Қазақстанда ірі көлемдегі контрабанда схемалары әшкере болды: видео
"Тыйымға қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде металл сынықтарын дайын өнім мен шикізат түрінде көрсетіп, теңіз және темір жолдары арқылы заңсыз экспортты ұйымдастырған адамдар анықталды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері "жоғары легирленген болат" деген атпен көршілес мемлекетке теміржол арқылы қара металды жөнелтуді ұйымдастырған ЖШС-лердің бірінің басшысының заңсыз әрекетін тоқтатты. Тыйымды елемеген компания елден бір жарым мың тоннадан астам, жалпы құны 170 миллион теңгеден асатын металл сынықтарын әкеткен. Іздеу іс-шаралары барысында металл базасының аумағында салмағы мың тоннаға жуық қара металдың сынықтары, оның ішінде шетелге жөнелтуге дайындалған жеті вагон табылды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Осыған ұқсас схема Маңғыстау облысында жойылды. Онда компаниялардың бірі Каспий маңы елдеріне теңіз арқылы қара металл жөнелтумен айналысқан. Былтырдың өзінде бұл компания 400 тоннадан астам металды елден әкеткен. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында ЖШС аумағында салмағы 420 тоннадан асатын қара металдың сынықтары, оның ішінде көрші мемлекетке жөнелтуге дайындалған екі контейнер табылған.
"Қазіргі уақытта ІІМ ҰҚК-мен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, қара және түсті металл контрабандасына жол бермеу, сондай-ақ алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", - деді Қуандық Алпыс.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!