Атырау әкімінің орынбасары ҰҚК тергеуі аясында қызметінен кетті
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, бұрынғы шенеунік өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған.
Айта кетейік, биыл жазда Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдірген болатын. Сол кезде бұл туралы дереккөздерге сүйенген жергілікті "Ақ Жайық" басылымы хабарлаған еді. Тергеуді ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатқаны айтылған болатын.
Биыл маусымда Tengrinews.kz редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдады. Осылайша бұл дерек бойынша соталды тергеу жүріп жатқаны расталды.
"Соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді", - деп жазылған ҰҚК-нің бұған дейінгі жауабында.
Шенеунік ұсталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін Атырау қаласының әкімдігі де жағдайға қатысты пікір білдірген болатын. Әкімдікке құқық қорғау органдарынан әкімдік қызметкерлері ұсталғаны туралы ресми ақпарат түспегені хабарланды. Сондай-ақ, әкімдік сол кезде әкім орынбасары Мейіржан Мұқасов экономика, қаржы және әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік еткенін нақтылады.
Мейіржан Мұқасовтың өмірбаяны
Ол 1994 жылы Атырау облысында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы болып бастаған.
2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Әр жылдары қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі және басшысының орынбасары, қалалық қаржы бөлімінің басшысы, сондай-ақ, Атырау облыстық қаржы және мемлекеттік сатып алу басқармаларының басшысы қызметін атқарды.
2025 жылғы қаңтарда Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін Мұқасов Атырау облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.
