Алматыда метро құрылысына байланысты көлік қозғалысы өзгереді
Алматыда №1 бекеттің құрылысы аймағында қозғалыс сызбасы өзгереді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, №1 бекет Алатау даңғылында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналасады.
Осылайша, 13 қарашадан бастап құрылыс аяқталғанға дейін Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде қозғалыс шектеледі. Бұл учаскеде айналма жол салынады.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі/қозғалыс сызбасы
Қала тұрғындары мен қонақтарына жүретін бағытты алдын ала жоспарлап, орнатылған жол белгілері талаптарын сақтау ұсынылады.
Басқарма мәліметінше, метроның бірінші желісінің үшінші кезеңі аясында 5,3 шақырымға жуық туннель мен үш бекет салу жоспарланған.
№2 бекет Алатау даңғылында, болашақ Төле би көшесімен қиылыстың жанында орналасады. №3 бекет "Барлық" базары аумағында салынады. Онда метро, автобустар мен ЛРТ-ны біріктіретін көлік торабы пайда болады. Сондай-ақ жанында автотұрақ қарастырылады.
