Көптің арманына айналар жұмыс: : робот-итпен серуендеуге сағатына 20 доллар ұсынылды
Америкалық Dimensional IT-стартапы ерекше бос жұмыс орнын жариялады. Компания көшеде робот-иттерді серуендетуге дайын уақытша қызметкерлерге сағатына 20 доллар (шамамен 9000 теңге) төлеуге дайын, - деп хабарлайды Tengri Life Fox Business-ке сілтеме жасап.
Серуендеу 4-тен 6 сағатқа дейін созылады. Қызеткердің негізгі міндеті - Сан-Франциско көшелеріндегі серуен кезінде салмағы 15 килограмм болатын төрт аяқты роботты (Unitree компаниясының өнімі) алып жүру және навигация жұмысын тіркеу. Стартап негізін қалаушы Сташ Помихтердің айтуынша, бұл нақты деректерді жинау және жасанды интеллект алгоритмдерін оқыту үшін қажет.
Алайда робот-иттің аккумуляторы таусылса немесе жүйелі іркіліс орын алса, қызметкерге 15 килограмдық құрылғыны кеңсеге көтеріп әкелуге тура келеді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында полиция алғаш рет роботтандырылған итті қолданғаны туралы жазған болатынбыз. Ол аумақты өздігінен күзетіп, бейнебақылау жүргізе алады және полиция қызметкерлеріне ақпарат береді.
