Дикий Арманға қатысты жабық сот процесінің видеосы тарады: не белгілі?
Бас прокуратура: қылмыстық іс қозғалды
Бас прокуратура видеожазбалардың таралу дерегі бойынша тергеу басталғанын растады.
"Алматы прокуратурасының соталды тергеу басқармасының өндірісінде Қылмыстық кодекстің 423-бабы (Сотқа дейінгі тергеу немесе жабық сот талқылауы деректерін жария ету) бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр", – деп хабарлады Бас прокуратура Tengrinews.kz сұрауына жауап ретінде.
Ережені бұзғандарға қандай жаза қолданылады?
Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жанабаевтың түсіндіруінше, прокурордың немесе судьяның рұқсатынсыз сотқа дейінгі тергеу немесе жабық сот талқылауы деректерін жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Қылмыстық кодекстің 423-бабына сәйкес мүмкін болатын жазалар:
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл;
600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
дәл осы мерзімге түзету жұмыстары;
екі жылға дейін бас бостандығын шектеу;
екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес соталды тергеу деректерін жария етуге тыйым салынады. Бұл бап прокурордың рұқсатынсыз істі жария етуге болмайтынын қарастырады. Конституцияға сәйкес, Бас прокуратура Қазақстан аумағында заңнаманы біркелкі қолдануға жоғары қадағалауды жүзеге асырады", – дейді Жанабаев.
Адвокаттың айтуынша, сот процесінің алдында төрағалық етуші судья барлық қатысушыны құпиялылық ережелері туралы хабардар етеді. Сот отырысының жазбасын, стенограммасын, фото немесе бейнежазбаны, соның ішінде ZOOM платформасын немесе басқа да аудио- және бейнежазба құралдарын қолдануды тек судьяның рұқсатымен ғана жүзеге асыруға болады.
Мәліметтер қалай тарауы мүмкін?
"Деректердің таралуы ZOOM платформасы арқылы өткізілетін жабық сот процесінде де болуы мүмкін. Барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан, бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтар немесе ақпаратты жеткілікті түрде қорғаудың болмауы себебінен деректердің таралу қаупі бар", – деді адвокат.
Сондай-ақ, оның пікірінше, бұл адам факторы болуы мүмкін. Мысалы, қылмыстық процесс қатысушысы құпиялылық ережелерін және сенімді шифрлау мен аутентификация әдістерін пайдалануды елемеген жағдайда.
"Менің ойымша, ZOOM платформасын пайдаланып түсірілген фото және бейнежазбалар кезінде ақпарат жалпы желіге таралып кетуі мүмкін”, – деп болжады Жанабаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!