Қытайда бұрынғы бастауыш сынып мұғалімі миллиардер атанды
Бастауыш сыныптың бұрынғы мұғалімі компаниясының акциялары биржаға шыққаннан кейін қытайлық "қағаз жүзіндегі" миллиардерлердің қатарына қосылды. Оның кәсіпорны технологиялық алпауыттарға жабысқақ лента мен басқа да желімдеу материалдарын сатады, деп хабарлайды Tengri Life Forbes басылымына сілтеме жасап.
BYD, Apple және Tesla компанияларын желімдеу материалдарымен қамтамасыз ететін Crown New Materials Technology акциялары Шэньчжэнь биржасындағы сауданың алғашқы күні-ақ 787 пайызға өсті. Бағаның күрт көтерілуіне байланысты сауда екі рет тоқтатылды.
Компания төрағасы Май Майкл мен оның әпкесі, бас директор Май Хуэйся бір сәтте "қағаз жүзіндегі" миллиардерлерге айналды.
Forbes басылымының бағалауынша, 62 жастағы Майдың дәулеті 2,5 миллиард долларға, ал 64 жастағы Май Хуэйсяның байлығы 2 миллиард долларға жеткен.
Кәсіпкер Қытайдың оңтүстігіндегі Чжуншань қаласында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. 2000 жылы негізі қаланған компанияның штаб-пәтері де дәл осы қалада орналасқан.
Компания өкілдері түскен қаражат өндірісті кеңейтуге және Қытайда зерттеу орталығын салуға жұмсалатынын хабарлады.
"Қытайлық инвесторлардың жаңадан шыққан акцияларға деген ерекше құштарлығы бұл қарқынды өсімнің басты қозғаушы күші болып отыр", - дейді мамандар.
Сейсенбі күнгі жеке мәлімдемесінде Crown New Materials компаниясы инвесторларға сақ болып, ұтымды шешім қабылдауға кеңес берді.
2000 жылы құрылған компания автоөнеркәсіп, электроника және жартылай өткізгіштерге арналған желім материалдары мен қорғаныш қабықшаларын шығарады. Салалық проспектіде компанияның жаһандық нарықта 3M және Nitto Denko сияқты алпауыттармен бәсекелесетіні айтылған.
