Ақтөбеде адамдарды кепілге алу оқиғасы: жәбірленушінің жағдайы туралы не белгілі?
Ақтөбеде ата-анасымен бірге кепілге алынған 40 жастағы әйел есін жиды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
13 қаңтарда Ақтөбеде белгісіз ер адам әйелді ата-анасымен бірге жекеменшік үйде кепілге алған болатын.
Дәрігерлер қайғылы оқиғадан аман қалған зардап шегушінің жағдайы туралы мәлімет берді. Ол – кепілге алынғандардың ішінде тірі қалған жалғыз адам. Қазіргі уақытта әйел нейрохирургия бөлімінде, полицияның тәулік бойғы күзетінде жатыр.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, зардап шегушінің жағдайы сәл жақсарғанымен, ол әлі анасы мен өгей әкесінің қайтыс болғанын білмейді.
"Науқастың жағдайы орташа ауыр. Ол оянды, есін біледі. Нейрохирургия бөлімінде палатада жатыр. Әйел көптеген жарақат алған және қатты күйзеліске түскен. Онымен күн сайын психологтар жұмыс істеп жатыр. Ол ата-анасы мен сол күнгі оқиғалар туралы сұрайды, бірақ көп нәрсе айтпаймыз. Тек оған емделу керек екенін, әзірге тұруға және жүруге болмайтынын айтамыз", – деді облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Оразжанов.
Дәрігерлердің айтуынша, пациенттің ұялы телефоны жоқ, оған палатасына ешкімді кіргізбейді. Сондықтан ол жақындарының қайтыс болғанын әзірге білмейді.
Фото Tengrinews.kz
Осы уақытта қайғылы оқиға болған үйде зардап шеккен әйелдің ата-анасының жерлеу рәсіміне дайындық жүріп жатыр. Бұрын үйдің есігі мен қақпасы мөрленген болатын, қазір барлығы ашық.
16 қаңтарда 67 жастағы әйел мен 74 жастағы ер адам жерленеді. Отбасының туыстары әзірге болған жағдайға түсініктеме бермейді.
Еске сала кетейік, 13 қаңтар кешінде Ақтөбенің тұрғын ауданында белгісіз ер адам танысының ата-анасының үйіне кіріп, әйелді және оның ата-анасын кепілге алған. Полиция қаскүнеммен үш сағат бойы келіссөздер жүргізді. Кейін үйге шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Әйелдің ата-анасы қаза тапты, ал әйел қазір ауруханада жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!