MediaNet және Factcheck.kz сайтына да жабылу қаупі төнді
- Бізге 1800 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 5,2 млн теңге) көлемінде айыппұл салайын деп отыр. Мәселе айыппұлда да емес. Егер біздің жұмысызды 1 ақпанда тоқтатса, мамырға дейін жобамыз жабылады. Factcheck.kz үшін үш ай жұмыс істемеу - бұл жобаны "өлтірумен" пара-пар. Қайтадан оны қалпына келтіре аламыз ба? Үш ай бойы қызметіміздің уақытша шектелгеніне байланысты ешқандай төлем жүргізе алмаймыз. Factcheck.kz пен MediaNet жобаларында 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Демек, 50-ге жуық адам қаламақысыз, айлықсыз қалады деген сөз, - дейді Думан Смақов Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін салық органдары елдегі адам құқығын қорғайтын тәуелсіз бірнеше ұйымның жұмысын үш айға тоқтатып, бірнешеуіне айыппұл салған. Салық органдары олардың "қаржы бойынша есеп беру құжаттарынан қателік кеткенін" айтып, "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Әкімшілік кодекстің 460-1 бап 2-бөлігі) деп айыптаған.
Биліктің бейүкіметтік ұйымдарға қысымы неден басталды? Таққан айыбы қандай?
Үкіметтік емес ұйымдар 29 қаңтар күнгі мәлімдемеде "кез келген бұлыңғыр техникалық қателікке бола ірі көлемде айыппұл салып, ұйымның жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекстің шикілігін" және ондағы "460-1 бап 2 бөліктің абсурдтығын" сынаған. Олар бұл бапты түбегейлі өзгерту немесе кодекстен тұтас алып тастау қажеттілігін атап өткен.
"Тәуелсіз ұйымдар қателіктерді жойғанына қарамастан мемлекеттік кіріс органдары оларды мейлінше қатаң жазалауға оқталып отыр. Қысымға ұшыраған үкіметтік емес ұйымдар қажетті түзетулер енгізсе де, салық органдары аталған "заңбұзушылықтарды жалған ақпарат беру" ретінде қарастырып отыр" деп жазылған мәлімдемеде.
Жақында Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессияшыл шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.