Петербургтен – Петропавлға. Ресей түрмесінде 7 жыл жатқан қазақстандық елге оралды
2018 жылдың қаңтар айында қамауға алынған кезде табысты программист Виктор Филинков 23 жаста болатын. Оны Санкт-Петербургтегі "Пулково" әуежайынан Киевке ұшқалы тұрған жерінен ұстады. ФСБ Филинковты "конституциялық құрылысты бұзу үшін" құрылған "Желі" террористік ұйымының бір мүшесі деп мәлімдеді. Орманға алып кетіп, бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, электрошокермен қинаса да, Филинков бәрібір "қажетті" жауапты айта қоймады.
"Желі" ісіне қатысы бар азаматтар "конституциялық құрылысты" қалай бұзбақ болғанын арнайы қызмет өкілдері түрлендіріп айтумен болды: бірде футболдан әлем чемпионаты кезінде террористік әрекет жасауды жоспарлады десе, тағы бірде сайлау кезінде теракт ұйымдастырмақ болған деді, тіпті Лениннің мавзолейін жарып жіберуді жоспарлаған деген де нұсқа болды.
"Желі" ісі бойынша Санкт-Петербург, Пенза, Мәскеу мен Беларусьтен барлығы 10 адам сотталды. Оның ішінде үшеуі ұзақ мерзімге кесілді. Ал Виктор Филинков солардың ішіндегі соңына дейін кінәсіз екенін табандап айтумен болған және соттан жеңілдік сұрамаған жалғыз адам.
"Желі" ісі неден басталды?
2017 жылдың қазан айында Пенза мемлекеттік университетінің студенті Егор Зорин қамауға алынды (одан есірткі табылды). "Желі" ісі осыдан басталды. Зорин жауап алу кезінде бірнеше танысының террористік ұйым құрғанын айтты. Тергеу изоляторында екі ай отырғаннан кейін оны үйқамаққа жіберді, ал бір жылдан кейін шартты жазамен құтылды. 2017 жылдың күзінде іске қатысы бар деген басқа азаматтар қамауға алынды. Ұсталғандардың айтуынша, оларды аяусыз азаптап, "Желі" террористік қауымдастығына қатысы бар екенін мойындайтын сөзді жаттауды талап еткен.
2018 жылдың қаңтар айында Санкт-Петербургте тағы үш адам қамауға алынды, арасында Виктор Филинков та бар. Олардың барлығы дерлік бастапқыда кінәсін мойындады да, артынан азаптау арқылы алынған жауаптан бас тартты. Қамауға алынғандардың барлығы страйкболмен (жеңіл пневматикалық қару қолданатын әскери-тактикалық ойын) айналысқан, айыптау жағы олардың жаттығуында "орманда тіршілік етуді және алғашқы медициналық көмек көрсетуді заңсыз меңгеру" белгісі бар деп тапты.
2020 жылы айыпталушыларды 6 жылдан 16 жылға дейінгі мерзімге соттады. 2020 жылдың шілде айында Филинков 7 жылға түрмеге қамалды.
"Қол берген жоқпын, кешіріміне де пысқырмадым"
Виктор Филинков "Желі" ісіне қудалауды күшейту, саяси іс бойынша түрмеде отырып шыққандарға "себепті не себепсіз" жаңа қылмыстық істерді таңу жол ашты деп санайды.
– Түрлі бап бойынша істі болғандардан айырмашылығым, мен кінәмді мойындаған жоқпын. Тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері келіп, қолымды алмақ болып, кешірім сұрады: жақсы жігітсің, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, жағдайың жаман болмайды, көп те отырмайсың дегенге келтірді. Қол берген жоқпын, кешіріміне де пысқырмадым. Маған бәрібір екенін, 15, 20 жыл берсе де, отыра беретінімді айттым. Содан кейін қорқыту басталды, түрмеде шірисің деді, қатты кетті.
Филинков тергеушілердің қайткенде де мойындатуға тырысуы – жұмысын жеңілдету әрі қара бастың қамы, яғни абыройын ойлау деп санайды. Виктор жалпы "Желі" ісін ФСБ-ның абырой-беделіне зор нұқсан келтірген сәтсіздік, "өте ұят іс" деп есептейді.
Тергеу ұсынған дәлелдерді айыпталушылардың қорғаушылары қолдан қиюластырған деп тапты, мұны әділет министрлігінің сараптамасы да растайды.
"Желі" ісінде бірнеше айыпталушыдан табылды дейтін қару бар, бірақ оның бірде-бірінде саусақ ізі жоқ.
"Келісімге барсам, абыройдан айырыламын"
Филинков жағдайының қаншалықты қиын екенін ормандағы азаптау кезінде де емес, тағайындалған адвокат келіп, тергеушінің айтқанын екі етпей орындауға кеңес бергенде түсінгенін айтады. Сонда шартты жазамен босап шығуға мүмкіндік бар депті.
– Сол кезде біткен жерім осы дедім. Оған дейін сәл де болса үміт болған, енді ұзақ уақыт отыратынымды түсіндім, мойынсұну керек болды. <…> Мойныма алатындай ештеңе болмаса да, кінәмізді мойындайтын болып келістік, – дейді ол.
Дегенмен Виктор кінәлі екенін мойындаудан бас тартты, ішкі түйсігі мұндай келісімге барған жағдайда жеке тұлға ретінде абыройдан айырылатынын ұғындырды.
– Кінәлі екенімді мойындап, жағдайымды жасағаннан әлдеқайда ауыр психологиялық соққы алар едім, одан гөрі бірнеше жыл түрмеде отырған жақсы, – дейді ол.
Азаптау мен арбау
Бастапқыда Филинковты да, саяси себеппен отырған басқа тұтқындарды да сәл шалыс басқаны үшін айып изоляторының мұздай жертөлесіне бірнеше тәулікке жіберіп отырыпты. Дұрыстап амандаспадың, қолыңды арқаңа қоймадың деген сияқты болымсыз себептерді желеу етіпті. Бірақ Виктор мен оның қорғаушысы Виталий Черкасов мұндай жөн-жосықсыз азаптау мен айыптауды жеңіп шығыпты.
– Қарсылық көрсету, заң талабы бұзылып отырғанын тіркеу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаландық, – дейді Филинковтың қорғаушысы, ал кейін әйелі болған Евгения Кулакова. – Виктор видеотіркеушінің нөмірін, қандай да бір қызметкердің нақты келген уақытын, аты-жөнін, шенін есінде сақтап қалатын болды. Онсыз шағымдану мүмкін емес. Егер Виктор бізге көмектеспесе, Виталий екеуіміздің шағымымызды дәлелдеу қиынға соғар еді. Мен болып жатқан жағдайды түгел тіркеп, соның әрқайсы бойынша шағымдандым. Ал Виталий жинақталған дәлелдемені өңдеп-жөндеп, сотқа беріп отырды. Ал ары қарай екеулеп кірісті: Виктор түрмеден видеобайланысқа шықса, Виталий Орынборға барып, сот отырысының көпшілігіне қатысты.
Энтузиазм деген жақсы, бірақ әрі-бері ұшу мен адвокаттың еңбегін төлеу керек. Евгения ол үшін халықтан ақша жинауға мәжбүр болды. Сотта жеңіп шыққаннан кейін Виктор Филинковты айып изоляторына отырғызбайтын болды.
Түрмеде неліктен соншама қысым көргенін Виктор осы күнге дейін түсінбейді. ФСБ өкілдері кінәсін мойындамағаны үшін кек сақтап қалып, қылмыстық атқару жүйесіндегілерден қинауды сұрады ма деген долбары ғана бар.
– Бір жарым жылдай айып изоляторы мен жалғыз адамдық камера іспетті орында отырып, сол күйі жауабын біле алмай кеттім, – дейді ол.
Сотта жеңіп шыққаннан кейін тұтқындар Филинковқа құрметпен қарап, оның пікіріне құлақ аса бастапты: түрлі мәселе бойынша түрме қызметкерлерімен келісімге келуге қол жеткізіпті, ал мұндай іс екінің бірінің қолынан келмейді.
Түрмеде Виктор тігін өндірісінде жұмыс істеген. Көп нәрсе үйретпесе де, талабы қиын, жұмыс уақыты да ретсіз екенін айтады.
– Қамшылау мен арбаудың нақ өзі, психологиялық жағынан қиын, шыдау да оңай емес, әсіресе түнгі ауысымда ауыр. Дегенмен, денсаулығымды одан да бұрын айып изоляторында құртып алған сияқтымын. Тамақ дегеннен быламық қана береді, ешқандай дәрумен жоқ, күні-түні жертөледе отырасың. Қайта біз отырған жер жөндеуден өткен болды, – деп еске алады Филинков.
"Бір-бірімізді жақсы көретінімізді түсіндік"
Виктор Филинковтың ісі бойынша сот процесі жүріп жатқанда құқық қорғаушы Евгения Кулакова онымен жиі кездесіп тұрды.
– Ұзақ уақыт хат жазысып тұрдық, одан кейін қолдауым болсын деп қысқа мерзімді кездесулерге барып жүрдім. Кейін сот маған адвокатпен бірге қоғамдық қорғаушы ретінде қатысуға мүмкіндік берді, сол кезде жиі-жиі кездесетін болдық, – деп еске алады Женя. – Бір-екі айдан кейін бір-бірімізді жақсы көретінімізді түсіндік. Бұл бір ойда жоқта болған жағдай. Кереметтей бақыт пен үлкен қиындық бір арнада тоғысқандай сезім болды, бірақ екеуі қатар жүретінін ұғындық.
Өткен қыста Виктор мен Евгений түрмеде үйленді.
– Айып изоляторына отырғызуды доғарған кезде ұзақ мерзімді кездесу құқығы берілді, біз сол үшін әрекет еттік. Мен әйелі болмағаннан кейін бізге ондай кездесуге рұқсат жоқ болды. Түрме бастығы неке куәлігі жоқ екеніне қарамай басқаларға рұқсат бергенімен, біздің кездесуімізге үзілді-кесілді қарсы болды. Сол үшін үйленейік деп шештік, – дейді Женя.
"Мен үшін де, ФСБ үшін де жеңіс емес"
Жеті жыл түрмеде отырған Виктор қалыпты тіршіліктен біршама шығып қалған, тез шаршайды.
– Шақшадай басым шарадай болды. Жұмыс шаш-етектен. Бір айға жоспар құру қиын, тіпті күндік шаруаны жоспарлай алмаймын. Әрі қарай не боларын білмеймін. Жұмыс дегенде... Үшінші разряды бар тігіншімін, бұл менің алғашқы кәсіби білімім.
Виктор түрмеге түскенге дейін программист болған, бірақ қазір бұл іспен айналысуға ниеті жоқ.
– Тігінші болу да, бизнесте программист болу да оңай емес: өнеркәсіп өндірісінде ұдайы бір тірлікті қайталаумен боласың әрі ол түк қызық емес. Бизнесте де сол, оларға жақсы өнім керек емес, жақсы көрінгені маңызды. Бұған қоса су тегін болса және айтқан сәтте дайын болып тұрса дейді. Психологиялық тұрғыда дайындық керек, өйткені ешқашан көңілімнен шықпайтын жұмыс, – дейді Филинков.
Оның үстіне, Виктор түрмеде отырған уақытта небір жаңалық болды, мәселен, жасанды интеллект пайда болды. Көп нәрсені басынан бастау керек. Виктор мен Женя қазір Петропавлда тұрады. Бұл Виктордың туып-өскен, балалық шағы өткен жері әрі көптеген туысы сонда. Пәтер жалдап тұрады, екі айға жететін ақшасы бар. Петропавлда пәтер жалдау ақысы қымбат екен, Петербургке пара-пар болып шықты.
Бостандыққа шыққанымен, Виктор мұны жеңіске баламайды.
– Мен мұны жеңіс деп санамаймын. ФСБ үшін де жеңіліс, – дейді ол.
Ал Женя басқаша ойлайды.
– Виктор қамауда отырғанда мен оны бостандыққа шығару үшін қолдан келгеннің бәрін істедім. Біздің қолымыздан келді деп ойлаймын. Түрмеден шыға салысымен Витя шекараға барды, бәрі сәтті болды, қазір екеуіміз Қазақстандамыз, – дейді ол.
Бірақ Женя Петербургті сағынады. Режим ауысса баруы мүмкін бе, жоқ па, әзірге айта алмайды.
– Питерді жанымдай жақсы көремін, Витямен бірге сонда тұрғым келеді. Қалада қыдырғанды, табиғатын жақсы көремін. Петропавлда да қыдырамыз, табиғат аясында демаламыз, мұнда да қызық. Айтпақшы, Петропавлды Питер деп те атайды. Әйтсе де, мен нағыз Питерді сағынамын. Бірақ Витяға 8 жылға дейін Ресей аумағына кіруге болмайды.
Виктор Филинков қамауда отырған жылдары қатаймағанын, керісінше, мінезі жұмсара түскенін айтады. "Өзімнің қатты босаңсығанымды төрт жыл бұрын сезіндім. Соңына дейін солай кетті. Қазір мен бәріне аяушылықпен қараймын", – дейді ол.