Шымкентте “Таза Қазақстан“ акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті
Іс-шараға Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері, коммуналдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлік субъектілері, еріктілер, аудан белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Абай ауданы аумағында тазалық жұмыстары "Шымисти" шағын ауданында жүргізілді. Әл-Фараби көшесі мен өзге де көшелерде жолдар, аяқжолдар, ирригациялық жүйелер тазартылып, шөптер орылды, газон қырқылып, өзге де санитарлық жұмыстар атқарылды. Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 34 тонна қоқыс шығарылды.
Әл-Фараби ауданында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөптер орылды және аумақтар қоқыстан тазартылды. Тазалық жұмыстарына 414 адам қатысып, 14 арнайы техника пайдаланылды. Жалпы, 32 тонна қоқыс шығарылып, полигонға жеткізілді.
Еңбекші ауданында жол жиектері тазаланып, қураған ағаштар мен бұтақтар кесілді, шөптер шабылып, аулалар мен қоғамдық аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізілді. Сенбілікке 1000-нан астам адам қатысып, 31 техника жұмылдырылды, 75 тонна қоқыс шығарылды.
Қаратау ауданында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмас Абаев қатысып, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа және өз ортасын таза ұстауға шақырды. Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен еріктілер бірлесе отырып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартты. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.
"Мұндай сенбіліктер қаланың көріктенуіне, қоршаған ортаның жақсаруына және ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге зор үлес қосатыны сөзсіз", - деді аудан әкімі Алмас Абаев.
Тұран ауданында тазалық жұмыстары бір мезетте бес аймақта өтті. Сенбілікке 20-дан астам арнайы техника мен жүздеген қала тұрғыны қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды тұрғындарға арнаған сөзінде қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті.
— "Тазалық – мәдениеттіліктің, ұқыптылықтың белгісі. Қоршаған ортаға құрмет өз үйіміздің ауласынан басталады. Бүгінгі сенбілік – табиғатқа жанашырлық танытудың бір көрінісі", — деді ол.
Сенбілікке қала тұрғындарымен бірге ақ жаулықты әжелер де қатысып, жастарға үлгі көрсетті. Олар табиғатты қорғау – келешек ұрпаққа қалатын аманат екенін айтып, мұндай шараларға барлық тұрғындардың атсалысуы маңызды екенін жеткізді.
Жалпы, қала тұрғындары "Таза Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын оң қабылдап, белсенді қолдау көрсетуде. Соңғы уақытта Шымкентте тазалық мәдениетіне деген ерекше көзқарас қалыптасып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігі артып келеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!