Алматы облысы: Тұрғындармен кездесу видеосы жарияланғаннан кейін санитар дәрігердің үстінен тәртіптік іс қозғалды
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановқа қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Бұған дейін Instagram-дағы парақшалардың бірінде Сыдымановтың Талдықорған қаласындағы кәсіпкерлермен кездесуінен үзінді кадрлар жарияланған болатын. Онда шенеуніктің карантин шараларына шағымданған кәсіпкерлерге "басты қатырмаңдар, жұмыс істеңдер" деп айтқаны көрінеді.
13 тамызға қараған түні денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Алматы облысының бас санитар дәрігеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың кәсіпкерлермен кездесуі кезінде азаматтарға дөрекілік көрсеткен видеосын көрді" деп жазды Қожахметов Facebook-тағы парақшасында.
13 тамызда таңертең жергілікті ақпарат агенттіктері мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің ресми өкіліне сүйене отырып, "мемлекеттік қызметкерге қатысты тәртіптік іс қозғалып, этика жөніндегі кеңес отырысында талқылау тапсырылды" деп жазды. Агенттік өкілдері оның қорытындысы көпке жарияланады деді.
50 жастағы Ерғали Сыдымановтың Алматы облысының бас санитар дәрігері қызметіне тағайындалғаны 12 тамызда белгілі болған еді. Сыдымановқа дейін облыстың бас санитар дәрігері болған Қайрат Баймұхамбетов өткен айда пневмониядан қайтыс болған.
Соңғы аптада Қазақстанның түрлі аймағында ондаған кәсіпкерлер мен жұмысшылар карантин шараларының кесірінен табыссыз қалғанына шағымданып, жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраған еді. Олардың айтуынша, кейбір жекелеген кәсіпорындар шектеуге қарамастан жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті билік санитар дәрігерлердің қаулысына сүйеніп, жұмыс істеп жатқан нысандарды жабуға уәде берген.
5 шілдеде енгізілген карантинге сәйкес, елде қызмет көрсету, бөлшек сауда, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын бірқатар кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатқан. 13 тамызда мемлекеттік комиссия карантин шараларын біртіндеп жұмсарту жоспарын қарайды.