Қазақстанда Ораза басталды, ол 29 күнге созылады
Сенбі күні таңертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады.
"Бұл – халқымыздың рухани өмірінде айрықша маңызы бар кезең. Ораза кезінде сабырлылық пен қанағатшылдық, жанашырлық пен қамқорлық секілді ізгі құндылықтар ерекше дәріптеледі. Азаматтарымыз мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Мұның бәрі ислам дінінің гуманистік идеяларынан бастау алады" деп жазылған құттықтауда.
Онда биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отырғаны да айтылған.
"Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік!" деді президент.
Қазақстан мұсылмандары наурыздың 27-іне қараған түні Қадір түнін қарсы алады. 30 наурызда Ораза айт мейрамы басталып, үш күнге созылады.