Добавить новость
ru24.net
World News
Октябрь
2026
1 2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Бір пациентке 15 минут және түнгі жұмыс. Неге отбасылық дәрігердің уақыты жоқ?

0
Таңғы сегіз. Емханада жалпы тәжірибедегі дәрігердің қабылдауы басталады. Алдағы алты сағатта оның кабинетіне жазылу бойынша 24 пациент келуі тиіс - әрқайсына шамамен 15 минуттан бөлінген.
Ширек сағат ішінде дәрігер шағымдарды тыңдап, анамнез жинап, адамды қарап шығуы, алдын ала диагноз қоюы, талдаулар мен тексерулердің қажеттілігін шешуі, ем тағайындауы немесе қай маманға жіберу керек екенін анықтауы қажет. Осының бәрін ақпараттық жүйеге тіркеп үлгеруі тиіс.
Tengri Health тілшісі жалпы тәжірибедегі дәрігермен жұмыс жүктемесі, міндеттері мен жалақысы туралы сөйлесті. Бүгінгі кейіпкеріміз - жалпы тәжірибедегі дәрігер Бекжан Намет және оның әдеттегі жұмыс күні. Бұл - "Алғашқы буын: медицина неден басталады" сериясының үшінші материалы.
Жоспар бойынша 24 пациент, іс жүзінде - 50-ге дейін
Емхана дәрігерінің жұмыс күні - сегіз сағат. Оның алты сағаты науқастарды қабылдауға арналады. Орта есеппен бір адамға 15 минуттан, яғни бір ауысымда 24 пациент - бұл белгіленген норматив. Егер бәрі ойдағыдай өтсе, бұл жақсы күн болып есептеледі.
Бекжан Намет Астанадағы "Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) орталығында" жұмыс істейді. Жалпы Тәжірибедегі дәрігерді қысқаша ЖТД немесе отбасылық дәрігер деп атайды. Бұл - көп таралған ауруларды емдейтін және қажет болған жағдайда тар бейінді мамандарға жолдама беретін сіздің учаскелік дәрігеріңіз.
Емханаларда терапевтер мен педиатрлар да бар, бірақ олар аз - қазір Қазақстандағы "алғашқы буынның" негізі дәл осы жалпы тәжірибедегі дәрігерлер.
Анықтама: Қазақстанда қызмет көрсетудің отбасылық принципі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, яғни емханалар жұмысының негізгі принциптерінің бірі ретінде бекітілген. Ол аурулардың алдын алуға баса назар аудара отырып, адамның денсаулығын оның жасы мен отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, өмір бойы бақылауды көздейді. Мұндай көмекті отбасылық дәрігерлер мен алғашқы буынның басқа да мамандары көрсетеді.
Жалпы тәжірибедегі дәрігер Бекжан Намет. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Бекжан жасырмайды: әдетте учаскелік дәрігерге жазылусыз келген адамдарды да қабылдауға тура келеді - бұл шамамен 15–20 пайыз. Әріптесі ауырып қалса, оның учаскесіндегі пациенттері қалған дәрігерлерге бөлінеді.

"Сол кезде пациенттер саны артады: нәтижесінде дәрігер бір күнде 40–50 адамға дейін қабылдайды", - дейді Бекжан Намет.

Науқастардың саны ғана нақты жүктемені көрсетпейді. Көп нәрсе олардың мәселесі мен сұранысына байланысты.
Бірі нақты шағыммен келеді, оны дәрігер бөлінген ширек сағатта қарап үлгереді. Енді бірі - бірнеше созылмалы ауруы, тексеру нәтижелері және ұзақ емделу тарихымен келеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"15 минут ішінде дәрігер шағымдарды жинап, тексеру жүргізіп, алдын ала диагноз қоюы керек. Бірақ бұл уақыт жетпейтін күрделі пациенттер мен жағдайлар болады. Ондайда қабылдау 30 минутқа, кейде тіпті бір сағатқа созылуы мүмкін", - деп түсіндірді Намет.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Бірақ одан кейін жазылған пациенттер ешқайда кетпейді. Олар күтіп отырады.

"Біз бәрін түсіндіреміз. Қабылдаудан бас тартпаймыз, сөйлесеміз. Бірақ адамдардың реакциясы әртүрлі болады - бұл психологиялық тұрғыдан ауыр", - дейді дәрігер.

Егер бір келгеннен мәселені шешу мүмкін болмаса, дәрігер қайта қабылдау тағайындайды. Немесе емхана меңгерушісі мен бейінді маманның қатысуымен мультидисциплинарлық топ жинайды.
Егер бір дәрігер жұмысқа шықпаса, 24 пациент 48-ге айналады
Намет жұмыс істейтін емханада сегіз дәрігер бар. Егер біреуі ауырып қалса немесе басқа себеппен шықпаса, оның пациенттерін әріптестері қабылдауы тиіс. Ондай кезде жұмыс күнінің стандартты есебі мүлдем бұзылады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Менің қабылдауым таңғы сегізден күндізгі екіге дейін. Айтқанымдай, әдетте 24 адам жазылады. Егер әріптесім екеуміздің қабылдау уақытымыз сәйкес келсе, оның пациенттері де маған келеді. Сонда 48 пациент болады", - деді дәрігер.

Біз Бекжаннан мұндай режимде жұмыс істеу қаншалықты қиын екенін сұрадық.
Жалпы тәжірибедегі дәрігер Бекжан Намет. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Бұл - ауыр жұмыс. Әрқайсына көңіл бөліп, ем тағайындап, алдын ала диагноз қою керек. Әрі қарай не істеу керек екенін өзіміз осы жерде шешуіміз қажет", - деп жауап берді ол.

Тыңдап отырып іштей ойланамын: отбасылық дәрігер күніне елу шақты адамды қабылдаса, отбасылық медицинадан не қалады? Бұл сұрақты жадымда сақтап қойдым.
14:00-де қабылдау аяқталды. Бірақ жұмыс біткен жоқ
Алты сағаттық қабылдаудан кейін учаскеде тағы екі сағат уақыт қалады. Бірақ бұл бос уақыт емес.
Тілші Рабиға Дүйсенғұлова мен Бекжан Намет. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Үзінді көшірмелер мен мүгедектік бойынша құжаттарды ресімдеп үлгеру керек, жағдайы ауыр науқастар мен сәбилерді үйлеріне барып қарау қажет - олар әдетте учаскеде болады. Осының бәрі қалған екі сағаттың ішінде атқарылуы тиіс", - деп түсіндірді Намет.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Бірақ бұл уақыт әрдайым жете бермейді. Сегіз сағаттан кейін жұмыс күні ресми түрде аяқталуы тиіс, бірақ іс жүзінде...

"Егер үлгермесек, жұмысты үйге алып кетіп, келесі күні бәрі дайын болуы үшін аяқтаймыз", - дейді ол ағынан жарылып.

Бір дәрігерге 1 800 адам: жүктеме қандай болуы керек?
Бекжан Наметтің учаскесінде 1 800-ге жуық тіркелген пациент бар. Олардың барлығына бір учаскелік дәрігер мен мейіргер қызмет көрсетеді.
Дәрігер өз пациенттерін танып, оларды жылдар бойы бақылауда ұстауы, отбасылық ауру тарихын білуі, аурудың алдын алумен айналысуы, созылмалы ауруларды бақылауы және адам денсаулығындағы өзгерістерді бірінші болып байқауы тиіс деп есептеледі. Отбасылық медицинаның принципі де осында. 
Бұл тәжірибеде жүзеге асып жатыр ма?
Бекжанның айтуынша, кейбір адамдар емханаға мезгіл-мезгіл келіп тұрады, ал учаскелік дәрігерге мүлдем жүгінбейтіндер де бар. Сондықтан екі мыңға жуық адамның әрқайсының ауру тарихын жатқа білу мүмкін емес - бұл ретте барлық дәрігер қолданатын медициналық ақпараттық жүйе көмекке келеді.
Бірақ ЖТД (жалпы тәжірибелік дәрігер) шынымен де өте ұзақ уақыт бақылайтын науқастар санаты бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Бұл негізінен екі, үш, төрт жыл бойы менің бақылауымда жүрген созылмалы ауруы бар пациенттер. Кейбіреулері туғаннан бері осы учаскеде тіркеуде тұр - біз оларды жақсы танимыз", - дейді Намет.

Оның сөзінше, отбасылық медицинаның мәні дәл осындай жағдайларда көрініс табады.

"Мен пациенттерді жылдар бойы бақылаймын. Бұл аурудың динамикасын көруге, алдыңғы терапия мен әлеуметтік-психологиялық тәуекелдерді ескере отырып, емдеуді бағалауға мүмкіндік береді. Біз адамды білеміз - оған не көмектесетінін, не көмектеспейтінін түсінеміз. Асқынуды байқасақ, бірден әрекет етіп, емдеуді түзетеміз", - деп түсіндірді ол.

Бекжаннан: "Күніне кабинетіңізден елуге жуық адам өтетінін ескерсек, учаскелік дәрігер отбасылық дәрігер болып қала бере ме?" деп сұрадым. 
Біздің кейіпкеріміз бұған еш күмән келтірмейді:

"Иә, мен өзімді отбасылық дәрігермін деп айта аламын. Емханада қызмет көрсетудің отбасылық принципі қолданылады. Біз адам денсаулығын туғаннан бастап бақылаймыз. Оның жай-күйін, психологиясын, отбасы құрамын, кімнің қайда жұмыс істейтінін, материалдық мүмкіндіктерін білеміз. Бұл - мейіргерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және басқа да мамандар қатысатын командалық жұмыс", - дейді дәрігер.

Бұл - нақты бір дәрігер мен нақты бір орталықтың жұмыс мысалы. Бірақ бұл модельді бүкіл ел бойынша енгізу қаншалықты мүмкін?
9 512 дәрігер және тағы 1 607 бос жұмыс орны
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 687 АМСК (алғашқы медициналық-санитариялық көмек) ұйымы жұмыс істеген, оның 355-і мемлекеттік және 332-і жекеменшік.
Бұл тек үйреншікті аудандық және қалалық емханалар ғана емес, сонымен қатар АМСК орталықтары, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар (отбасылық денсаулық орталықтары) және Астанадағы Бекжан Намет жұмыс істейтін Республикалық АМСК орталығы.
Ел бойынша емханаларға 20,4 миллионнан аса адам - ересектер мен балалар тіркелген. Оларды 9 512 жалпы тәжірибелік дәрігер, 483 терапевт және 898 педиатр қабылдайды. 
Министрлік 1 607 жалпы тәжірибелік дәрігердің тапшылығын бағалап отыр. ЖТД қызметінде орта медициналық персонал да жетіспейді: ресми мәлімет бойынша - 4 012 адам.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, орташа жүктеме мінсіз дерлік көрінеді:

Норматив 2 000-ға дейін болса, бір ЖТД-ға 1 936 тіркелген адамнан келеді,
Норматив 2 200-ге дейін болса, бір терапевтке 2 473 адамнан келеді,
Норматив 900 болса, бір педиатрға 943 адамнан келеді.

Елдегі орташа жүктеме нормативке жақын бола тұра, қалайша бір мезгілде бір жарым мыңнан аса отбасылық дәрігер жетіспеуі мүмкін? Біз бұл сауалды Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Дамила Нұғмановаға қойдық. 
Оның пікірінше, мәселе дәл осы "орташа" деген сөзде жатыр.

"Елімізде пациенттер тіркелген учаскелер біркелкі емес. Ауылдық жерлерде халық тығыздығы төмен - кең алқапта адам аз тұрады. Жалпы тәжірибелік дәрігерге тіркелгендер саны мыңнан аз болуы мүмкін. Ал қалаларда, керісінше, тығыздық жоғары. Мұнда учаскелік дәрігерлер жетіспейді, сондықтан бір дәрігерге екі мыңнан әлдеқайда көп халық келуі мүмкін. Сондықтан орташа жүктеме нақты жағдайды көрсетпейді".
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Дамиля Нұғманова
Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті



Анықтама: Дамиля Нұғманова - медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті, Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымының (WONCA) Дүниежүзілік кеңесінің мүшесі.
Нұғманованың айтуынша, WONCA бір отбасылық дәрігерге орташа есеппен аралас халықтың (яғни балалар мен ересектерді қоса алғанда) 1 500-ге жуық адамын тіркеуді ұсынады.
Бірақ шарттың екінші бөлігі де өте маңызды: дәрігердің үлкен көмекшілер командасы болуы керек. Олар – мейірбикелер, тіркеушілер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, оңалту және паллиативтік көмек мамандары мен техникалық персонал.
Анықтама: WONCA (World Organization of Family Doctors) - Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымы, халықаралық кәсіби бірлестік. Ұйым әртүрлі елдердің отбасылық медицина саласындағы ұлттық кәсіби қауымдастықтарының басын біріктіреді және алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен отбасылық медицинаны дамытумен айналысады.
Пациенттер саны әрдайым нақты жүктемені көрсете бермейді
Біз жүктеме мәселесін Бекжан Наметпен де талқыладық. Ол тағы бір жайтқа назар аудартады: тіркелген адам саны бірдей екі учаске дәрігерден мүлдем басқаша күш-жігерді талап етуі мүмкін.
Мүгедектігі бар жандар, созылмалы ауруы асқынғандар, төсек тартып жатқан науқастар көп тұратын аумақтар бар. Олардың үйіне бару, ауруханаға жатқызуды ресімдеу, үзінді көшірмелер дайындау қажет.

"Тек ауыр ғана емес, үйінде көз жұмып жатқан пациенттер бар. Күрделі диагнозы бар балалар бар. Бұл – үлкен психоэмоционалдық жүктеме", - деп түсіндіреді Намет.

Оның байқауынша, әсіресе қиын учаскелерде дәрігерлер тіпті бір жыл да тұрақтамауы мүмкін.

"Олар үш-төрт ай жұмыс істейді де, кетіп қалады. Тез қажып кетеді", - дейді ол.

Намет жұмыс күні аяқталса да, ойынан кетпейтін жағдайларды еске алды.
Оның учаскесінде баласы лейкозбен ауыратын әйел бақылауда болған. Бала ұзақ емделіп, химиялық терапиядан өткен, бірақ, өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

"Дәрігер бұған өзі де кінәлімін деп ойлайды. Біз мыңдаған адамның алдымыздан өткенін, оларға көмектескенімізді ұмытып кетеміз. Бұл ауыр тиеді. Дәрігерлерге көмек, қолдау керек", - деп бөлісті Намет.

Ол жұмыс істейтін Республикалық АМСК (алғашқы медициналық-санитарлық көмек) орталығында психолог бар. Бірақ Наметтің өзі оған бармаған.

"Психолог бар екені ойымызға да кірмейді. Таңертеңгі сегізде емханаға кіресің - болды, жұмыс қызып кетеді", - дейді ол ағынан жарылып.

Орталықта демалыс бөлмесі де бар.

"Ол туралы да ұмытып кетеміз, тіпті дұрыс тамақтануға да уақыт табылмай жатады", - деп қосты ол.

Жалпы тәжірибедегі дәрігер жұмысының ерекшелігін көптеген нормативтерден артық көрсететін қарапайым тұрмыстық детальды сипаттап өтейін. Дәрігерлер үшін түскі үзіліс қарастырылған. Бірақ алдымен қабылдауды аяқтау керек.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Себебі адамдар кезекте тұр, олар күтіп отыр. Сондықтан кейде түскі мерзімсіз болады: кола, сэндвич немесе бутерброд. Қалай тамақтану керегін жақсы білеміз. Бірақ көбіне бұл ережелерді өзіміз сақтамаймыз", - деп жасырмады дәрігер.

"Жалпы практика дәрігерін оператор дегенмен келіспеймін"
Алғашқы медициналық көмектің қазіргі үлгісіне айтылатын сынның бірі: жалпы тәжірибе дәрігері тек анализдерге, тексерулерге немесе бейінді маманға жолдама беретін аралық буынға, диспетчерге немесе операторға айналып кетті.
Бекжан Намет бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспейді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Ол жақсы отбасылық дәрігердің негізгі функцияларының бірі - пациентті ол сұраған жаққа жібере салу емес, мәселенің басым бөлігін өз бетінше шешу деп санайды. Содан кейін ғана кімге шынымен мамандандырылған көмек - анализдер немесе қосымша кеңестер қажет екенін анықтау керек.

"Егер жалпы тәжірибе дәрігері анықтама бюросы сияқты отырып, бәрін бейінді мамандарға жібере берсе, әріптестерімізге үлкен жүктеме түседі, пациенттер қабылдауды бір-екі ай күтетін болады. Сондықтан біз науқастарды қарап, іріктеп, әрі қарай не істеу керегін шешеміз".

Наметтің бағалауы бойынша, тәжірибелі дәрігер өзіне жүгінген мәселелердің шамамен 70 пайызын өз бетінше шешуі тиіс, тек үштен бір жағдайда ғана әрі қарай жолдауы керек.
Бірақ мұнда дәрігер маңызды ескерту жасайды:

"Егер дәрігердің өтілі болса, емдеу хаттамаларының бәрін білсе, ол шешімді сол жерде қабылдай алады. Бірақ университетті бітіріп, учаскеге жаңадан келген дәрігерлер кейде пациенттерді бейінді мамандарға "футбол ойнағандай" сілтей салады. Олар дербестіктен қорқады, дәрі-дәрмек немесе тексеру тағайындауға бата алмайды".

"Шешім қабылдағаннан көрі, пациентті басқаға жібере салу оңайырақ"
Учаскелік дәрігер тек жолдама жазатын "диспетчерге" айналып кеткен жоқ па деген сұраққа Дамиля Нұғманова "иә" деп жауап береді. Оның пікірінше, бұл жағдай бірнеше себептен қалыптасқан.

Біріншісі - жалпы практика дәрігерінің электрондық нысандарды, регистрлер мен порталдарды толтырудан қол босамауы.
Екіншісі - тұрақты тексерулер, сөгіс алу және айыппұл төлеу қаупі.
Үшіншісі - жұмыс жағдайы.
Төртіншісі - дәрігердің құқықтық тұрғыдан қорғалмауы.


"Сондықтан пациенттің тексерілуі мен еміне қатысты өз бетінше шешім қабылдағаннан көрі, оны басқа маманға бағыттай салған әлдеқайда оңай. Жалпы практикалық дәрігерге көптеген міндет жүктелген, бірақ олардың көбі қосымша сипатта, дербес емес", - деп түсіндіреді Нұғманова.

Ол мамандардан талап етілетін көрсеткіштер "соңынан қууды" бөлек атап өтті (сөз, мысалы, учаскедегі вакцинация немесе скрининг көрсеткіштері туралы болып отыр - ред. ескертпесі). Сарапшының пікірінше, мұның бәрі біртіндеп учаскелік дәрігердің дербестігін шектеп, жауапкершілікті келесі кезеңге ысыруға мәжбүрлейді.
Осы тұста сұхбаттастарымыздың бір-біріне қайшы келетіндей көрінген екі пікірі күтпеген жерден тоқайласады.
Дәрігер күніне 40 пациент қабылдағанда не болады?
Бекжан Намет шамадан тыс жүктеме кезінде Нұғманова сипаттаған механизмнің расында да іске қосылуы мүмкін екенін мойындайды.
Бекжан Наметтің әріптесі қабылдау кезінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев

"Жүктеме тым көп болса, дәрігердің шағымдарды сапалы жинап, қарап-тексеруге, ілеспе ауруларды анықтауға, зерттеу нәтижелерін бағалауға, емдеу мен алдын алу жоспарын түсіндіруге үлгермеу қаупі артады. Содан кейін ол адамды әрі қарай - бейінді маманға бағыттайды", - дейді учаскелік дәрігер.

Егер мұндай принцип жиі қайталанса, жүктеме бастапқы көмек жүйесінің бір буынынан екіншісіне ауысады. Яғни, учаскелік дәрігерден бейінді маманға өтеді.

"Мұндай жағдайда жүйе істен шығады", - деп толықтырды Намет.

254 миллион жолдама: ресми статистика не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігі біздің сауалға берген жауабында, 2025 жылы АМСК ұйымдары консультациялық-диагностикалық қызметтерге 254 434 869 жолдама (КДҚ) бергенін хабарлады.
2026 жылдың алғашқы алты айында тағы 142 418 754 жолдама берілген, бұл - өткен жылғы жалпы көлемнің 56 пайызы.
Дегенмен ведомство жауабынан статистикада бір КДҚ жолдамасы ретінде нақты не есептелетіні түсініксіз. Сондықтан бұл санды келушілер санына бөліп, бір қабылдауға қанша жолдамадан келетіні туралы қорытынды жасау дұрыс болмас еді.
Дамиля Нұғманова да жолдамалар санын отбасылық дәрігер жұмысының сапасын тікелей бағалау көрсеткіші ретінде қарастыруға болмайтынын айтады.

"КДҚ санының артуы бастапқы буын жұмысының нашарлауынан емес, қаржыландыру туралы шешімдердің салдарынан болуы мүмкін. Мысалы, емханада мұндай қызметтерге ақша болса - жолдама береді, болмаса - күте тұруды өтінеді немесе өздері кеңес береді", - деп түсіндіреді сарапшы бұл механизмді.

Бұл ретте Нұғманова пациенттің алдымен отбасылық дәрігерге баруы тиіс деген принциптің өзін қолдайды.

"Қарапайым адам өзіне қандай талдаулар, тексерулер керек екенін, қай маманға көріну қажет екенін өз бетінше шеше алмайды. Бұған отбасылық дәрігер көмектесуі тиіс", - дейді ол.

Демек, мәселе өзіндік "сүзгі" болуы тиіс маманның жұмысбастылығынан немесе дербес шешім қабылдай алмауынан бұл міндетті орындамауынан басталады.
Неге учаскелік дәрігерлер жиі ауысады?
Наметтің пікірінше, жас дәрігер пациент мәселелерінің 70 пайызын өз бетінше шеше алатын тәжірибелі отбасылық маман болуы үшін бастапқы буында жеткілікті уақыт жұмыс істеуі керек.
Неліктен көбіне бұлай болмайды?
Нұғманова учаскедегі дәрігерлердің тез ауысуын бастапқы буынның әлсіз тұстарының бірі деп санайды.

"Қазір отбасылық медицина принциптері толық жүзеге асырылмаған. Аралас учаскелер құрылды: жалпы практикалық дәрігерге балалар, ересектер және фертильді жастағы әйелдер бекітілген. Жалпы дәрігерлік тәжірибе бөлімшелері жұмыс істейді. Нәтижесінде АМСК-да отбасылық медицинаны қолдануға мүмкіндік туды", - дейді сарапшы.

Бірақ әрі қарай, оның пікірінше, жүйе медициналық жоғары оқу орнының түлегі осы салаға келуге, ал жұмыс істеп жүрген дәрігер бір учаскеде жылдар бойы қалуға мүдделі болатындай жағдай жасамай отыр.
Ол былай деп есептейді: қазір бастапқы буынға жетіспейтін 1 607 дәрігерді жұмысқа алғанның өзінде, бұл мәселені шешпейді. Себебі бұл еңбек жағдайына және жалпы бастапқы көмектің ұйымдастырылуына байланысты.
Бекжан Намет жас дәрігерге не қажет деген сұраққа алдымен: нормативтердің сақталуы, өзімен бірге жұмыс істейтін учаскедегі үш медбике, тәлімгерлік және кәсіби даму мүмкіндігі деп жауап берді.
Ал біз қарапайым тілмен айтуын өтінгенде, ол былай деді:

"Жалақы. Негізгі ынталандыру - отбасын асырауға мүмкіндік беретін ақша".

Дәрігерлер неге екі-үш жерде жұмыс істейді: жалақы туралы ашық айтылды?
Бекжан Намет жалпы тәжірибедегі дәрігердің базалық айлығы шамамен 250 мың теңге болатынын айтады.
Бұл соманың сыртында учаскелік дәрігердің жұмыс көрсеткіштеріне байланысты төленетін ынталандырушы компонент бар. Бірақ, сұхбаттасушымыздың айтуынша, мұны да кепілдендірілген жоғары табыс деп айту қиын.

"Жалпы тәжірибедегі дәрігердің жалақысы негізінен жетпейді. Егер адам жалдамалы пәтерде тұрса - үлкен қалада тек жалдау ақысына 200 мың кетеді, оған азық-түлікті қосыңыз. Сосын не істеу керек? Сондықтан дәрігерлер екі-үш жерде жұмыс істейді", - дейді Намет.

Ол кейбір әріптестерінің сегіз сағаттан асып кететін жұмыс кестесін сипаттап берді.

"Алдымен емханадағы қабылдау, содан кейін - жеке клиникада. Түнде - ауруханада кезекшілік. Осындайдан кейін жұмыс сапасы қандай болмақ? Қалпына келу қайда?", - деп сұрайды ЖТД.

Жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің көбі бірнеше жерде жұмыс істей ме деген нақтылаушы сұраққа Намет қысқа қайырды:

"Дерлік барлығы бірнеше жерде жұмыс істейді".

Бұл - ресми статистика емес, жүйенің ішінде жүрген маманның пікірі. Бірақ бұл мәселенің жиі айтыла бермейтін тағы бір қырын көрсетеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
"Сонда дәрігер бір учаскеде 10 жыл отыратын болады"
Біз Наметтен ЖПД қанша табыс табуы керек деп сұрадық. Ол 500–700 мың теңгеден миллионға дейінгі соманы атады.
Бірақ бұл жердегі ең қызықтысы - цифрдың өзі емес, оның пікірінше, осы жалақының арқасында ненің өзгеретіні.

"Егер жалақы отбасын асырауға жетсе, кім кетеді? Мұндай жұмыстан ешкім кетпейді. Сонда сапа болады. Дәрігер бір учаскеде 10 жыл қалады. Барлығын танитын болады. Маршруттау, профилактика, сапа - мұның бәрі болады", - деп есептейді Намет.

Отбасылық дәрігердің жүктемесін қалай жеңілдетуге болады және жүйені өзгерту қажет пе?
Нұғманованың пікірінше, жалпы практикалық дәрігердің өмірін жеңілдетуге болады. Стандартты сауалнама жүргізуді, дене қызуын, қан қысымын, тамыр соғысын, бойын, салмағын және сатурацияны өлшеуді мейірбикелерге тапсыруға болады, қазір мұны жүзеге асыруға талпыныс жасалып жатыр.
Намет мұндай жұмыстың бір бөлігін мейірбикелердің өз бетінше орындап жүргенін растады. Олар динамикалық бақылаудың бір бөлігін жүргізе алады, негізгі көрсеткіштерді өлшейді, пациенттерді шақырады, анализдердің тапсырылуын және рецепттердің жазылуын бақылайды.

"Медициналық диагноз қою, тактика таңдау, ем тағайындау дәрігердің құзырында қалады", - дейді ол.

Бірақ Нұғманова бұдан да әріге баруға болатынын айтады - сонда дәрігерге қабылдаудың 15 минуты да жеткілікті болады.

"ЖТД көп уақыт жұмсайтын сауалнама алу, медициналық ақпараттық жүйелердегі формаларды толтыру, негізгі өлшеулерді мейірбикелер жүргізуі тиіс. Сонда дәрігерге қабылдау үшін сағаттың төрттен бірі де жетеді. АҚШ-та дәрігер кабинетке мейірбикенің жұмысынан кейін кіреді, ауру адам шешініп, дәрігердің қарауына дайын отырады. Көптеген елде дәрігердің уақыты мен зейінін бағалайды, оның интеллектуалдық еңбегін барынша жеңілдетіп, механикалық жұмыстан босатуға тырысады", - деп түсіндірді ол.

Нұғманова алғашқы көмекке үлкен әкімшілік және қаржылық дербестік қажет деп санайды.
Ол отбасылық дәрігер шектеулі сандағы тіркелген тұрғындарға қызмет көрсету үшін мемлекетпен тікелей келісімшарт жасап, жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын модельді қарастыруды ұсынады. Сонда ол өзінің командасын өзі жасақтай алар еді.

"АМСК, оның ішінде осы жүйенің негізгі тұлғасы - отбасылық дәрігер дамуы үшін олардың мамандандырылған көмек пен ауруханалардан дербестігі мен тәуелсіздігі қажет", - дейді Нұғманова сеніммен.

Сондықтан, бәлкім, бүгінгі басты мәселе Қазақстанда отбасылық медицинаның бар-жоғында емес шығар. Ол бар. Мәселе басқада: дәрігердің өз учаскесінде ұзақ қалып, өз пациенттерін жылдар бойы емдеуге мүмкіндігі мен ынтасы болуы үшін жүйе тағы не беруі керек?
Авторы: Рабиға Дүйсенғұлова
Аударған: Дина Шәріпхан



Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса