“Мұғалімдер, дәрігерлер, мемқызметшілер қажет“. Оңтүстік өңірлерден Ұлытауға 39 отбасы көшіп келді
Оларды қолдауға және жұмысқа орналастыруға республикалық бюджеттен 190 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Отбасылардың басым бөлігі кадр тапшылығы байқалған ауылдарға қоныстанды.
Қайсар Қайнарбекұлы Ұлытау ауылына көшіп келген. Оның айтуынша, уәде етілген көмектің барлығын алған: мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, мемлекет бөлген қаржыға баспаналы болған. Жаңа жерде өз кәсібін ашуға мүмкіндік тапты.
"Ұлытау – табиғаты көркем жер. Адамдары мейірімді, ақкөңіл, қонаққа шақырып, көмектерін аямайды. Бірдеңе қажет болса, көршілерге әрқашан жүгінуге болады. Бастапқыда қиын болар деп ойладым, бірақ тез үйреніп кеттім. Маған бұл жер ұнайды. Ветеринарлық пунктте санитар болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ тауық сатып алып, шағын кәсібімді бастадым", - дейді Ұлытау ауылының тұрғыны Қайсар Қайнарбекұлы.
Қоныс аударушыларға отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай көмек көрсетілді. Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, баспана сатып алу үшін жеті миллион теңге сомасында тұрғын үй сертификаттары да берілген.
"Ұлытау ауданына 11 отбасы келді. Бесеуі Ұлытаудың өзіне, қалғандары аудан ауылдарына қоныстанды. Үлкендерге жұмыс жағынан көмектестік, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастырдық. Отын-сумен де жәрдемдесіп жатырмыз", - дейді Ұлытау аудандық Мансап орталығының маманы Қабылбек Рашатов.
Бағдарламаға қатысудың басты шарттарының бірі – өңірде кемінде бес жыл тұру. Ерікті қоныс аудару бағдарламасы әлеуетті жұмысшыларды нақ солар қажет өңірлерге тартуға септігін тигізеді.
"Бірінші кезекте қоныс аударушыларға мамандықтары бойынша жұмыс таңдаймыз. Мұғалімдер мен дәрігерлер аса қажет. Мемлекеттік қызметте 100-ден астам, полиция департаментінде 200-ге жуық бос жұмыс орны бар. Кадр тапшылығын жою бағытында қарқынды жұмыс істеп жатырмыз", - деді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаев.
Өңірге көшіп келуге ниет білдірушілер аз емес, деп атап өтті Еңбек мобильділігі орталығындағылар. Сондықтан келер жылы қоныс аударушыларды қабылдау квотасын арттыру жоспарланып отыр.
