Қазақстанда қылмыстық техниканы пайдаланған шетелдіктер ұсталды
Қазақстанда интернет-алаяқтар пайдаланған қылмыстық техникасы бар шетелдіктер ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Киберполиция қызметкерлері Көкшетау және Жезқазған қалаларының прокуратурасымен өзара іс-қимыл жасай отырып, заңсыз қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстанға келген екі жұмыссыз шетел азаматын ұстады.
"Екі қалада жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 128 слоттан тұратын екі sim-box құрылғысы, үш мыңға жуық sim-карта, роутерлер, маршрутизаторлар мен ұялы телефондар тәркіленді. Ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Ускембаев.
Жыл басынан бері алаяқтардың 10 ұяшығының қызметі тоқтатылды. 11 адам ұсталды, оның ішінде төртеуі шетелдік. 36 sim-box жабдығы, 8 мыңнан астам sim-карта, 11 компьютер, 452 usb-модем тәркіленді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!