Астанада қар жауып, жел соғады, Алматыда күн жылы болады
Алдағы үш күнде Астана мен Алматыда ауа райы айтарлықтай өзгеше болады. Елордада жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен екпінді жел күтіледі, ал Алматыда жауын-шашын болжанбайды. Оңтүстік мегаполисте күндіз температура +16 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Астанада ауа райы қандай болады?
20 қараша Астанада өткінші жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен тұман болады деп күтіледі. Түнде температура -2…-4 градус, күндіз +3…+5 градус болады.
21 қараша жауын-шашын күтілмейді, бірақ кей жерлерде тұман болуы мүмкін. Түнде -1…-3 градус, күндіз ауа температурасы +5…+7 градусқа дейін жылиды.
22 қарашада ауа райы қайтадан нашарлайды: түнде жаңбыр мен қар, күндіз жаңбыр жауады деп болжанады. Желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге дейін, екпіні 15–20 метрге дейін күшейеді. Температура түнде -1-ден +1 градусқа дейін, күндіз +6…+8 градус болады.
Алматыда жылы ауа райы сақталады
Алматыда үш күн бойы жауын-шашынсыз болады. 20 және 21 қарашада түнде +4…+6 градус, күндіз +13…+15 градус жылы болады деп күтіледі. 20 қарашаға қараған түні және таңертең тұман түсуі мүмкін.
22 қарашада күн одан әрі жылына түседі: түнде температура +6…+8 градус болады, күндіз ауа +14…+16 градусқа дейін жылиды.
Алматыда үш күн ішінде оңтүстік-шығыстан секундына 3–8 метр жылдамдықпен жел соғады.
Қазақстанда циклон салдарынан күн күрт бұзылады
Бұған дейін синоптиктер таяу күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы өзгеретінін хабарлаған болатын. Ел аумағына солтүстік-батыс циклоны келеді: синоптиктер жаңбыр мен қар жауып, жел күшейетінін, ал солтүстікте көктайғақ болатынын болжап отыр. Қай өңірлерде ауа райы қолайсыз болатыны Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар.
