Қазақстанда үшінші АЭС салынуы мүмкін тағы бір орын аталды
Қазақстанда үшінші атом станциясын салу үшін бірнеше әлеуетті алаң қарастырылып жатыр. Олардың қатарында елдің шығыс, батыс және солтүстік өңірлері бар. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сәтқалиевтің сөзінше, Қазақстанда кемінде үш атом станциясын салу қарастырылған. Алғашқы екеуі алдын ала болжам бойынша, Алматы облысының Жамбыл ауданында бой көтеруі мүмкін. Геологиялық, гидрологиялық және өзге де зерттеулерді ескере келе, бұл аумақ ең қолайлы жер деп танылды.
Үшінші АЭС-ке бірнеше әлеуетті алаң қарастырылып жатыр. Олардың ішінде Шығыс Қазақстандағы Курчатов, Каспий теңізінің жағалауы, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлері бар.
"Біз Шығыс Қазақстандағы Курчатовты, Батыс Қазақстандағы Каспий теңізі жағалауын зерттеп жатырмыз. Сондай-ақ KEGOC компаниясы жүйелік операторының ұсынысы бойынша Солтүстік Қазақстандағы алаңды қарастырамыз. Мәселе Тобыл өзені бойындағы аймақ туралы да болып отыр, онда салқындататын судың қажетті деңгейі бар", - деп хабарлады Сәтқалиев.
Ол орын таңдау кезінде электр энергиясын тұтынудың артуы мен орташа қуатты реакторларды пайдалану мүмкіндіктері ескерілетінін айтты. Олар тұтынушыларды электр қуатымен қамтып қана қоймай, жылумен де қамтамасыз ете алады, ал кейбір жағдайларда суды тұщыту үшін де қолданылуы мүмкін.
Барлық әлеуетті алаңды Қазақстандағы атом энергетикасын дамытудың алдағы кезеңдерінде зерттеу жоспарланып отыр.
Қазақстандағы АЭС
АЭС салу туралы шешім 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумнан кейін қабылданды. Ресми нәтижеге сәйкес, бастаманы Қазақстанның 5 561 937 азаматы немесе дауыс бергендердің 71,12 пайызы қолдады.
2025 жылғы маусымда "Росатом" алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциум басшысы болып таңдалды.
Сол жылдың тамызында Алматы облысының Үлкен ауылы маңында инженерлік ізденістер басталды: мамандар зерттеуге алғашқы топырақ үлгілерін алды.
Кейін қазақстандық алғашқы АЭС "Балқаш" атом электр станциясы" деген атау алды. Құрылыстың белсенді кезеңін 2027 жылы бастау жоспарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Бір АЭС құрылысына 10 мыңнан аса қызметкер қажет болады: жоспар туралы не белгілі?
