Мәжіліс депутаты Садықов неге мандатынан айырылып, партиядан шығарылғаны айтылды
Депутат Асқар Садықов не үшін партиядан шығарылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ақжол" партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің сөзінше, партия атына Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылған.
"Парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел Асқар Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып, арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде уатсабына Асқар Садықовтан келген хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған әйелдің есімі жасырылған)", - дейді Перуашев.
Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарға жауап бермей, елемеген екен. Ол Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты, харассментке тап болған жәбірленуші құқық қорғау орнына жүгіне алмаған.
"Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде Асқар Садықов "өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін" айтты. Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық, ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім әйел адамға ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді", - делінген жазбада.
Перуашевтің сөзінше, Садықовтың лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде пленум Асқар Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдаған.
"Соның ішінде бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алыпқашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін", - деп түсіндірді Перуашев.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асқар Садықов мәртебесіне сай келмейтін әрекет жасағаны үшін Ақжол партиясынан кеткені туралы хабарлаған едік.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы "Ақ жол" демпартиясының ұсынымын бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырды. Бұл шешімге Асқар Садықовтың депутаттың мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барғаны негіз болған.
Аталмыш фактіні партиялық органдар өз бетінше анықтаған және ҚДП пленумында қаралған соң, Асқар Садықов партиядан шығарылды, соған байланысты ол депутаттық мандатынан айырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!