Әйелдің денесіндегі дақтарды байқаған
Әселдің айтуынша, сіңлісі қайтыс болғаннан кейін туыстары оның бетінен, басынан, мойнынан және құлақ маңынан ісіктер мен гематомаға ұқсас дақтарды байқаған. Отбасы бұл өзгерістердің немен байланысты болуы мүмкін екенін анықтағысы келеді.
Сондай-ақ туыстары тергеуге фотосуреттерді, хаттар мен сөйлесулердің бірінің аудиожазбасын ұсынуға дайын. Қазір олар тергеу барысы туралы ақпарат күтіп отыр. Динараның балалары күйеуінің ата-анасының қолында.
Полиция не дейді?
Tengrinews.kz редакциясы Қарағанды облысының полиция департаментіне ақпарат алу үшін жүгінді, онда әйелдің өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
"Аталған дерек бойынша "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде әйелдің өліміне дейін болған жағдайларды тексеріп жатыр", - деп хабарлады ведомство.
Баспасөз қызметі оның алдында ерлі-зайыпты арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болғанын қосып өтті. Әйел полицияға жүгінген.
"Хабарламаға полиция қызметкерлері жауап берді, ер адам мән-жайды анықтау үшін полицияға жеткізілді. Оған қатысты әкімшілік материал толтырылды. Бұл ретте, әйелдің бұған дейін отбасылық жанжалдарға байланысты бірнеше рет полицияға жүгінгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл оның ішкі істер органдарына алғашқы жүгінуі болатын. Бұған дейін одан күйеуіне қатысты арыз-шағымдар түспеген. Полиция бөліміндегі іс жүргізуден кейін ер адам тұрғылықты жеріне оралмай, бірден Абай қаласына кеткен. Ол жерде таңға дейін болған. Оның аталған кезеңдегі жүрген жері анықталып, тергеу барысында расталды", - деп атап өтті ПД.
Сондай-ақ департамент марқұмның денесінен жарақаттар табылмағанын хабарлады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде әйелдің өліміне дейінгі жағдайлар және олардың оқиғамен ықтимал байланысы тексеріліп жатыр. Өлім себептері туралы түпкілікті қорытынды тергеу аяқталғаннан кейін жасалады.
"Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оның нәтижесі бойынша барлық анықталған мән-жайға құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес түпкілікті процестік шешім қабылданады", – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомство БАҚ пен әлеуметтік желі пайдаланушыларын тергеу аяқталғанға дейін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
