Бір айда 100 миллион теңге: қазақстандықтар әлі де телефон алаяқтарына сенеді
Батыс Қазақстан облысында тұрғындар телефон алаяқтарына сеніп, бір айда 100 миллион теңге жоғалтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлерін интернет-алаяқтық қылмыстарының азаймауы алаңдатады. Тек қаңтарда облыс тұрғындары алаяқтарға алданып, 100 миллион теңге көлеміндегі ақшасынан айырылған.
"Солардың бірі — Бәйтерек ауданында тұратын ерлі-зайыпты адамдар. Алаяқтар үш күн бойы жұптың сеніміне кіріп, соңында ер адамға әйел адам қоңырау шалып, табыс табу және қарыздарды төлеу бойынша көмек ұсынған. Алдымен олар 47 250 теңге аударуды сұраған. Үнемі бейнеқоңыраулар мен ақша аудару бойынша нұсқаулар нәтижесінде ерлі-зайыпты кредиттер алып, алаяқтардың есепшоттарына ақша аударған", - делінген хабарламада.
Шығын сомасы 9 миллион теңгеден асқан.
Тағы бір жағдайда зейнеткерлер компания қызметкерлері болып, қоңырау шалған алаяқтардың құрбаны болды.
"Қоңырау шалушылар олардың SIM-картасының жарамдылық мерзімі аяқталғанын айтып, оны ұзарту үшін Aitu_Pass қосымшасынан келген кодты айтуды сұраған. Осыдан кейін банк қызметкері болып өзін таныстырған алаяқ қоңырау шалып, зейнеткердің атына кредит рәсімделетінін хабарлаған. Нәтижесінде алаяқтар зейнеткерлердің депозиттеріне қол жеткізіп, 11 миллион теңгеден астам ақшаны иемденген".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!