Хакер балалар ауруханасының шотынан 350 миллион теңге ұрлаған
Жамбыл облысында ауруханадан 350 миллион теңге ұрлаған хакер ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Былтыр Жамбыл облыстық балалар ауруханасына хакерлік шабуыл жасалып, соның салдарынан оның есепшотынан 350 миллион теңге ұрланған болатын.
"Бұл оқиғаға байланысты полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен бұрын сотталған 33 жастағы ер адам ұсталды. Ұрланған 305 миллион теңге қаражат аурухана шотына қайтарылды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық істің материалдары қосымша тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілген. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!