Құлсарыда тасқыннан зардап шеккендерге берілген үйлердің қабырғалары жарылып жатыр
Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы "Болашақ" ықшам ауданында жаңа үйлердің қабырғалары жарылып жатқаны айтылды. Бұл – былтыр көктемде су тасқыны кезінде зардап шеккендерге салынған үйлер.
Үйлердің қабырғасы жарылғаны туралы тұрғындар 11 наурызда шағымдана бастады. Құлсары тұрғыны Замира Алақаева үйінің қабырғасындағы жарықшаны 8 наурызда байқаған.
– Сол күні түстен кейін мердігер компанияға хабарластым. Олар мамандар келеді дегенімен, ешкім келмеді. Тек 9 наурыз, кешкі сағат 18:00-де әкімдікке өзім барып шағым айтқан соң ғана келді, – дейді Алақаева.
Былтырғы сәуірдегі тасқында Құлсарыдағы көпқабатты үйдің бірінші қабатына су кіріп, жертөлесіне су толған. Соның салдарынан Замира Алақаеваның пәтері көктеп, иістеніп, тұруға жарамсыз болып қалған. Әкімдік оған "Болашақ" ықшам ауданынан баспана беріп, 2024 жылы күзде үйге кірген еді.
Әсел Дүсіпқалиеваның үйінде де жарықтар 8 наурызда пайда болған. Ол үйі бір күні құлап, астында қаламыз ба деп қауіптенеді. "Күн сайын бір жарық пайда болады" дейді Әсел.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы "Болашақтағы" үйлердің қабырғасы жарылғанынан хабардар екенін және ықшам ауданда тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, жағдайды зерттеу үшін арнайы мамандар жіберілген.
– Бүгін орынбасарымды жіберіп, мәселемен толық танысып шықты. Қазір мердігер мекемелер де сол жерде. Алты үйдің қабырғасынан жарық байқалды. Алдын ала қорытындыға сәйкес, негізгі себеп – қардың шамадан тыс жаууы және септиктердің толып кетуі. Қар суы тазартылмағандықтан, іргетасқа сіңіп, үйлердің шөгуіне әсер еткен. Қазіргі уақытта техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Егер іргетасқа зақым келмесе, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бір апта ішінде қорытынды шығарып, жөндеуді бастаймыз, – деді ол 11 наурызда.
Жарықтар пайда болған үйлерді "Армандастар-Атырау" (бір үй) "Қазкомсервис" (бір үй), "АBC-Лимитед" (төрт үй) компаниялары салғаны айтылды.
- Осы үш компанияға қазір өз қаражаты есебінен үйлерді қалыпқа келтіру және техникалық зерттеу жүргізу туралы хат жолдап жатырмыз. Жөндеу қажет болса, кепілдік мерзімі бойынша жүзеге асыру туралы да хатқа жазып отырмыз, - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысы Құсайынов.
Атырау облысының Құлсары қаласы - былтыр су тасқыны кезінде қатты зардап шеккен өңірлердің бірі. 5 сәуірде қаланы су басып, үш мыңға жуық үйге залал келген. Су тасқынынан кейін баспанасыз қалған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі туындады. Әкімдік әр шаршы метрге 200-240 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуді ұсынса, тұрғындар бұл соманы аз санап, 400 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті.Бұған дейін "Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметі Құлсары қаласында 80 үйдің құрылысына 2 млрд 640 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Мұнда бір үйді салуға 31 млн 975 мың теңге болатыны айтылған.Тасқыннан кейін "Болашақ" ықшам ауданында 100 үй салынды. Әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр.