Талғардағы адам өлімі: Шерзаттың әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады
"Құрметті, қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін! Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатқандарыңызға көп рақмет! Мен Қонаевтағы Алматы облысының полиция департаментінің ғимаратына келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар көмектесуде. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да (Айтбек Амангелді) көмегі бар. Ол кісіге де ерекше рақмет! Алғысым шексіз", – деді ол.
Шерзаттың әкесі халықтан қантөгіс болмауын сұрады.
"Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасау үшін сондай болуы мүмкін. Сол себепті халқым, өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс емес, өз қағидам: заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазбаға, суреттер, фотоларға сенбеңіздер. Кім келсе де, қандай жағдай болсын, сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады", – деді Қаржаубай Нұрымов.
Оның сөзінше, күдіктілер бірнеше рет қорқытқан.
"Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. "Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік" деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас", – деді марқұмның әкесі.
Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін жеткізді.
"Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы", – деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!