Әйелді сәбиімен қағып, қашып кеткен: полиция Қызылордадан шығар жолдарда режимді күшейтті
Жақында Қазнетті Қызылордадағы қайғылы жол апаты дүр сілкіндірді: Mitsubishi Lancer жүргізушісі бес айлық баласы бар әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Tengrinews.kz зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы білді.
"Қағып, қашып кеткен": оқиға қалай болды?
Жақында жүргізуші бес айлық сәбиі бар 26 жастағы әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Кейін әлеуметтік желілерде нәрестенің алған жарақаттарынан қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
16 қазанда Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнын тастап кету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.
Зардап шегушінің жағдайы
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен әйелдің жағдайына қатысты жауап берді. Мәлімет бойынша, пациент 13 қазан күні сағат 18:00-де түскен және қазіргі уақытта көпбейінді облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр.
"Пациенттің жағдайы алған жарақаттарына байланысты тұрақты ауыр деп бағаланды. Ол жансақтау бөліміне есін білген күйде түсті, өздігінен тыныс алып жатыр, гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты, энцефалопатия белгілері сақталып отыр. Пациент қарқынды терапия алып жатыр", - деп нақтылады ведомство.
Зардап шеккен әйелге бастың ауыр жарақаты, қабырғалардың, бұғананың, жамбас сүйектерінің сынуы, сондай-ақ өкпенің соғылуы диагнозы қойылған. Оның жағдайын III дәрежелі травматикалық шок қиындата түскен.
Денсаулық сақтау басқармасы жол апатынан кейін қаладағы ауруханалардың біріне сәбидің де жеткізілгенін айтты.
"Бес айлық нәрестені жедел жәрдем бригадасы 13 қазан күні сағат 17:33-те көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізді. Қабылдау бөлімінің "қызыл аймағында" сағат 17:33-те бірден толық көлемде реанимациялық шаралар басталды. Бала өмірмен жанаспайтын ауыр жарақаттар алған. Реанимациялық шараларға қарамастан, сағат 19:05-те биологиялық өлім тіркелді", - деп хабарлады ведомство.
Күдікті табылды ма?
16 қазанда өңірлік полиция күдіктінің тұлғасы анықталғанын, алайда оны іздестіру шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
"Қызылорда облысының полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық шараны қабылдап жатыр. Қаладан шығу жолдарында өткізу режимі күшейтілді. Күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларына департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды", – деп хабарлаған болатын бұған дейін полиция.
Алайда 20 қазан, сағат 14:30-дағы жағдай бойынша күдікті жүргізуші әлі табылған жоқ.
Бұған дейін, 5 қазанда Алматы облысында Chevrolet Cobalt жүргізушісі жол жиегінде отырған балаларды қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Жол апаты болған сәт видеоға түсіп қалған. Полиция жол апатын жасап, кейін қашып кеткен 65 жастағы жүргізушінің анықталып, ұсталғанын хабарлады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды..
