Добавить новость
ru24.net
World News
Ноябрь
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24
25
26
27
28
29
30

Досыңыз несие алуды өтініп, кейін хабарсыз кетсе, қарызды қалай өндіріп алуға болады?

0
"Несиені өз атыңа рәсімдей салшы, мен төлеп тұрамын". Қазақстандықтардың көбі достарынан немесе туыстарынан мұндай өтінішті кем дегенде бір рет естіген болар. Кейбіреулер танысы төлемдерді уақтылы өтейді деп сеніп, көмектесуге келіседі. Бірақ досыңыз кенеттен төлеуді тоқтатып, қоңырауларға жауап бермесе немесе өз уәдесінен мүлдем бас тартса не істеу керек? Банк алдында түптеп келгенде кім жауап береді және ақшаны қайтаруға бола ма? Осы және өзге де сауалдардың жауабы – Tengrinews.kz материалында.
Несиені өз атыңызға рәсімдеп, ақшаны басқаға бердіңіз: қарыз кімнің мойнында қалады?
Айталық, сіз өз атыңызға несие алып, барлық ақшаны басқа адамға бердіңіз. Ол сізден мұны "дос ретінде" өтінді, ал енді төлеуді тоқтатты. Заң бойынша банк алдында кім жауапты – сіз бе, әлде ақшаны алған адам ба?
Әрдайым сіз жауаптысыз – яғни несие кімнің атына рәсімделсе, сол адам. Бұл туралы ALC Attorneys халықаралық заң компаниясының басқарушы серіктесі Фарид Алиев айтып берді.
Мәселе мынада, банк үшін тек бір ғана жауапты тұлға бар – ол несие шартына қол қойған адам. Бұл құжатта екі тарап көрсетілген: банк және қарыз алушы. Онда ешқандай үшінші тұлға – "нағыз борышкер" жоқ. Егер сіз ақшаны берген танысыңыз қосалқы қарыз алушы немесе кепілгер ретінде тіркелмеген болса, банк оған ешқандай талап қоя алмайды.
Заң тұрғысынан жағдай қарапайым: сіз банктен несие алдыңыз, содан кейін бұл ақшаны басқа адамға өзіңіз қарызға бердіңіз.
Нәтижесінде екі түрлі қарыз пайда болады:

Біріншісі – несие шарты бойынша сіздің банк алдындағы қарызыңыз.
Екіншісі – сіз ақшаны берген адамның сіздің алдыңыздағы қарызы.

Қаржының досқа, туысқа немесе танысқа кеткені банк үшін кез келген басқа шығыныңыз сияқты жеке шаруаңыз болып саналады. Сондықтан несиені дәл сіз төлеуіңіз керек, ал төлеуді тоқтатқан адамнан ақшаны қайтару мәселесі – бұл сіздің сол адаммен арадағы жеке дауыңыз.
Кредитті ақшаны алған адамның атына қайта рәсімдеуге бола ма?
Теориялық тұрғыда – иә, бірақ іс жүзінде бұл өте сирек кездеседі. Заң тілінде мұндай процедура борышты көшіру (аудару) деп аталады және оны тек кредитордың, яғни банктің келісімімен ғана жүзеге асыруға болады.
Банк сізге ақша берген кезде сіздің табысыңыз бен несие тарихыңызды бағалады. Тексерілген қарыз алушыны төлем қабілеті жоқ адамға ауыстыру банк үшін тиімсіз, сондықтан мұндай өтініштерден көбіне бас тартылады.

Әлдеқайда тиімдірек сценарий – егер ақшаны алған адам өзі (мысалы, басқа банктен) несие рәсімдеп, сол қаражат есебінен сіздің несиеңізді мерзімінен бұрын жапса. Бірақ бұл үшін екі шарт қажет: оның бұған ниеті және расталған төлем қабілеттілігі болуы тиіс, деп атап өтті Фарид Алиев.

"Дос болып жүріп..."
Егер досыңыз немесе туысыңыз несиені төлеуді тоқтатып, енді оның қарызын сіздің өтеуіңізді талап етсе, Фарид Алиев келесі нұсқаулықты орындауға кеңес береді:

Мерзімін өткізіп алмаңыз. Қаламасаңыз да, кезекті төлемді өзіңіз жасаңыз. Төлемнің кешігуі оның емес, сіздің несие тарихыңызға нұқсан келтіреді.
Егер төлеу қиын болса – бірден банкке барыңыз. Қарыздың мерзімі өткенше, реструктуризация немесе төлемді кейінге қалдыруды сұраңыз. Банктер өзі келіп өтініш білдіргендерге көбірек қолдау көрсетеді.
Дәлелдерді жинап үлгеріңіз. Олар: несие шарты мен төлем кестесі, несиенің берілгені және ақшаның қайда кеткені туралы үзінді көшірме (картаға аударым - ең жақсы дәлел), адамның қарызды өтеу үшін сізге жасаған барлық аударымы (бұл оның қарызды мойындағанын көрсетеді), мессенджерлердегі жазбалар, дауыстық хабарламалар, хаттар (чаттар жойылмай тұрып скриншот жасап, экспорттап алыңыз), келісім туралы білетін адамдардың есімдері, өзіңіз төлеген төлем түбіртектері.
Жазбаша талап қойыңыз. Ол адамға қанша қарыз екенін және қай мерзімде қайтару керектігін жазыңыз. Хабарламасы бар тапсырыс хат арқылы жіберіңіз. Бұл сотқа жасалған қадам әрі тағы бір дәлел болады.
Жазбаша кесте бойынша келісуге тырысыңыз. Егер адам қарыздан бас тартпай, тек уақытша қаржылық қиындық көріп отырса, онымен қолхатқа немесе қайтару кестесі туралы келісімге қол қойыңыз. Бұл құжат кейін өте қажет болады.
Нәтиже болмаса, сотқа талап арыз беріңіз. Талап қою мерзімі – үш жыл, сондықтан ұзаққа созбаған жөн.


Маңызды: қандай да бір мүмкіндік болса, қолхат алуға тырысыңыз. Сот бірнеше айға созылады, ал банк күн сайын өсімпұл есептейді. Төлем кешіктірілсе, өндіріп алу шаралары дәл сізге қолданылады: өсімпұлдар, жалақыдан ұстау, шоттарды бұғаттау, шетелге шығуға тыйым салу. Бүлінген несие тарихы да сіздікі болып қалады. Жақсы жағы – сіздің әрбір төлеміңіз кейін сол адамнан талап ете алатын сома болып есептеледі. Барлық түбіртектерді сақтаңыз.
Дәйексөз авторын қосу


Сурет қосу



Фарид Алиев
ALC Attorneys халықаралық заң компаниясының басқарушы серіктесі



Ақшаны сот арқылы қайтаруға бола ма?
Иә, болады. Құқықтық тұрғыдан алғанда, сіз бен сол адамның арасында жеке қарым-қатынас қалыптасады – көбінесе бұл қарыз мәселесі: сіз қаражатты бердіңіз, ал ол оны қайтаруға уәде берді. Мысалы - несие төлемдері түрінде.
Қарызды өндіру: қолхаттың болуы нені өзгертеді?
Егер қолхат болса, борышты өндіріп алу туралы талап арыз беріледі. Егер қолхат болмаса, оны негізсіз баю ретінде қайтаруды талап етуге болады – яғни, адам сіздің ақшаңызды заңды негізсіз алып, қайтармаған жағдайда.
Кез келген жағдайда сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалайды.
Егер қолхат болмаса, хат алмасулар мен аударымдар көмектеседі
Қолхат болмаған жағдайда жағдай қиындай түседі, бірақ үмітсіз емес. Заң бойынша 100 АЕК-тен (2026 жылы 432 500 теңге) асатын сомадағы мәмілелер жазбаша түрде жасалуы тиіс.
Шарт тек жазбаша нысанның болмауына байланысты ғана жарамсыз деп танылмайды.Бірақ бір шектеу бар: ауызша мәміле кезінде сотта уағдаластық фактісін дәлелдеу үшін куәгерлерге сілтеме жасауға болмайды. Дегенмен, жазбаша және электронды дәлелдемелер:

аударымдар;
хат алмасулар;
адамның, мысалы, "қайтарамын" немесе "осы айда кешірек төлеймін" деген дауыстық хабарламалары қалады.

Егер хабарламалардан кімнің және не туралы келіскені анық көрінсе, заң хат алмасуды жазбаша нысанға теңестіреді. Осыған байланысты мессенджердегі хат алмасу кейде қолхат сияқты жұмыс істейді – тек рәсімделуі ұқыпсыз болғаны болмаса.
Ықтимал сот дауына қалай дайындалу керек?
Досыңызбен қарым-қатынасыңыз толықтай бұзылмай тұрып, қолхатты қазір рәсімдеп алудың мәні бар. Бұл заңды әрі болашақта үлкен көмегін тигізеді. Шамамен алынған тұжырымдама:
"Мен осы күні, осы адамнан осынша теңге алдым және ... дейін қайтаруға міндеттенемін".

"Оның нақты нені төлеуі керектігі неғұрлым дәл жазылса, сотта дау соғұрлым аз болады. "1 миллион алдым, қайтарамын" деген қолхат пен "№ ... несие шарты бойынша кестеге сәйкес төлемдерді, соның ішінде пайыздарды енгізуге міндеттенемін" деген қолхат – бұл екі түрлі құжат", – деп түсіндірді Фарид Алиев.

Сотта қандай дәлелдер көмектеседі?
1. Қолхат немесе шарт – ең сенімді нұсқа. Сіздің картаңыздан басқа адамның картасына жасалған банктік аударымдар қаражаттың шынымен оған жеткенін көрсетеді. Әсіресе, несие алғаннан кейін бірден жасалған және сол сомаға тең аударым өте салмақты көрінеді. Оның сізге жасаған аударымдары немесе сіздің несиеңіз бойынша тікелей банкке төлеген төлемдері – адамның қарызды өзінікі деп танығанын жанама түрде растайды, деп атап өтті сарапшы.
2. Хат-хабарлар мен дауыстық хабарламалар. Мұнда адам қарызды мойындауы, төлеуге уәде беруі немесе соманы талқылауы керек. Оларды күні мен телефон нөмірін көрсете отырып, толық сақтау қажет.
3. Куәгерлер – жекелеген жағдайларды растау үшін қажет болуы мүмкін. Алайда, егер қарыз сомасы 100 АЕК-тен асатын болса, жазбаша келісімшартсыз куәгерлердің айғақтары қарыз алу фактісінің өзін дәлелдеуге көмектеспейді.
Заңгер тек скриншоттармен шектелмеуге кеңес береді. Хат алмасуды толығымен экспорттаңыз және қажет болса, оны нотариусқа куәландырыңыз, осылайша оны сотта даулау қиынырақ болады.
Қолма-қол ақша бергенді қолхатсыз дәлелдеуге бола ма?
Қиын, бірақ мүмкін, деп жауап берді Фарид Алиев. Қолма-қол ақша аударымдарға қарағанда ізді аз қалдырады, сондықтан сізге мыналар қажет болады:

несие берілген күні немесе одан кейін бірден қолма-қол ақша алу туралы банктік үзінді көшірме;
кездесу мен сома талқыланған немесе "рахмет, алдым" деген сияқты тіркестер бар хат алмасулар;
досыңыздың кейін сізге жасаған аударымдары немесе сіздің несиеңіз бойынша банкке төлеген төлемдері;
ақша алғанын мойындаған сөйлесудің аудио немесе видеожазбасы.

Болашақта ескеру қажет: қолма-қол ақша – дәлелдемелер тұрғысынан ақша берудің ең қолайсыз тәсілі. Егер ақшаны қолма-қол берсеңіз, қолхат міндетті түрде қажет – сіздің сеніміңіз сотта дәлел болмайды.
Сот арқылы қандай шығындарды қайтаруды талап етуге болады?
Заңгердің айтуынша, әдетте сөз нақты шығындар мен ілеспе шығыстар сомасы туралы болады. Оған мыналар кіруі мүмкін:

берілген сома немесе сол адам үшін банкке төлеп қойған қаражатыңыз;
несие бойынша пайыздар – егер сіз оның несиені пайыздарымен бірге толық өтейтіні туралы келіскен болсаңыз (бұны да қолхатта тікелей көрсеткен дұрыс);
банктің өсімпұлдары мен айыппұлдары – егер олар оның төлемеуіне байланысты туындаса және сіз осы байланысты көрсете алсаңыз;
қарызды қайтару мерзімін өткізіп алғаны үшін тұрақсыздық айыбы – заң бойынша оны шартта көрсетілмесе де талап етуге болады;
сот шығындары – мемлекеттік баж және заңгер қызметіне төлем.

Қарызды қайтармау қашан алаяқтыққа жатады?
Бұл жердегі басты бағдар – ақша алған сәттегі адамның ниеті:

Борышқа қатысты азаматтық дау – бұл адам ақшаны қайтару ниетімен алып, бірақ кейін оны орындай алмаған немесе райынан қайтқан жағдай. Мұндай мәселелерді сот азаматтық тәртіппен шешеді. Полиция мұндай жағдайларда көбіне сотқа жүгінуді ұсынады – тіпті күрделірек қақтығыстар кезінде де "азаматтық іс" деген тұжырыммен бас тарту жиі кездеседі, деп түсіндірді сарапшы.
"Алаяқтық" – бұл адам бастан-ақ қаражатты қайтаруды жоспарламаған және алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иеленген жағдай.

Ықтимал алаяқтық белгілері:

кейін расталмаған ойдан шығарылған оқиға (мысалы, сізден емделуге, бизнеске немесе "шұғыл құтқаруға" ақша сұраса);
басқа адамдармен болған ұқсас эпизодтар – бұл тән белгі;
кенеттен жоқ болып кету, нөмірді ауыстыру, байланысқа шығудан бас тарту;
басынан бастап ешқандай төлемдердің жасалмауы.

Егер осындай белгілер болса, полицияға жүгіну қисынды қадам болып көрінеді.
Егер сізді алдап несие алуға мәжбүрлесе, не істеу керек?
Адамды қарыз рәсімдеуге жай ғана көндіріп қоймай, мәжбүрлесе, қорқытса немесе әдейі жаңылыстырса, жағдай өзгереді – бұл жерде қылмыстық құқық бұзушылық туралы сөз болуы мүмкін. Заңгердің айтуынша, бұл жағдайда басымдық қарыз туралы азаматтық талап қоюға емес, полицияға арыз беруге ауады.
Бұл ретте маңызды нюансты ескеру қажет:
Банк алдында бәрібір сіз қарыз алушы болып қала бересіз. Алдау немесе қысым көрсету салдарынан несие шартының өзін даулауға болады, бірақ бұл үшін банктің жағдайдан хабардар болғанын немесе келісімшарт жасасу кезінде тікелей қысым жасалғанын дәлелдеу керек. Іс жүзінде бұл оңай емес. Көбінесе шығын қылмыстық іс аясында кінәлі адамның кінәсі дәлелденгеннен кейін өндіріледі.
Қысым немесе алдау кезіндегі іс-қимыл тәртібі:

Полицияға арыз беріп, қорқыту немесе алдаудың барлық айғақтарын тіркеу.
Болған жағдай туралы банкке дереу жазбаша хабарлама жіберу.
Әрі қарай қорғаныс құру үшін заңгерді тарту.

Басқа адам үшін несие алсаңыз, өзіңізді қалай сақтандыруға болады?
Қайсысы сенімдірек: қолхат па әлде қарыз шарты ма?
Тұрмыстық жағдай үшін қолхат әдетте жеткілікті – заң бойынша ол қарыз шартының тиісті жазбаша нысанда ресімделгенін растайды. Егер сома қомақты болса немесе шарттарды егжей-тегжейлі жазу керек болса, жеке шарт жасасқан жөн, деп түсіндірді Фарид Әлиев. Ақшаны қолма-қол емес, банктік аударыммен берген дұрыс, төлем мақсатында "... күнгі қолхат бойынша қарыз" деп көрсету керек. Онда аударым мен қолхат бір-бірін толықтырып, заңды күшін нығайтады.
Бұдан да сенімді нұсқа – шартты нотариалды куәландыру: бұл шығындарды талап етеді, бірақ болашақта артық даулардан құтқарады.
Қолхатты қалай дұрыс құрастыру керек?
Құжат сот арқылы ақшаны өндіріп алуға көмектесуі үшін онда мыналар болуы тиіс:

екі тараптың толық дерегі: аты-жөні, ЖСН және жеке куәлік реквизиттері – "жұмыстағы Серік" деген сияқты қысқартуларсыз;
сомасы және валютасы: цифрмен және жазумен;
қаражатты беру күні мен орны;
"алдым" деген сөз – "алуға міндеттенемін" деген тұжырым емес, ақшаның берілу фактісінің өзі тіркелуі үшін;
қайтару тәртібі мен мерзімдері: нақты сомалар, күндер мен әдісі – мысалы: "Ай сайын 10-шы жұлдызға дейін ... банктегі №... несие шарты бойынша төлем жасау";
қарыздың құрамы: оған тек негізгі борыш қана ма, әлде пайыздар, комиссиялар мен өсімпұлдар да кіре ме;
алушының қолы, мүмкіндігінше толық аты-жөні жазылған нұсқасымен.

Сіздің несиеңіз бойынша төлеу міндетін ресми түрде бекітуге бола ма?
Банк алдында бұл тек адамды қоса қарыз алушы немесе кепілгер ретінде рәсімдеуге келіскен жағдайда ғана мүмкін – мұны несие берілген кезде бірден жасаған дұрыс, деп атап өтті заңгер. Онда банк оған да талап қоюға құқылы болады.

"Ол сіздің несие шартыңыз бойынша төлемдерді жасауға міндеттенетін шартқа немесе қолхатқа қол қоюға болады. Бұл сізді банк алдындағы жауапкершіліктен босатпайды, бірақ ол төлеуді тоқтатқан жағдайда сізге талап қою үшін берік негіз болады. Әрбір мерзімін өткізіп алған күн үшін тұрақсыздық айыбын бірден жазып қоюға болады", – деп түсіндірді Фарид Әлиев.

Біреудің несиесімен қалмаудың жолы: заңгер кеңесі
Tengrinews.kz Фарид Әлиевтен басқа адам үшін несие алуға болатын-болмайтынын және мұндай шешім қабылдар алдында қандай факторларды ескеру маңызды екені туралы бірнеше кеңес беруді сұрады.
Заңгердің айтуынша, ең алдымен, мына сұраққа өзіңізге адал жауап беруіңіз керек:

"Егер бұл адам бір тиын да қайтармаса, мен бұл несиені өзім еш қиындықсыз төлей аламын ба?".

Егер жауабыңыз "жоқ" болса, несие рәсімдемеген жөн. Бұл сенімсіздік емес, қарапайым есеп.
Тағы не нәрсеге назар аударған жөн? Фарид Алиевтен бірнеше кеңес:

Неге ол адам несиені өз атына рәсімдемейтінін білуге тырысыңыз. Көбіне оның себебі – банктің оған несие беруден бас тартуы. Банк тәуекелдерді кәсіби тұрғыдан бағалаған, сондықтан мұндай белгіге мұқият қараған жөн.
Балама нұсқаны қарастырыңыз: несиені өз атыңызға алудың орнына, оның несиесі бойынша кепілгер болуды ұсыныңыз. Тәуекелдер бәрібір қалады, бірақ заң жүзінде міндеттеме ең болмағанда бастапқыда басқа адамның атында болады.
Егер бәрібір келісуге бел байласаңыз: ақшаны тек аударым арқылы беріңіз және несие бойынша төлемдер көрсетілген қолхатты міндетті түрде алыңыз.


"Қазір бір рет бас тарту ыңғайсыз болар, бірақ біреудің несиесін ай сайын төлеу одан да ыңғайсыз", – деп түйіндеді Фарид Алиев.

Бұған дейін біз коллекторлар біреудің қарызын қайтаруды талап етсе не істеу керектігін және неге олардың алдында ақталудың немесе келіссөз жүргізуге тырысудың қажеті жоқтығын айтқан болатынбыз. Заңгерлер коллекторлардың қарызға қатысы жоқ адамдарға неге хабарласатынын, біреудің қарызын төлеуге кездейсоқ келісім берудің салдары қандай болатынын және заңды түрде қалай мазасыз қоңырауларды тоқтатуға болатынын түсіндірді.

Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса