Түркістанға ерекше мәртебе беріледі - Сенат заң жобасын мақұлдады
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Тиісті заң жобасын бүгін Сенат депутаттары мақұлдады.
Бүгін Сенатта Түркістанға қатысты екі заң жобасы қаралды: "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласының ерекше мәртебесі және шет елдегі мәдениет орталықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы".
"Қарастырылып отырған заңның мақсаты - Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді реттеу. ...Туризм саласын дамыту мақсатында Түркістан қаласының әкімдігіне кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша бірқатар құзыреттер беріледі, оның ішінде:
туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезінде;
жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша;
сыйымдылығы сегіз орыннан асатын көлік құралдарын сатып алу бойынша және т.б.
Бұл түзетулер туристік инфрақұрылым мен қызметтерді одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді сенатор Бауыржан Қаниев.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы құрылыс мәселесі талқыланды.
"Кесене айналасындағы құрылыстың бірыңғай стандарттарын және Түркістан қаласының аумағында сәулет пен қала құрылысының бірыңғай стилистикасын қамтамасыз ету үшін нормалар көзделген. Осылайша, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын әзірлеуге және бекітуге жауапты болады", - деді сенатор.
Одан бөлек Түркістан қаласының әкімдігіне барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткішті анықтау, зерделеу, сақтау, жергілікті жердің тарихи-сәулеттік тірек жоспарлары мен карта-схемаларын жасау бойынша құзыреттер берілмек.