Smart сарқыраманың моделін құрастырған оқушының ұстазымен сұхбат
Шамсияат Алтаева Келес ауданында орналасқан Әлия Молдағұлова атындағы №3 жалпы білім беретін мектепте ұстаздық қызметін атқарып келе жатқанына 32 жыл болды.
"Мен информатика пәнінен сабақ беремін. Оқушыларым осы уақытқа дейін облыстық олимпиадалардан, аудандық олимпиадалардан орын алып келіп жүр. Сондақ-ақ ғылыми жобалармен де облысқа барып келіп жүрген оқушыларым бар", - дейді ұстаз Шамсияат Алтаева.
Шамсияат Алтаеваның жетекшілігімен 6-сынып оқушысы Әділбек Думан smart сарқыраманың моделін құрастырып шыққан. Ол өзінің туындысы келешекте ақылды үйлерде орын алады деп үміттенеді.
"Біз 5-сыныпта роботтар жайлы өтеміз. Сол кезде барлық нәрсенің автоматты түрде жеңілдетілген түрімен жұмыс істеуді үйренеміз. Осы кезде Думан автоматты түрде ағып тұратын сарқырама жасап көргісі келді. Қазіргі заманда ақылды үйлер бар. Сол секілді Думан да ақылды сарқырама жасағысы келген. Болашақта оны жетілдірсе, жақсы дүние шығады деп сенемін", - дейді информатика пәнінің мұғалімі.
Smart сарқыраманың ерекшелігі – адамдарға бос уақытында судың дыбысынан, табиғаттың көрінісінен, салқын ауада психологиялық тұрғыда демалуына жағдай жасау.
"Ол сарқыраманы қолдан өзі жасады. Судың қалай циркуляция жасайтынын да ойластырған. Smart сарқырамада су жоғары шығып, қайтадан төмен ағады. Думанның бұл жұмысты істеу барысында жан-жақты зерттегені ұнады. Ол су сарқырағанда шығатын дауыс адамды психологиялық тұрғыда тыныштандыратынын, демалтатынын айтты. Оған қоса, су ауаны салқындатады. Өздеріңіз білесіздер, бізде Оңтүстік жақта жазда су тапшылығы бар. Думан оны да ескерген. Егер аулаларға осындай сарқырама жасаса, су тапшылығы болмас еді, аула салқындап тұрар еді дейді. Сондай-ақ суды үнемді пайдаланамыз, себебі сарқырамада су айналып тұра береді. Арасында ғана су азайып қалса қосып қоясыз, ал басқа уақытта өздігінен айналып тұра береді", - деп түсіндірді Әділбек Думанның ғылыми жетекшісі.
Шамсияат Алтаеваның айтуынша, Думан – алғыр, талапшыл оқушы.
"Думан – өте алғыр, үздік оқушы. Ол математикаға қызығады. Жалпы менің байқағаным, логикасы мықты балалар информатикаға да жақсы болып келеді. Ол осы жобасымен жақында ғана өткен "Зерде" оқушылардың ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінен бірінші орынды иеленіп, облысқа жолдама алып келді", - дейді ұстаз.
"Зерде" оқушылардың ғылыми жобалар байқауы жыл сайын қыркүйек-қазан айларында 2-7 сыныптар арасында болады. Ал сәуір айында 8-11 сыныптар арасында болады.
Мұғалім қазіргі цифрлық технологиялар дамыған заманда өсіп келе жатқан балалар да басқа екенін атап өтті.
"Қазір цифрлық технологиялардың дамыған заманы. Балалар кішкентай кезінен смартфондарды пайдалануды біледі. Мұның пайдалы жағы да бар. Бұл қазіргі балалардың өнертапқыш болуына ықпалын тигізіп те жатыр. Бұрын ақпарат та аз болатын. Ал қазір не нәрсені қалай жасау керек екенін, өзіңнің қызыққан тарау бойынша интернеттен қай тілде болмасын ақпарат табуға болады. Балалар осындай ақпаратты алып, қолдарынан керемет дүниелер жасап жатыр. Бұл олардың ой-өрісінің дамуына ықпал етеді. Өзім де интернеттен біраз ақпарат табамын. Бастысы, балаға цифрлық ақпаратпен жұмыс істеуді, ондағы қауіпсіздік ережелерін үйрету керек", - дейді ол.
Қазір көпшілік мектепте "Робототехника" үйірмесі басталды.
"Биыл мектебімізге "Робототехника" үйірмесіне көптеген жаңа құрал-жабдық келді. Балалар робототехникаға қатты қызығады. Сондықтан мектебімізден алдағы уақытта әлі бұдан көп ғылыми жоба шығады деп ойлаймын", - дейді ұстаз.
Шамсияат Алтаева ата-аналарға кеңес берді.
"Ата-аналар балаларына бар көмегі мен қолдауын береді. Мысалы, Думанның ата-анасы да жоба басталғаннан бастап баласына қолдау білдірді. Ата-аналарға айтарым, балаларыңыздың қызығушылығына мән беріңіздер және барынша қолдаңыздар. Сондай-ақ әр ата-ана әрдайым даму үстінде болса екен деймін. Қазір заман жылдам дамып жатыр. Өзгеріске бейімделе алған, үнемі дамуды қолға алған әр ата-ананың баласы да үлкен жетістіктерге жетеді", - дейді ұстаз.
Еске салайық, Түркістан облысында жалпы 85 мыңнан аса педагог бар. Өңірдің мектептерінде 500 мыңнан аса бала білім алады. Республикадағы әрбір 7-оқушы Түркістан облысында. Биылғы жаңа оқу жылында өңірде 1-сыныпқа 52 мыңнан аса оқушы қабылданған.