Алматы соты Азаттықты "Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі деп тапты
Іс Шымкент тұрғыны Әлішер Тұрабаевтың 2024 жылғы 13 қарашадағы арызы негізінде қозғалған. Тұрабаевтың жазуынша, биылғы 13 қыркүйекте Азаттықта жарық көрген видеода журналист Данияр Әділбековтің ұсталуы туралы жаңалықта "жалған ақпарат" болған. Онда "кеше 12 қыркүйекте оған прокурор 8 жыл түрме жазасын сұрады" деген ақпарат айтылады. Тұрабаевтың айтуынша, бұл кезде "прокурор мұндай тұжырым жасай алмайтын еді" себебі, іс бойынша жарыссөз тек 16 қазанда басталған.
Азаттық радиосы видеоматериалда аудармада техникалық қате кеткенін мойындады әрі оны түзетуге әзір екенін білдірді. "Даулы материал 2024 жылғы 11 қыркүйекте жарық көрген "Казахстанскому журналисту Адильбекову грозит до 8 лет тюрьмы за пост в телеграме: замминистра энергетики обвинил его в ложном доносе" деген басқа материалдың авторлық аудармасы. Орыс тілінен қазақ тіліне аударған журналист "грозит до 8 лет тюрьмы" деген тіркесті "…оған прокурор 8 жыл түрме жазасын сұрады" деп қате аударған" деді Азаттық.
Ал арызда "Азаттық порталында жарияланған ақпарат жалған әрі қоғамды адастырады" делінген.
Азаттық радиосы талап арызға қарсы өтініш берді. Онда адвокат Жан Күнсеркин бұл арыз "заңсыз әрі негізсіз екенін, ал іс сотта қарауға жатпайтынын, себебі бұл жағайда әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін" айтты және істі тоқтатуды сұрады.
Іс бойынша 19, 20 қарашада екі сот отырысы өтті. Бірінші отырыста Әлішер Тұрабаев талап арызы негізді екенін айтты. Ал Азаттықтың Алматыдағы өкілдігінің директоры Қасым Аманжол материалда жалған емес, қате ақпарат кеткен деп түсінуді сұрады. "Жалған" деген – жала, әдейі адастыру, алдау не арандату мақсатында қолданылатын сөз" деді ол.
12 қыркүйекте Данияр Әділбековтің ісі бойынша сот отырысы өткен, ол жерде прокурор да сөйлеген. Әділбековке тағылған айып бойынша 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осыны негізге ала отырып Азаттық тілшісі қателік жіберген. Қасым Аманжол сол себепті бұл істі тоқтатуды сұрады.
20 қарашада Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Ержан Алдабек Азаттық радиосының өкілдігін Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 456-2 бабының 2-тармағын бұзды деп, айыппұл салу жөнінде шешім шығарды. Сот Азаттықтың "қатені ішінара мойындап, түзетуге әзірміз" деген уәжін қабылдамады.
Бұл бап бойынша Азаттыққа айыппұл салу туралы шешім осымен екінші рет шығып тұр. Бірінші арызды да Әлішер Тұрабаев берген. Былтыр қазанда ол Азаттықтың орысша сайтындағы "ОДКБ, возглавляемая Россией" (Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) деген тіркесті жалған ақпарат деп санайтынын жазған. Сот арызды қанағаттандырып, Азаттық радиосына 103 500 теңге (220 доллар) айыппұл салған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске енген "жала жабу" жөніндегі 456-2-бап 2023 жылғы 9 қыркүйекте ғана, Тұрабаевтың бірінші арызынан аз ғана уақыт бұрын заңды күшіне енген. Құқық қорғаушылар бұл бап "елдегі сөз бостандығын одан сайын шектей түседі" деп сынаған. Ол бап бойынша, "жалған ақпараттың" "қасақана таратылғанын" дәлелдеу талап етілмейді, яғни кез келген қате "жалған ақпарат" саналады. Бұл бап бойынша алдын ала ескерту беру, қатені түзетуге алдын ала мүмкіндік беру қарастырылмаған. Әрі "жалған ақпараттан" зардап шегушінің болуы міндетті емес.
Құқық қорғаушылар оны Ресейдің "фейк тарату" заңына ұқсас "жұмсақ" цензура құралы деп атаған. Заң күшіне енгелі "жалған ақпарат тарату" айыбымен белсенділер мен блоггерлер әкімшілік жауапқа тартыла бастады.
2024 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тартқан. Министрлік Азаттықтың "Жалған ақпарат тарату" бабымен заң бұзғанын бір себеп ретінде келтірген. Кейін Азаттық пен сыртқы істер министрлігі арасындағы дау медиация жолымен шешілген.