"Қазақ рухының қорғаны еді". АҚШ-та Мұхтар Мағауинді ақтық сапарға шығарып салды
Қоштасу рәсіміне ондаған адам қатысты. Арасында Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев, сол жақтағы консул Жүсіп Орынбай, Америкадағы қазақ қауымдастығының өкілдері, “Болашақ” бағдарламасымен оқып жатқан студенттер де бар.
Бұған қоса, жазушының отбасы, балалары мен немерелері, достары қатысты.
Жазушы Вашингтон маңындағы Parklawn Memorial зиратына жерленді.
Жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин 10 қаңтарда (АҚШ уақытымен 9 қаңтарда) 85-ке қараған шағында қайтыс болған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
Жұрт кешеден бері жазушының отбасына әлеуметтік желіде көңіл айтып жатыр. Желі, мессенжерлерде жазушының қазақ халқының тарихы, әдебиеті, тіл және өзге де мәселелер туралы айтқан пікір-лебіздері тарады.
"Қаламгерлігі мен қайраткерлігі тең Тұлға еді. Ақын-жырауларымызды түгендеп, саясат тоңы басқан тарихымызды жазып, том-томдап қолымызға ұстатып, келместің кемесіне мініп кете беріпті. Алла алдыңыздан жарылқасын, ақсақал" деп жазды Серік Әбікенұлы.
"Қазақ рухының қорғаны, бүкіл ғұмырын қазақ әдебиетіне арнаған Мұхтар аға Мағауин қайтыс болыпты. Қазақтың жыраулар поэзиясын қайта тірілткен, Сәбет өкіметі кезінде шығармалары арқылы қазақ жастарының ұлтшылдығын оятқан, қазақ прозасын жаңаша түрлеген қаламгер еді. Студент күнімізде Мағауинге еліктедік, Мағауинді сүйдік, өмірді Мағауинше ғана қабылдағымыз келген кезіміз болды... Қош, Мұхтар аға!" деп жазды Болат Мүрсәлім.
"Мен Толстойдың өлімінен қорқамын деп еді Чехов.
"Әдебиетте Толстой барда әдебиетші болу оңай; ештеңе істемесең де қобалжымауға болады, себебі Толстой бәрі үшін жазады". Чеховтың осы сөзі ойға орала берді.
Мағауин бәріміз үшін жазды. Біздің әдебиетте Мағауин бар деп көкірек керіп жүруші ек. Кетті. Өмір заңы… Мұхтар аға бар ғұмырын жазуға арнады. Жазуды жоғары қойды. Ондай қаламгер қазақ әдебиетінде көп емес. «Жазушылық ұзақ марафон. Басқа маман иелері зейнетке шығады. Жазушы өлгенше жазады» деп еді «Мен» романында. Ұстазы Әуезов АҚШ ты көрген тұңғыш қазақ жазушысы болу керек. Шәкірті АҚШ та көз жұмған алғашқы қазақ жазушысы! Мен Арыстан Мағауин! Мен қазақтың әкесіндей адаммын дейтін. Сол мақтаны өзіне жарасатын!" деп жазды Қанат Тілеухан.
Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.
Жазушының XV–XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын, жыраулары туралы "Қобыз сарыны", "Көк мұнар" романы, "Сары қазақ", "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және өзге де шығармалары бар.
Жазушы Қазақстаннан жырақта жүрсе де елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін айтып, билік режимін де сынаған. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде ереуілшілерге оқ атылып, кемінде 17 адам қаза болған шақта "Қан төгілді" деген атаумен мақала жариялап, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізген. Жергілікті “Халық үні” басылымына берген сұхбатында "Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды" деп бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынға алған.
Жазушының шығармашылығына арналған Magauin.com сайтындағы мәліметке сүйенсек, Мұхтар Мағауин кейінгі жылдары ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазған.
"Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма жеті том болып тұр" деп жазылған сайтта.
Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.