“Өмір сүру қорқынышты, барар жер жоқ“: Ақтөбедегі жатақханада екі апта ішінде төрт рет өрт шықты
Сырт көзге бұл Ақтөбе орталығындағы кәдімгі аулалардың бірі сияқты көрінеді. Бірнеше орам жерден кейін қайнаған тіршілік басталады.
Бірақ Станционная көшесіндегі жатақхананың ауласына кірсеңіз, уақыт тоқтап қалғандай әсер береді. Не асфальт, не көше жарығы жоқ.
Үй 1972 жылы салынған, ал былтыр ресми түрде апаттық жағдайда деп танылды.
Десе де, бүгінде тұрғындарды тозығы жеткен қабырғалар ғана мазалап отырған жоқ. Олардың айтуынша, қазанның басынан бері мұнда бірнеше рет өрт шыққан.
Алдымен қоқыс жанған, кейін өрт жиілей бастаған. Тұрғындар біреулер бүкіл үйді біреулер әдейі қауіп-қатерге тігіп отырғанына сенімді.
"Мен мұнда 31 жылдан бері тұрамын. Бұрын бұл жер өте әдемі еді. Айнала жасыл желек, үй тап-таза, төменде консьерж отыратын. Ал қазір сұмдық жағдай. Биыл мүлдем үреймен өмір сүріп жатырмыз. Бізді өртей бастады. Алдымен 1 қазанда қоқыс жәшігін өртеді. Енді өзімізді өртеп жатыр. Осы екі аптаның ішінде үйде 4 рет өрт болды. Мұны кім істеп жүргенін анықтағанын қалаймыз", - дейді Станционная көшесіндегі жатақхана тұрғыны Татьяна Афиногенова.
Татьяна Афиногенова. Фото: Tengrinews.kz
Кейінгі өрт 18 қазанға қараған түні болды. Түнгі сағат екі шамасында пәтер иелерінің біріне тиесілі қоймадағы заттар өртенген. Түтін тез арада үш қабатқа жайылған. Тұрғындарды түн ортасында шұғыл эвакуациялауға тура келді. Жағдай қаншалықты қауіпті болатынын білмеген адамдар далада қалды.
Содан бері оларда маза жоқ. Оқиғадан кейін үйде электр жарығы сөніп қалды.
Дәліздер қара күйе, ал тұрғындар ұйықтаудың орнына әрбір дыбысқа құлақ түріп отыр. Олар бәрі пәтерінде болған кезде өрт қайта шыға ма деп қорқады.
"Бұл не деген бұзақылық? Мұнда мүгедектер де, қарттар да, балалар да бар. Мына түтінге тұншығып жатырмыз. Осы оқиғалардан кейін күзетіп отырамыз. Мүлдем ұйқы жоқ. Кімнің не істеп жүргенін бақылаймыз. Мазамыз әбден кетті. 30 жыл ішінде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Учаскелік полицей жұмыс істемейді. Ешкім бізге көңіл бөлмейді", - дейді тұрғындар мұңын шағып.
Бұл жатақханадағы пәтерлердің көбі жалға беріледі. Тұрақты түрде негізінен барар жері жоқ зейнеткерлер тұрады.
Олар үшін әрбір өрт кезекті оқиға емес, жалғыз баспанасынан айырылып қалу үрейі. Кейінгі өрттен кейін адамдар тоңазытқыштарын босатуға мәжбүр болған.
"Өткен сенбіде тағы өртене бастағанда, таңғы сағат 5-ке дейін далада тұрдық, түтін қолқаны қапты. Соның бәрі әлі көз алдымда. Енді, міне, жарық та жоқ. Өрттен кейін дәліздердің бәрі қап-қара күйе. Тоңазытқыштағы барлық азық-түлік бұзылып кетті, бәрін қоқысқа тастадық. Жылағың келеді", - дейді зейнеткер Назира Сағынтаева.
Назира Сағынтаева. Фото: Tengrinews.kz
Тұрғындардың күдігінше, өртке жатақханадағы таныстарына ішімдік ішуге келетін адамдардың қатысы болуы мүмкін. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар бұл адамдарды үйден бірнеше рет қуып шыққан, ал олар жатақхананы өртеп жібереміз деп қорқытқан көрінеді.
Бірақ жатақхананың ішкі тәртібі де көңіл көншітпейді. Бірінші қабаттағы баспалдақ астында қоқыс үйіндісі жатыр.
Кейбір тұрғындар қоқысты контейнерлерге апарудың орнына, тура кіреберіске тастап кетеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бірінші рет осы қоқыс өртенген. Полиция әдейі өрт қою нұсқасын растап отырған жоқ.
"Өрт дерегі бойынша тексеру жүргізілді. Бірінші жағдайда өрт жертөледегі электр қалқанының техникалық ақауынан шыққан. Екінші жолы түтін тасталған темекі тұқылынан пайда болған", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД.
Бұл ретте ғимарат қасбетінде бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бірақ ол жұмыс істемейтіні анықталды. Демек, қазір үй маңында не болып жатқанын бақылайтын ешкім жоқ. Әкімдіктегілер өрттердің біріне әдейі өрт қою себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Үй төрағасының хабарлауынша, өрт әдейі от қою салдарынан шыққан. Бұл нақты ақпарат емес. Бірақ мұндай нұсқа жоққа шығарылмайды. Бұл үй ескі – 1972 жылы салынған. Ол ресми түрде апаттық жағдайда деп танылған. Қазір сыртқы электр желісін энергетиктер қалпына келтіріп жатыр. Ал ішкі кабельдерді пәтер иелері өздері ретке келтіруі тиіс. Бізге жеткен ақпарат бойынша, әр пәтер жөндеуге 10 000 теңгеден жинап жатыр. Жақын күндері оларға жарық беріледі деп үміттенемін", – деді Ақтөбе әкімдігі тұрғын үй қорының басшысы Асхат Қазиев.
Алайда үйге жарықтың берілуі негізгі мәселені шешпейді: неге жатақханада өрт жиі шығады және адамдардың қауіпсіздігіне кім жауапты?
Фото Tengrinews.kz
Бұл сұраққа әзірге ресми жауап жоқ, ал тұрғындар әлі де ұйықтаудан қорқады: олар тыныш ұйықтаудың орнына, тағы өрт шыға ма деп қауіптеніп, әрбір сыбдырға құлақ түруге мәжбүр.
Қарт ерлі-зайыпты қаза тапқан: Щучинскідегі өрт туралы не белгілі?
Бұған дейін Щучинск қаласында болған өрт туралы жазған едік. Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, онда ер адам жеке үйді әдейі өртеген. Өрт салдарынан қарт ерлі-зайыпты қаза тапты. Төтенше оқиға 29 қыркүйекке қараған түні болды. Ақмола облыстық ТЖД ақпаратынша, өрт аумағы 90 шаршы метрге жетті. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйден ер адам мен әйелдің мәйітін алып шықты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
