7 миллион теңге шығын: ШҚО тұрғыны бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жіберген
Өзгенің мүлкін қасақана өртеген шығысқазақстандық 12 миллион шығын келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының полиция бөліміне ауыл тұрғыны өз үйінің ауласындағы шаруашылық қораның өртке оранғаны туралы хабарлаған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің ("Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Тергеу барысында 27 жастағы ер адамның көршісімен арадағы араздықтың кесірінен осындай қадамға барғаны анықталды. Кек алмақ ниетпен ол бензин толтырылған пластикалық бөтелке алып, қарсыласының шаруашылық құрылысын өртемек болған. Алайда күдікті мекенжайды шатастырып, өртті көршісінің емес, басқа біреудің қорасына қойған. Өрт салдарынан 7 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген. Тілсіз жау 10-нан астам үй жануарының қырылуына әкеп соғып, 20 тонна шөп, 5 тонна мал азығы және шаруашылыққа арналған техника толығымен жойылды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеушілер қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге қажетті барлық шараларды атқарып жатқаны айтылды. Тергеу нәтижелері бойынша заң аясында процессуалдық шешім қабылданады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!