Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасарын тағайындады
Айтқұрман Омарбеков қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының өкімімен Айтқұрман Жоламанұлы Омарбеков Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген ақпаратта.
2022 жылғы қаңтарда Айтқұрман Омарбеков Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сол жылдың ақпан айында ол Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
Қазанда Айтқұрман Омарбековке Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнайы атағы берілген.
Еске салайық, 3 қазанда Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі үш басшыны қызметінен босатты. Атап айтқанда, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Қаныш Әбубәкіров, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Джумакеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен кетті.
Бұған дейін 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
