Алматыда екі адам рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалды
Наурызбек Батырханов – Атырау облысының тумасы. Азаттыққа айтуынша, Алматыға денсаулығына байланысты келген. Сөзінше, Алматының орталық мешіті маңында 16 ақпанда митинг өтетіні туралы ақпаратты TikTok-тан көріп, сонда барған.
Руслан Кемелбаев есімді адамның 16 ақпанда Facebook-тегі жеке парақшасында жариялаған видеода мешіт маңында он шақты адам жиналғаны, Наурызбек Батырхановтың Қазақстан туын көтеріп тұрғаны көрінеді.
– Мен жұмыссыздықты жоюды, қымбатшылықты бақылауға алуды, мұнайлы өлкелерде өндірілген жер асты қазба байлықтарынан халыққа дивиденд беруді, бала жәрдемақысын көбейтуді, жалақыны барлық салада жүз есеге көбейтуді талап еттім. Кейін мешітте намаз оқып жатқан жерімнен полиция күштеп алып кетті, – деді Батырханов Азаттыққа.
Айтуынша, полиция онымен бірге Ақтөбе облысынан Алматыға келген Мәлік Қайыңбаевты да алып кеткен. Батырхановтың сөзінше, полиция соттан кейін олардың қолына телефон беріп, қамауға алынғанын жақын-жуығына айтуға рұқсат берген. Олар Азаттық тілшісіне сол кезде хабарласқан.
– Мен де қымбатшылық пен әлеуметтік жағдайды айттым. Ақтөбеде де мұнай кеніштері бар, дивиденд талап еттім, – деді Мәлік Қайыңбаев.
Екеуі де жұмыссыз екенін, Наурызбек Батырханов алты баласы барын айтты. Олар 16 ақпан түнде Алматының Медеу аудандық полиция басқармасында болған.
– Мұнда мүлдем жағдай жоқ. Ағаш орындықта таңды атырдық. Кеше су мен бәліш жегенбіз. Бүгін тамақ бермеді, – деді Батырханов.
17 ақпанда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық туралы мамандандырылған ауданаралық соты Батырханов пен Қайыңбаевты "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен 15 күнге қамаған. Істі судья Сәуле Спандиярова қараған, сот уақытша қамау изоляторынан онлайн өткен.
Азаттық Медеу аудандық полиция басқармасына хабарласты. Басқарманың кезекші бөліміндегі қызметкер берген бірнеше адамның телефон нөміріне қоңырау шалғанымызбен, ешқайсысы телефонды алмады. Сот қаулысы интернеттегі сот кабинетіне әзірге жарияланбаған.