“Самұрық-Қазына“ ісі: Жақыпов қамауға алынғаннан кейін де қызметтерінің бірін сақтап қалған
ОКҚ-да өткен брифинг кезінде министрге "Самұрық-Қазына" қоры басшысының ұсталуы кәсіби спортқа қалай әсер етуі мүмкін деген сұрақ қойылды.
Мырзабосыновтың айтуынша, қор өз міндеттемелерін орындай береді.
- Бізде кәсіби спорттың бір бөлігі қор қаражаты есебінен қаржыландырылады. Осыған байланысты сұрақ: қор басшысының ұсталуына қатысты жағдай спорт саласын қаржыландыруға әсер ете ме? Спорт министрлігінде қордың федерациялар мен клубтар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер бар ма?
- "Самұрық-Қазына" желісі бойынша жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Жеткізушілер алдындағы барлық міндеттеме орындалып жатыр, - деді Мырзабосынов.
- Сондай-ақ Су спорт түрлері федерациясының басшысына қатысты мәселе қалай шешіліп жатқанын түсінгіміз келеді, өйткені "Самұрық-Қазына" басшысы оны да қатар басқарған еді?
- Су спорт түрлері федерациясының президентіне келетін болсақ, тергеу амалдары аяқталғанға дейін ол (Жақыпов - ред. еск.) федерация президенті болып қала береді. Шешімді тергеу қорытындысы бойынша қабылдаймыз, - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыповты және "ҚТЖ" басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті, сондай-ақ басқа да тұлғаларды ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілігіп отыр.
Ашық мәліметтерге сәйкес, "Барыс" хоккей клубының, "Астана" футбол клубының, "Астана" велокомандасының және басқа да ұйымдардың жұмыс істеуіне қажетті қаражаттың басым бөлігі "Самұрық-Қазынадан" бөлінеді.
Бұдан бөлек Нұрлан Жақыпов Қазақстанның су спорт түрлері федерациясының басшысы болды. Ол бұл қызметке 2024 жылғы 28 наурызда Андрей Крюковтың орнына келген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Aquatics.kz (@aquatics.kz) жарияланымы
Бұған дейін сот “Самұрық-Қазына“ мен ҚТЖ басшыларын қамауға алғаны хабарланған болатын.
Ал премьер-министр Олжас Бектенов жақын арада "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалатынын айтты.
