LRT ісі: Ардан мен Сұлтанбековті іздестіру жұмыстары қай сатыда?
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданды іздестіру бойынша іс қай сатыда екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенат дәлізінде журналистер Бас прокуратура өкілінен LRT ісі бойынша тергеу барысы туралы сұрады. Соның ішінде іздеу жарияланғандар қайда екені сұралды.
"Бізде іздеудің бірнеше түрі бар. Біздің құқық қорғау органдары негізінен мемлекетішілік іздеумен айналысады. Ал Интерпол халықаралық іздеумен айналысады. Біз Интерполға тиісті тапсырма береміз, кейін олар айналысады.
Адамды экстрадициялау үшін Интерпол күдіктінің орналасқан жерін дәл анықтап, ол жүрген тараппен ұстау шараларын жүргізуі керек. Осыдан кейін тұтқындауды бастауға болады. Әзірге Интерпол тарапынан осы адамның орналасқан жері туралы нақты деректер немесе ұстау шараларын жүргізу туралы ақпарат болған жоқ", - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілі.
Айта кетейік, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 1959 күн бойы (5,3 жыл) іздеуде.
Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Ардан 2193 күннен бері (6 жыл) іздеуде.
Еске салайық, 2023 жылы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім жарияланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!