Бұрынғы жұбайын сотқа берген Марат Әйтенов істі жеңді
Марат Әйтенов экс-әйелін сотқа беріп, жеңіп шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
23 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Дана Әтешоваға қатысты үкім шығарды (ҚК 108-1-бабының 1-бөлігі).
Айыптаудың мәні
Әтешова оны мәжбүрлеп шығару процесі барысында үй иесіне қарсылық көрсетіп, Әйтеновті үйге кіргізбей, жәбірленушіні қасақана ұялы телефонымен соғып, оны тістеп алған.
Нәтижесінде Марат Әйтеновке дене жарақаты келтірілген көрінеді. Әтешованың кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденген.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор 30 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап оқиға мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.
Қандай жаза тағайындалды?
ҚК-нің 108-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балалардың болуын және соттылығының болмауын таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған теріс қылықтың мән-жайларын және оның ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ сотталушының жеке кәсіпкер болып табылатынын, оның асырауында 3 жас баласының бар екенін және жазаның өзге түрін тағайындау оның балаларының өмірі мен тәрбиесі жағдайларына әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, сот сотталушы Әтешоваға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!