"DeepSeek, сұрағым бар..." Қытайлық ЖИ-дің не жасырғаны бар?
Ендеше бірінші сұрақ!
Жаңа ЖИ пайда бола салысымен әлемнің әр түкпіріндегі жаңа қосымшаны пайдаланушылар бір түйткілді байқады: бот саясат, аумақтық дау-дамай және Қытай тарихы туралы сұрақтарға жауап бермейді немесе Пекиннің ресми ұстанымын қайталайды.
«Азаттық Азия» журналистері мұны тексеріп көрді.
Редакция боттан: «Шыңжаңдағы жағдай қалай? Қытай үкіметі мұсылман халықтарын, соның ішінде ұйғырларды, қазақтар мен қырғыздарды қысымға алып отыр ма?» — деп сұрады.
DeepSeek жауабында мынадай да тармақ болды: «Қытайдың басқа да аймақтарындағы секілді Шыңжаңда да барлық ұлт өкілдерінің, соның ішінде ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздардың да тең құқықтары мен мүмкіндіктері бар. Қытай Шыңжаңның экономикалық және әлеуметтік дамуына белсенді көңіл бөледі, халықтың өмір сапасын үздіксіз жақсартуға назар аударады, ұлтаралық бірлікті нығайтады, мәдени алмасу мен араласуға ықпал етеді».
Бұдан кейін журналистер DeepSeek ботынан Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері туралы сұрады, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, мұндай жерге ұйғырлар мен басқа да аз ұлт өкілдерін жібереді.
Сервис мұны «кәсіби білім беру орталығы» деп атайды және ол терроризммен, экстремизммен күресуге көмектесіп, әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді деп есептейді.
Мұндай орталықтар туралы не білеміз?
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 2017 жылы жариялаған баяндамасында Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз ұлтының өкілдерін жаппай «саяси қайта тәрбиелеу орталықтарына» жіберіп жатқанын айтты. Қытайдағы аз ұлт өкілдері тұратын аймақтағы негізінен түркі тілдес және ислам дінін ұстанатын халыққа қатысты қысым туралы сол кезде бірінші рет халықаралық деңгейде қаттырақ айтылды.
Лагерьде болғандар аяусыз қарым-қатынас, күштеп ассимиляциялау, еркінен тыс жұмыс істету туралы айтты. Оларды шетелде тұратын туыстарымен қарым-қатынас жасағаны үшін, басқа елдерге барғаны және ислам дінін насихаттағаны үшін ұстаған.
«Қытай билігі ол адамдарды «саяси тәрбиелеу» орталықтарында қандай да бір қылмыс жасағаны үшін емес, саяси сенімсіз деп санағандықтан ұстап отыр», — деп мәлімдеді HRW.
Сол кезде оқиғаның қалай өрбігенін Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің көшбасшысы, демократия, адам құқығы және ұйғыр халқына еркіндік беру мәселесін көтеріп жүрген Долкун Иса жақсы біледі.
«Бастапқыда қытай билігі ешқандай лагерь жоқ деумен болды. Алайда БҰҰ сарапшылары, құқық қорғау органдары мен тәуелсіз сарапшылар дәлел келтіре отырып, соның ішінде спутниктен түсірілген суреттерді қоса отырып баяндама жариялағаннан кейін Қытай сөз ауанын өзгертіп, бұл орталықтар «кәсіби оқытуға арналған» деп мәлімдеді. Кейіннен, ондай орталықтарда студенттер, әртістер, спортшылар, жасөспірімдер де бар екені белгілі болғанда, Қытай лагерьлер терроризммен және радикализммен күреске арналғанын айта бастады. Қытай тактикасын үнемі өзгертумен келеді, ал миллиондаған адам сол күйі лагерьлер мен түрмелерде азап шегіп жатыр», — дейді Иса.
Құқық қорғаушының айтуынша, қуғын-сүргін оның отбасын да айналып өтпеген.
«Інім өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Математика ғылымының профессоры болған ағам кей дерек бойынша 17 жылға, тағы бір мәліметке сай 24 жылға сотталды. 2017 жылдан бері туыстарымызбен байланыс жоқ. 2018 жылы анам лагерьде қайтыс болды, жасы 78-де еді. Менің басымдағы жағдай басқалардан өзгеше дей алмаймын, шетелдегі ұйғырлардың бәрінің көріп отырғаны осы», — дейді Долкун Иса.
Ендеше екінші сұрақ
DeepSeek сервисінен қытай үкіметі өзін сынағандарды, соның ішінде шетелдегі ұйғыр халқы өкілдерін қудалай ма деп сұрасаңыз, оның жауабында мынадай да тармақ бар: «Қытай үкіметі ұлттық бірлік пен әлеуметтік тұрақтылыққа ұмтылуда әрқашан заң мен халықаралық құқық шеңберінде әрекет етеді».
HRW бағалауы бойынша, Қытайда «тәуелсіз азаматтық қоғам жоқ, сөз бостандығы, бірлестіктер, жиындар немесе дін еркіндігі жоқ, құқық қорғаушылар мен үкіметті сынға алатын басқа да тұлғалар қудалауға ұшырайды».
«Қытай үкіметінің ақпаратты бақылауға алуды күшейте түсуінің халықаралық салдары да бар, өйткені ол Қытайды сынайтын қуғында жүрген, шетелде тұратын шетел азаматтарына бағытталған», — дейді құқық қорғау ұйымы Қытайдағы жағдай туралы жаңа есебінде.
Қазір Германияда тұратын Долкун Иса да бұл мәселе туралы жеке тәжірибесі тұрғысынан айта алады.
«Қытай маған терроризмге қатысы бар деген айып тақты, ал мен өмірімде тауық соймаған адаммын. Олар мені қудалау үшін [Интерполды] пайдаланды, режимді сынаған басқа азаматтардың да басындағы жағдай осы. Қытай билігі Қазақстанда немесе Орталық Азияда ғана емес, басқа жерлерде де полицияның құпия кеңсесін ашып қойды. Әлемнің 50 елінің 150 қаласында, соның ішінде Германия, Ұлыбритания мен АҚШ-та да бар. Мұны көптеген халықаралық зерттеу институты мен құқық қорғау ұйымы да растап отыр», — дейді құқық қорғаушы.
Қытай билігі «трансұлттық қуғын-сүргін схемасын» қолға алғанын АҚШ-тың әділет министрлігі де хабарлады.
Қытайдың ірі технологиялық компаниялары туралы сөз болғанда цензура, пропаганда және жеке деректердің қорғалуы жөнінде дау-дамай туады. Құқық қорғаушылар мұндай қауіптің негізсіз емес екенін және оның салдары да ауыр болатынын айтады.
«Қытай ЖИ-ді ел аумағынан тыс жерде де үгіт жүргізуге пайдаланады. Қытайдағы кез келген компания үкіметпен тізе қоса жұмыс істеуі керек. DeepSeek — бақылау құралы. Мәселен, ұйғырларға қарсы геноцид туралы сұрасаң, «батыстың пропагандасы» дейді, ал шын мәнінде Лондондағы Ұйғыр трибуналында 100 мың беттен асатын дәлел бар, 11 елдің парламенті геноцид деп мойындап отыр», — дейді Долкун Иса.
Құқық қорғаушының айтуынша, бұл осы мәселемен айналысып жүргендердің жұмысын қиындатады, оларға алапат үгіт-насихатқа қарсы тұруға тура келеді. Исаның айтуынша, бұған Пекин «миллиардтаған доллар» жұмсап отыр.
«Қазір адамдар терең зерттеу жүргізіп жатпастан, интернеттен ақпарат іздейді. Осындайда жалған ақпаратқа кез болса, оны шындық деп қабылдайды. Қытай жалған ақпарат тарату үшін ЖИ-ді пайдаланып, біздің шындыққа қол жеткізуімізге кедергі келтіріп отыр», — дейді құқық қорғаушы.
Олай болса, үшінші сұрақ
«Азаттық Азия» редакциясы экзистенциал сауал қойып, DeepSeek сервисінен не үшін құрылғанын сұрады. Бот пайдалы әрі анық деректер беріп, күрделі тақырыптарды түсіндіріп, оның шешімі мен идея ұсыну арқылы адамдардың өмірін жеңілдету әрі жайлы ету үшін құрылғанын айтты.