Абай облысында үш баланың анасы босануға ауруханаға барып, сәбиімен қайтыс болған
Үш баланың анасы Гүлнар Беищанова босанатын уақыты жақындаған соң аудандық ауруханаға барған. Ол төртінші баласын күтіп жүрген. Алайда одан кейін не болғаны белгісіз. Туыстары әйелді тірі күйінде қайта көрмеген.
Енді марқұмның жақындары дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, науқас ауруханаға түскен кезде жағдайы жақсы болған, ешқандай қауіп белгілері болмаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Оқиғадан кейін ауруханаға комиссия барып, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды, ал оның орынбасарларын қызметінен босату ұсынылды. Сондай-ақ, оқиғаға қатысы бар дәрігерлер оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін жұмысынан уақытша шеттетілген.
"Өкінішке қарай, әйелді аман алып қалу мүмкін болмады. Босану кезінде асқынулар болды, қайтымсыз үдерістер жүрді. Қазір айта алмаймын, себебі қазіргі уақытта қылмыстық іс жүріп жатыр. Тергеу аясында ақпарат таратылмайды, бізге рұқсат жоқ. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққан соң ғана нақты диагноз және өлім себебі анықталады", – деді Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!