“Қартайғанда тыныш өмір сүргім келеді“: бақша егуді армандайтын ақтөбелік зейнеткердің оқиғасы
Владимир Костенконың артында бірнеше некесі, баяғыда байланысы үзілген балалары және өзі еске алғысы келмейтін қиын тағдыры қалған. Бүгінде ер адам жалғыз тұрады және қазіргі жағдайына үйреніп те кеткен сияқты.
"Балаларым бар, бірақ мен оларды танымаймын, олар мені танымайды. Оларсыз өмір сүруге үйрендім. Тағдырым оңай болған жоқ, айта берсең әңгіме көп. Өміріме налуым күнә болар. Қазір тақырға отырып қалсам да, Жаратқан алдымнан жақсы адамдарды шығарып жатыр", - дейді Владимир Костенко.
Оның жалғыз қарындасы Ресейде тұрады. Бір кездері ол ағасына қасына көшіп келуді ұсынып, тіпті үйі мен жер телімін де дайындап қойған екен.
Бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік туғандай көрінген. Бірақ Владимир жат жерге сіңісіп кете алмады. Туған қаласы басындағы баспанадан да қымбат болып шықты.
"Екі ай да шыдай алмадым. Туған жерім Ақтөбеге тартты да тұрды. Сондықтан бір пакет киім-кешегімді алып қайтып келдім. Бірақ мұнда маған көмектесті", - деп еске алады зейнеткер.
Туған қаласында оны расымен де далада қалдырмады. Алдымен уақытша баспана табылды, кейін таныстары иесіз қалған саяжай үйіне орналасуға көмектескен.
Бұрынғы тұрғындардан бұл жерде тек қабырғасы мен бұзылып қалған пеші ғана қалған. Тіпті терезелері мен есіктері де болмапты.
Үйді қалыпқа келтіруді нөлден бастауға тура келген.
"Төрағамен мәселені шешіп алдым. Ол маған осы үйде тұруға рұқсатын берді. Жігіттерге өтініш айтып едім, келіп терезелері мен есіктерін салып берді. Мешіттен жігіттер келіп, пешті жөндеп берді. Солайша, қазір жағдайым жақсы", - дейді Владимир Владимирович.
Оның әңгімесіндегі "жақсы" деген сөздің мәні бөлек. Бұл - есігіңді іштен іліп, пеш жағып, бүгін түнейтін жерің бар екенін білу. Владимир бұрын ішімдікке салынғанын жасырмайды, бірақ он жылдай уақыттан бері аузына алмаған.
Кез келген жұмысты істеген, бірақ зейнетақы жарналарын жинай алмаған.
Қазір оның ай сайынғы табысы - небәрі 35 мың теңге. Бұл - базалық төлем. Сондықтан қосымша жұмыссыз күні жоқ.
Владимир күн сайын орталық базарға барып, өтіп бара жатқандарға салмақ өлшетіп нәпақа табады. Осылайша ол күніне үш-бес мың теңге таба алады. Мұндай қиын жағдайда да ер адам адамгершілікке деген сенімін жоғалтпаған - кейде бейтаныс жандар оған күтпеген жерден сыйлық жасап жатады.
"Бірде таразымен отырсам, қара түсті джип тоқтады. Бір жігіт түсіп, өз шаруаларымен ары-бері өтті. Сосын маған келіп: "Ақсақал, мобильді банкіңіз бар ма?" деп сұрады. Мен: "Қайдағы мобильді, телефоным ескі ғой" дедім. Сол кезде ол құжаттарымды алып, маған 90 мыңға ұялы телефон сатып әперді және шотыма 20 мың теңге салып берді. Алла оған денсаулық берсін. Мұндай жағдай күнде бола бермейді, бірақ жылына бір рет жолым болып тұрады", - деп ризашылықпен еске алады ол.
Бейтаныс жандар Владимирге әртүрлі көмектеседі: бірі ақша аударса, бірі азық-түлік әкеледі, ал кейбірі жай ғана хал-жағдайын сұрайды. Ер адам үшін бұл қолдау тек материалдық тұрғыдан емес, қиындықта жалғыз қалмағанын сезіну үшін де маңызды.
Бірнеше жыл бұрын Владимирде артроз ауруы асқынған. Ауру оның қозғалысын айтарлықтай шектеді: қазір ер адам әрең қозғалады және балдаққа сүйенген. Бірақ денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, ол жұмысынан бас тартқан жоқ - әлі күнге дейін күн сайын базарға барып нәпақасын тауып жүр.
"35 мың теңге зейнетақымен бір ай қалай өмір сүремін? Маған дәрі-дәрмек, ең қажетті азық-түлік керек. Сондықтан қосымша жұмыс істеймін. Күндізгі сағат 11-де шығып, түстен кейін 3-те ораламын. Күніне шамамен үш-бес мың теңге табамын", - дейді Владимир.
Ал үйде оны қысқы қарекеттер күтіп тұр. Үй пешпен жылытылатындықтан, суыққа алдын ала дайындалу керек.
Жаз мезгілінен бастап Владимир отынды өзі кесіп, бастырма астына жинайды. Көмір сатып алуға таныстары көмектеседі. Көршілері мен еріктілер азық-түлік әкеп тұрады. Осындай қиындықтарға қарамастан, ер адам шаруасын өзі дөңгелетуге тырысады.
Десе де, оның жоспарлары кезекті қыстан аман шығудан әлдеқайда ауқымды. Владимир өзінің 12 гектар жеріне үмітпен қарайды. Ол жерде бақша егіп, қоян мен құс өсіріп, шағын шаруашылық құруға болар еді. Бірақ алдымен ауруды жеңіп, өз аяғымен нық басуы керек.
"Аяғымды емдетіп алсам деп армандаймын. Сонда өмірімнің жаңа кезеңі басталар еді. Міне, жерім бар. Далаға шыққанда, ештеңе істей алмайтыныма ішім ашып, жылағым келеді. Бақша ексем, қоян мен құс асырасам деймін. Осылай көшеде таразымен қанша отыра беремін? Қарттығымды тыныштықта өткізгім келеді", - деп ағынан жарылды ол.
Владимирге қолдау көрсетіп жүрген еріктілер үйін жөндеп беруге де дайын. Бірақ алдымен бұл жылжымайтын мүліктің кімге тиесілі екенін анықтап алу қажет.
Қазір зейнеткер мұнда саяжай кооперативі төрағасының рұқсатымен тұрып жатыр. Дегенмен, бір күні нақты иесі пайда болмайтынына ешқандай кепілдік жоқ.
"Үй иесі келіп, оны кез келген күні, кез келген сәтте көшеге шығарып жібере ме деп қорқамыз. Мына мәселені шешу керек - бұл кімнің үйі, кімнің теңгерімінде екенін анықтау қажет. Ол тазалық сақтауға тырысады. Өзі еңбекқор. Өмір сүруге деген құлшынысы бар. Ең бастысы, өмірінің соңына дейін баспанасы болса дейміз", - дейді ерікті Зәуреш Андақұлова.
Ал саяжай кооперативінің төрағасы Владимирді ешкім қуып шықпайтынына сендіреді.
"Бұл - ұжымдық учаске. Бұрын бұл үйшікте күзетшілер мен мотористер тұратын. Кейін бос қалды. 5 жыл бұрын Владимир тұруға рұқсат сұрады. Ішімдік ішпейді, шаруаға ұқыпты. Үйдің ішін де, ауласын да реттеп отырады. Тұра берсін. Көршілер де қарсы емес. Саяжайдың иесі бар-жоғын анықтауға тырыстым. Бірақ техникалық төлқұжатын таппадық. Тіпті басқа төраға келсе де, Володяны қуып шығып не істейді?" - дейді саяжай кооперативінің төрағасы Дәурен Маханов.
Фото Tengrinews.kz
Әкімдіктегілер алдымен жағдайды анықтап, үйдің құжаттарын тексеру үшін оқиға орнына мамандар жіберілетінін хабарлады. Тексерудің нақты қашан болатыны әзірге белгісіз.
Владимир ерекше кереметті күтпейді. Ол баяғысынша базарға шығып, бәрін өз бетінше істеуге тырысады. Денсаулығындағы ақауларға қарамастан, көктемге жоспар құрып қойған. Бау-бақша егіп, қоян мен құс асырағысы келеді. Біреулер үшін бұл жай ғана тұрмыстық күйбең тіршілік болса, Владимир үшін бұл - тек бүгінгі күнмен шектелмей, болашаққа сеніммен қарау мүмкіндігі.
