Альфонс жігітті қалай анықтауға болады?
Альфонс жігітті қалай анықтауға болады деген сұраққа күліп қарауыңыз және оларды анықтау оңай деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда альфонс жігіттерге алданып қалып жатқан қыздар көп. Себебі олар қыздарды баураудың жолдарын жақсы біледі, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Альфонс деп кімді айтады?
Альфонс – қандай да бір деңгейде әйелді материалды, эмоционалды немесе физикалық тұрғыда пайдаланатын ер адам. Қазір олар біз ойлағаннан да көп кездеседі. Мұндай ер адамдар – нағыз манипуляторлар: олар таңғалдыруды және алдауды жақсы біледі. Осылайша, өзінің шынайы ниетін жасырады.
Олар өз мақсатына жету үшін басқаларды бақылауға және айналасындағыларға манипуляция жасауға тырысады. Мұндай ер адамдар әдетте әйелді материалдық пайда алу үшін пайдаланады.
Сырт бейнесіне қарап альфонсты анықтау қиын
Психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетова Massaget.kz тілшісіне альфонс жігіттерді анықтау оңай емес екенін айтты.
"Бізде альфонстарға қатысты стереотип бар. Альфонс жігіттерді әдемі киінетін, өзін-өзін күтіп қалған, сымбатты жігіттер деп ойлайды. Алайда тәжірибеде көп жағдайда олай емес. Альфонс жігіттер өзін құрбан санағанды қалап, өзін ұқыпсыз көрсеткісі келеді. Бірақ өзін сымбатты көрсеткісі келетіндер де бар. Альфонс жігіттің сырт бейнесіне қарап, оның альфонс екенін білу өте қиын", – дейді психолог.
"Олар бір көргеннен сізге үйленетінін айтады"
Маман сізді ойландыруы керек негізгі белгіні атады.
"Жігіт қызбен танысқан кезінде оған көңілінің және қарым-қатынасының өте шынайы екенін айтып, "мен саған үйленуге дайынмын", "маған сенен жыныстық қатынас та, ақша да керек емес", "маған сенің жан дүниең ұнап тұр" деген сөздер айтады. Қарым-қатынаста тәжірибесі жоқ қыздарда "көптеген жігітке жыныстық қатынас, альфонстарға ақша керек, ал бұл жігітке мен керек екенмін" деген түсінік қалыптасады. Алайда қарым-қатынастың шынайы екені жайлы түсінік қалыпты жағдайда біршама уақыт өткеннен кейін пайда болуы керек. Мысалы, танысқаннан кейін бір, екі немесе үш айдан соң бір-бірін жақсы танып, бір-бірін түсіне бастағаннан кейін пайда болуы керек", – дейді ол.
Психологтың айтуынша, бір көргеннен ғашық болу жасөспірімдерге тән.
"18-19 жастағы жігіттер, жасөспірімдер, бойжеткендер мен бозбалалар бір көргеннен бір-біріне ғашық болып, қарым-қатынас жайлы шынайы ниетпен айта алады. Бұл қалыпты жағдай. Бұл жасөспірім шаққа тән нәрсе. Бірақ одан кейін 24-25 жас, 30 жас шамасындағы уақытта бір көргеннен ғашық болу өте сирек кездесетін жағдай. Себебі ересек кезде эмоциямен, сезіммен ғашық болып қалу мүмкін емес деуге де болады. Бір көргеннен ғашық болдым дейді де, біраз уақыт өткен соң ақшасын алып жоғалып кетеді немесе басында ол жігіт жұмыс істейтін сияқты көрінгенімен, уақыт өте сол қыздың мойнына мініп алады", – дейді Мейіргүл Бимағамбетова.
Басқа қандай белгілерге мән беру керек?
Альфонсты анықтауға көмектесетін басқа да бірнеше белгі бар. Олардың әрбіреуін жеке-жеке қарағанда еш күмән тудырмауы мүмкін, алайда серігіңізден олардың бірнешеуін байқасаңыз, бұл сізді ойландыруы керек.
Ол қарызды қайтарғанды және шот төлегенді жақсы көрмейді. Альфонс жігіттер әдетте "маған бәрі міндетті" принципімен өмір сүреді. Олар тек әйел адамға қатысты емес, достарымен де, туыстарымен де сол принциппен өмір сүреді. Мысалы, досына ақшаны "қайтаруды" ұмытады, дәл қазір ақша болмай тұрғанын айтып, шотты төлемейді. Егер жаңа танысыңыз тамақты тек сіздің ақшаңызға ішсе және несиесін төлеуге сізден көмек сұрай берсе, сіз альфонстың қақпанына түскен болуыңыз мүмкін.
Кірісіңіз жайлы білгісі келеді. Егер танысқан жігітіңіз сізді әлі жақсы танып білмей жатып, жалақыңыз, алатын бонустарыңыз жайлы білгісі келіп бара жатса, ер адамның ниеті жақсы емес болуы мүмкін.
Сөзіне әрекеті сай емес. Олар уәде береді, қалай әдемі тұратындарыңызды, бірге қайда баратындарыңызды және немен айналысатындарыңызды айтады. Бірақ әрекетке көшпейді және тек өз қызығушылықтарын алға тартатын болады.
Үнемі өзінің маңыздылығын растауды қажет етеді. Мұндай ер адамдар сіздің назарыңызды талап етеді. Өзіне аса мән береді.
Өзін шаруасы көп адам секілді көрсетеді. Олар үнемі ұялы телефонмен шаруа шешіп отырғандай көрінуі мүмкін. Өзін әйелге іскер әрі байсалды етіп көрсетуге тырысады.
Жасырындылық. Әдетте альфонс жігіттер достарымен, туыстарымен көп таныстыра бермейді және өткені жайлы айтқанды жақсы көрмейді.
Аяушылық сезімін оятқысы келеді. Әдетте альфонс жігіттер эмпатия белгілері бар қыздарды таңдайды және олардың құрбандары оны жұбату, құтқару және оған көмектесуді өздерінің міндеті деп санайды.
Альфонстың қулығына алданып қалмас үшін...
Мұндай жігітті кездестіру қауіпті. Альфонстардың құрығына түскен әйелдер кейін қалайша бар жинағанын біреудің туысын құтқаруға беріп қойғанын, сүйіктісіне көмектесу үшін несие алғанын немесе өзіне мүлдем тән емес нәрселерді жасағанын түсінбей қалғандарын айтады. Ендеше, альфонстардың құрбанына айналмас үшін не істеу керек?
Эмоционалды тұрақтылықты дамытыңыз. Өзіңіздің эмоцияларды анықтау және басқару қабілетіңізді арттырыңыз. Бұл сізге манипуляцияға қарсы тұруға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Жаңа танысқан адамға сенуге асықпаңыз. Әңгімесінен қандай да бір сәйкессіздіктерді байқасаңыз, ақпаратын тексеруге тырысыңыз. Мысалы, әртүрлі сұрақтар қоюға болады.
Алғашқы танысқан күннен бастап шекара орнатыңыз. Өзіңізге сенімді болыңыз және өз қызығушылықтарыңызды қорғаңыз.
Егер жаңа танысыңыз бизнесіне көмектесуді сұраса, кенеттен оның көлігін ұрлап кетсе немесе басқа да күтпеген проблемалар туындағанын айтса, оған бірден көмектесуге жүгірмей, сәл үзіліс алыңыз және жақындарыңыздың кеңесін тыңдаңыз.
"Жоқ" деп айтып үйреніңіз. Жаңа танысыңыз қаржылық қиындыққа тап болса да, оның орнына несие алмаңыз. Ол қаржылық қиындықтарын достары немесе туыстарына айтып шеше алады, ал сіз моральды тұрғыда көмек бере аласыз.
Психолог Мейіргүл Бимағамбетова қыз-келіншектерге кеңес берді.
"Альфонстардың қулығына түсіп қалмас үшін қыз бала өзін-өзі тануы керек. Қыз бала "менің жаным жаралы ма?", "маған көңіл жетпейді ме?" деген сұрақтарға өз-өзіне шынайы жауап беруі керек. Мысалы, кейбір қыздар ата-анасына ренжігіш болып келеді, кейбір қыздарға көңіл жетіспейді. Егер ата-анасына, айналасына ренжігіш болса, құрбыларына қызғанышпен қараса, оның альфонстардың қулығына түсіп қалу қаупі жоғары. Сондықтан қыз өзімен-өзі жұмыс жасап, өзін-өзі қанағаттандыруы керек. Өзін-өзі жақсы танып білуі керек", – дейді маман.
Сондай-ақ ол кей жігіттер агрессивті көңіл аударуды пайдаланатынын ескертті.
"Мысалы, кей жігіттер қызға бір көргеннен қымбат сыйлықтар сыйлайды, бұл агрессивті көңіл аударуға жатады. Өзіне-өзі көңілі толған, өз-өзімен жақсы қарым-қатынастағы қыз балалар жігіт бір көргеннен үйленемін десе немесе агрессивті көңіл аударуды байқаса, бұл жігітің іс-әрекетінің дөрекі екенін, заңдылыққа сай емес екенін көріп тұрады. Сырт көзбен қарап, ыңғайсыз процесс болып жатқанын түсінеді. Ал кей жағдайда альфонстардың құрығына түсетін қыздар бұл процесті жағымды көреді және мені жақсы көретін адам пайда болды деп қуанады. Ересек адам бір көргеннен ғашық болуы мүмкін емес, өйткені ересек адам болашақ жары туралы жақсы ақпараттар білгісі келеді, оның қандай адам екенін, оның көпшілікте өзін қалай ұстайтынын, қандай құндылықтары бар екенін білгісі келеді", – дейді Мейіргүл Бимағамбетова.